Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар жылы – жаңалықтар бастауы

Жастар жылы – жаңалықтар бастауы

Осындай тақырыпта Әйтеке би кен­тінде аудандық жас ұстаздар форумы өтті. Аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің «Серпін» жастар кеңесінің атқарған жұмыстарынан фотогалерия көрмесін таныстырудан басталған форум ерекше салтанатымен баурады.

Жас ұстаздарды құттықтай келген аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов: «Дана халқымыз «Бір күніңді ойласаң, ағаш ек, екі күніңді ойласаң үй сал, ал келешегіңді ойласаң, ұрпағыңды тәрбиеле» деп бекерге айтпаса керек.

Егемен елдің ертеңі, тәуелсіз елдің тұтқасын ұстар болашағымыз сіздер – өскелең ұрпақ, жас ұстаздар. Біз сіздерге қарап, алдағы күнімізді, келешегімізді бағамдаймыз, үміттенеміз. Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың Жарлығымен биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялау сіздерге артылған үлкен сенім, үкіленген үміт, жүктелген жауапкершілік», – дей келе, аудан көлеміндегі жас буынға көрсетіліп жатқан қамқорлықтарды тілге тиек етті.

«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, ауданымыздың көркеюіне бар күш жігерімізді жұмсауымыз керек» – деп сөзін аяқтаған Әлімжан Мұратбайұлы белсенділігімен көзге түскен бірқатар жас ұстазды аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Бұдан соң облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Райкүл Байназарова жастарға жылы лебізін білдіріп, бірнеше отбасыға Нұр-Сұлтан қаласына жолдама табыстады. «Серпін» жастар кеңесінің мүшесі, ұстаз әрі кәсіпкер, белсенді жас Жанат Ержігітова жетістікке жету жолындағы тәжірибесімен бөлісті.

Қазіргі аудан халқының 26,1 проценті, яғни, 19 806-ы жастар. Аудан мектептерінде 2387 мұғалім жұмыс жасаса, соның 511-і 29 жасқа дейінгі маман. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша білім саласынан 39 жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Биылғы жылы жергілікті бюджеттен мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға 5 млн 618 мың теңге бөлінген. Республикалық Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығын биыл да беруге аудан бюджетінен қаржы қаралған. Бұл мәліметтердің бәрі де форум аясында айтылып, жас толқынның келешекке деген сенімін нығайта түсті.

Алқалы жиын барысында Үндеу қабыл­данып, өнерпаз мұғалімдер көпшілікке концерттік бағдарлама ұсынды.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
30 сәуір 2019 ж. 2 275 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 67

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930