Мәслихаттар сайлауы
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыр жолы мен ел жолын жалғастырған

Жыр жолы мен ел жолын жалғастырған

Адам ғұмырының өлшемі маңдай тер, ерен еңбегімен еленеді. Алмагүл Қаржаубаеваның жүрген жолы тұтас бір дәуірдің тынысындай сан тарауға бөлініп, азаматтық ұстанымымен дараланап, әр саладан өз ізін қалдырады. Ол – өлеңімен жүрекке жол тапқан ақын, баспасөздің жүгін арқалаған журналист әрі редактор, ел ісіне араласқан мемлекеттік қызметкер, отбасының ұйытқысы болған ана. Алмагүл Шәріқызының жетпіс жылдық белесі – сандық тізбек емес, табандылық, жауапкершілік, өзіне жүктелген міндетке адалдық танытудың өнегесі.
Осындай өрнекті өмір иесі, қарымды қаламгер, Әлем халықтары Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазалы ауданының құрметті азаматы Алмагүл Шәріқызының мерейлі белесіне орай Қазалы қаласында «Жырмен өрілген ғұмыр» атты шығармашылық кеш ұйымдастырылып, руханият әлемі қадірлі қаламгердің азаматтық болмысы мен әдеби мұрасына тағзым етті.
Жетпіс жыл – бір пенденің өмір жолындағы қарапайым белес қана емес, тұтас бір дәуірдің тынысы мен куәсі. Көргені мен түйгені көбейіп, тағдырдың талай сынындағы кезеңдерден жүрекке түйген сырын сақтай білетін парасатты шақ. Ал ақын үшін жетпіс жыл – өлеңге айналған тағдыр, сөзге айналған сыр, кейінгі ұрпаққа қалдырар рухани қазынаның салмағын таразылайтын қасиетті кезең.
Кештің шымылдығы мазмұнды бейнекөрсетіліммен ашылды. Қазалы қалалық мәдениет үйі, Ғани Мұратбаев мемориалдық музейі және Қазалы аудандық әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен тағылымды басқосуға ақынның әріптестері, замандастары, зиялы қауым өкілдері мен өнерді жанына серік еткен қалың оқырман қауым жиналды.
Қазалы қалалық жастар ресурстық орталығының директоры, ақын Нұрболат Төлеш №266 мектеп-лицей директорының орынбасары, ақын-ұстаз Сағыныш Мұхитқызы мерейтой иесіне арнаған жүрекжарды жырларын оқып, ақжарма тілектерін жеткізді.
Алмагүл Шәріқызының өмір жолы ақындық пен азаматтық борыштың егіз өрілген. Ол мемлекеттік қызметтің абыройлы жүгін арқалай жүріп, қоғамдық жұмыстың да бел ортасында жүрді. Әсіресе, әйелдер қауымының рухани өміріне үлес қосып, ел ішіндегі мәдени-әлеуметтік бастамаларға дәнекер бола білді.
Қоғам қайраткері, еңбек ардагері Бибайша Тілеубергенова, Ғани Мұратбаев мемориалдық музейінің директоры Роза Асанова, білім беру ісінің үздігі, әйелдер кеңесінің құрылтай мүшесі Құралай Бекжановалар мерейтой иесінің қайраткерлік қырын, мемлекеттік қызметтегі іскерлігін тебірене еске алды. Қоғамға қызмет ету – тек билік пен лауазымның шеңберімен шектелмейтін ұғым екенін ұғындырып, халықтың мұңын жүрекпен түсініп, көптің сөзін сөйлей біліп, ортақ іске жанашырлық танытқан қыры туралы тарқатты. Мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін арқалай жүріп, поэзияның нәзік әлеміне уақыт табу – табандылықты, ішкі тәртіп пен үлкен мәдениетті қажет ететін қасиет екендігін жеткізді.
Кеш барысында кәсіпкер-ана Бибісара Әби, Қазалы қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірбек Исмайылов, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы», еңбек ардагері Телағыс Бұхарбаев А.Қаржаубаева редакторлығымен шыққан «Ару-ана» газетінің қоғам өміріндегі миссиясын сөз етіп, оның тек ақпарат тарататын құрал емес, аналар үнін, отбасылық құндылықтарды насихаттайтын рухани мінбер болғанын жеткізді.
Ақынның шығармашылық әлемінде өмірге деген шексіз сүйіспеншілік, адамға деген кіршіксіз құрмет, туған жерге деген перзенттік махаббатқа кеңістік мол. Оның жырларынан әйел тағдыры, ана махаббаты, адамгершілік асыл қасиеттер мен ұрпақ тәрбиесі лебі есіп тұрады. Өйткені ақын үшін бұл дүниедегі ең үлкен құндылық – Адам, оның тағдыры мен рухани әлемі.
Ардагер-ұстаз Қазыбай Саниязов өз сөзінде өлеңнің өміршеңдігі туралы терең толғанды. Сыр елінің топырағынан түлеп ұшқан ақын Дина Толымбаева жолдаған жыр-сәлемі де кештің әсерін еселей түсті.
Алмагүл Шәріқызының «Сыр самалы», «Қасиетті Қазалым – елім дегенім», «Жүректегі жауһарлар», «Көңіл көкжиегі», «Өлең деген жүректе көктемім бар» сынды жинақтары – қаламгерлік қолтаңбасының айғағы. Әрбір кітап атауының өзі ақынның туған жерге, өлеңге, өмірге деген асқақ көзқарасын айқын аңғартып тұр. Шығармашылық шараның ең бір әсерлі сәті – кештің тізгінін ұстаған Қазалы қалалық мәдениет үйінің басшысы Бауыржан Ізмағанбетов, жас буын мен ақын арасындағы сұрақ-жауап алаңы болды.
«Ақындық жолға келуіңізге не себеп? Алғашқы өлеңіңіз есіңізде ме?», «Өлеңнің тууына көбіне не әсер етеді: өмірлік оқиға ма, әлде көңіл күй ме?», «Әйел тағдыры, ана махаббаты, ұрпақ тәрбиесі тақырыптары жырларыңызда қалай көрініс табады?» деген сауалдар кеш иесінің шығармашылық әлеміне тереңірек үңілуге мүмкіндік берді.
Бағдарламада композитор Бектұрған Жібекәлі, аудан өнерпаздары Бақыткелді Нәдіров, Мұрат Әбілов ақын сөзіне жазылған әндерді шарықтата шырқады. Ғани Мұратбаев музейінің ғылыми қызметкері Ақерке Бердібай, М.Горький атындағы №16 мектеп-лицей ұстазы Гүлбарам Жауғашарова, Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің студенттері: Аманат Егеубай, Аяжан Саматқызы, №16 мектеп-лицей оқушысы Жанерке Орынбай жырларын жатқа оқып, ақынның шығармашылығына деген ықыластарын көрсетті.
Келушілер жыр жолы мен ел жолын тоғыстырған журналист-ақын шығармалары, өмірбаяны қамтылған көрмемен танысып, естелік кітапқа өз қолтаңбаларын қалдырды.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
21 қараша 2026 ж. 20 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30