«Серпін» серпілісі
Өткен жылдан бері Қазалы ауданы білім және ғылым қызметкерлері комитеті жанынан «Серпін» жастар кеңесі құрылып, жүйелі жұмыс жасап келеді. Мақсат-міндеттері айқындалған жастар кеңесінің блогері Райхан Пірімжаровамен әңгімелесіп, ұйымның жұмысымен таныстық.
– Райхан Жандосқызы, алдымен «Серпін» жастар кеңесі туралы айтып өтсеңіз. Қашан құрылды, оның құрамында қанша адам бар?
– «Серпін» жастар кеңесі 2017 жылғы 2 мау¬сымда Қазалы ауданында білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті жанынан, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің бастамасымен құрылды.
Жастар кеңесін құру барысында арнайы бағдарлама жасалды. Оның алғашқы отырысында ауданымыздағы барлық мектептер мен балабақшалардан және мектептен тыс мекемелерден келген бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары мен төрайымдары және жас мамандар дауыс беру арқылы кеңес мүшелері анықталды. «Серпін» жастар кеңесінің құрамы 12 адамнан құрылып, соның ішінен жастар кеңесінің төрағасы, орынбасары, хатшысы, әлеуметтік желілер мен баспасөз беттеріне атқарылған істер туралы кеңінен ақпараттар жариялап отыратын тілші белгіленді. Жастар кеңесінің төрағасына бірауыздан Талант Нұрмаханов, орынбасары болып Болатбек Нарегеев, ал, блогеріне мен сайландым.
Барша қатысушы қонақтар мен жастарға кеңестің жалпы ережесі таныстырылып, мақсаты мен міндеттері, кеңес жұмысының ұйымдастырылу бағыттары түсіндірілді. Сонымен қатар, «Серпін» жастар кеңесінің жылдық жоспары бекітілді.
– Жастар кеңесінің мақсат-міндеттері қандай? Нендей бағытта жұмыс жасайсыздар?
– Кеңестің негізгі мақсат-міндеті Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар сая¬сатын жүзеге асыру. Соның ішінде жас педагогтардың әлеуметтік-кәсіби бейімделу мәселелерін зерттеу, олардың шешу жолдарын айқындап, кәсіби, еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы аудандық жастар кеңесінің әрекетін үйлестіру. Сондай-ақ, жұмыс орнында тиісті жағдай жасау, кәсіби жағынан жоғарылауына, шығармашылық әлеуетінің жүзеге асуына, білім беру мекемесінде бейімделуіне шаралар қолданып, волонтерлік әрекетті қолдау болып табылады.
– Ұйым тарапынан жастардың өз мамандығына деген қызығушылығын арттыру жолындағы шаралар жөнінде білсек.
– Мұндай шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. «Алғашқы педагогикалық қадам - 2017» байқауында жас ұстаздардың кәсіби шеберлігі сынға салынды. Өз біліктіліктерін көрсеткен 33 жас маманға аудандық білім бөлімінің марапаттары мен бағалы сыйлықтары тапсырылды.
«Серпін» жастар кеңесінің белсенді мүшесі Жарқынай Бердалы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен өткен «Еңбек жолы» облыстық байқауында «Үздік жас маман – 2017» номинациясын иемденді.
Жастар кеңесі қоғамдық шараларға да үлкен белсенділікпен қатысады. Толығырақ айтатын болсам, қарттар күні, ұстаздар мерекесі ескерусіз қалған емес. Облыс және аудан әкімдерінің өкімдеріне сәйкес күзгі көркейту-көгалдандыру екі айлығы аясында ұйымдастырылған сенбілік шараларының да тұрақты өткізілуіне өз үлестерін қосты.
Сонымен қатар, аудан ұстаздары балаларының «Шағала» лагеріндегі жазғы демалысының көңілді өтуіне әрдайым атсалысып жүрміз. Онда сайыстар ұйымдастырып, бір күндік түрлі бағдарламалармен балалардың ерекше ықыласына бөлендік.
– Серпіндіктер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жүзеге асырудағы үлесі қандай?
– «Серпін» жастар кеңесінің мүшелері Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Өлкетану» жобасы аясында өңіріміздегі тарихы тасқа қашалып, әрбір ескерткіші көненің көзінен сыр шертетін Қорқыт ата, Қалжан Ахун мешіт-медресе, үш жүздің пірі Мүсірәлі Сопы Әзіз кесенелеріне барып, абыз-дана, батыр бабаларымыздың рухына тағзым етті. Сондай-ақ, ежелгі Оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкент шаһарына саяхат жасап, шаһар орнын өз көздерімен көрді.
Биылғы оқу жылы басталар шағында магистратура бітіріп келген жас мамандарға білім беру ісінің үздіктері, ардагер ұстаздарымыз «Еңбекте зор табысқа жетіп, биік белестерді бағындырсын, білім шыңына шықсын» деген ниетпен өз қолдарымен еңбек кітапшаларын табыстады.
«Серпін» жастар кеңесі Қызылорда қаласындағы «Рухани жаңғырудың жаршысы – жастар» атты облыстық жастар форумында көршілес аудан жастарымен тәжірибелерімен бөлісіп, басқалардың да жастар кеңесін құруына көмектерін көрсетті.
Ақпан айының басында серпіндік жастар Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына арналған кеңейтілген отырыс өткізді. Күн тәртібі бойынша отырыста Жолдауда айтылған латын әліпбиіне көшу, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын талқылау, «Серпін» жастар кеңесінің жылдық қорытынды есебі және алдағы жоспарды бекіту мәселелері қаралды.
№266 мектеп-лицей жас мамандары мен «Серпін» жастар кеңесінің ұйымдастыруымен «Жастар капиталы – жаңғыру негізі» тақырыбында аудандық семинар-тренинг өткізілді. Шараның мақсаты – Елбасы Жолдауы негізінде білім беру ісіндегі озық жүйемізді құруды жеделдету, ұстаздардың біліктілігін, шеберлігін сынау арқылы оларды іскерлікке, мәдениеттілікке, көшбасшылыққа деген қабілетін шыңдау болды.
Семинар-тренингке ауданның 80-ге жуық білім саласының жас мамандары қатысып, өз кәсіби шеберліктерін шыңдады.
Жастар – қай кезде де, қай қоғамда да аса белсенді күш бола білген. Қазақ халқы «Ақыл жастан, асыл тастан шығады» деп жастардың бойындағы бұлқынған қуатты саңлақ санамен саралай білген және өсіп-өркендеуіне баса мән берген. Бүгінгі Тәуелсіз елде жастардың жасампаздық рухы тасқындай түсуде. Жастар саясатын жүзеге асыруға біздің аудан да қызу қолдау білдіруде.– Әңгімеңізге рахмет! Жастар кеңесінің жұмысына сәттілік тілейміз.
Әңгімелескен,
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ.