Онлайн сауда: қолайлылық һәм қажеттілік
Фото: жасанды интеллектБұрын базардың іші құж-құж қайнап жататын. Ал қазір онда ағылатын жұрттың қатары сиреп, сауда жасау тәсілі де жаңаша сипат алған. Бұған, әрине, уақыт ағымы мен тұрмыс ырғағының өзгеруі әсер етуде. Күнделікті қарбаластан қолы босамайтын адамдар қажетті затын дүкен аралап жүріп іздегеннен гөрі, телефон арқылы тапсырыс беруді тиімді көреді. Бірер батырманы басып, тауарды үйіне дейін алдыруға мүмкіндік туған соң, онлайн саудаға бет бұрғандар да көбейді.
Сұраныс қайда ауысса, саудагер де сол бағытқа бейімделетіні белгілі. Базардағы саудасын бәсеңдетпеуді көздеген кәсіпкерлер әлеуметтік желі арқылы тауар ұсынып, тапсырыс қабылдауға көшті. Осылайша, бұрын сауда сөресінің басында жасалатын сауда бүгінде телефон экранына ойысты. Дегенмен мұның да өз машақаты бар. Экраннан көрген тауары көңілден шықпайтын, ақшасын аударып алып хабарсыз кететін сатушыларға тап болатындар да кездеседі. Ендеше, онлайн сауда дәстүрлі базардың орнын баса ала ма? Оның тиімділігі мен тәуекелі қандай? Тақырыпты тереңірек тарқатып көрдік.
Онлайн сауда несімен оңтайлы?
Уақыт – бүгінгі күннің ең қымбат өлшемі. Таңнан кешке дейін жұмыстан қолы босамайтын адам үшін дүкен аралап, қажетті затын іздеудің өзі біраз уақытты алады. Ал қазір сол шаруаның көбін үйден шықпай-ақ, телефонның бірер батырмасын басу арқылы тындыруға болады. Қажетті тауарды таңдап, тапсырыс бересіз, қалғанын жеткізу қызметі атқарады. Онлайн сауданың осындай қолайлылығы оны күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдырды.
Расында, интернет-дүкеннің есігі тәулік бойы ашық. Бірнеше сауда алаңын аралап, тауардың бағасы мен сапасын салыстыруға, өзге тұтынушылардың пікірін оқуға мүмкіндік мол. Киім-кешек, тұрмыстық бұйым, техника, тіпті азық-түлікке дейін үйге жеткізіледі. Әсіресе жұмыстан қолы тимейтін немесе қажетті заты жергілікті дүкендерде табыла бермейтін жандар үшін бұл – үлкен жеңілдік.
– Онлайн саудаға жиі жүгінемін. Әзірге алған заттарымның сапасына көңілім толады. Тапсырыс бермес бұрын міндетті түрде басқа сатып алушылардың пікірін оқимын. Суретіне ғана қарап шешім қабылдамаймын. Пікірлер көңілімнен шықса, содан кейін тапсырыс беремін, – дейді кент тұрғыны Қазбек Сәрсенов.
Тұтынушының сөзіне сенсек, онлайн саудада асығыстықтан гөрі, таңдау талғамы маңызды. Өйткені экраннан көрінген тауардың шынайы сапасы әрдайым бірдей бола бермейді. Мұны ескерген жөн. Тапсырыс бермес бұрын заттың сипаттамасын, көлемі мен түсін, жеткізу мерзімі және қайтару шарттарын мұқият қараған артықтық етпейді.
– Онлайн сауданың ең ұтымды тұсы – уақыт үнемдейсің. Қала аралап, дүкен жағалап жүрмейсің. Ұнаған затыңды тапсырыс беріп, үйіңе дейін алдырта аласың. Бағасын да салыстырып, қалтаңа қарай таңдау жасауға болады, – дейді Әсем Жеңісбек есімді тұрғын.
Қалай десек те, онлайн сауда – уақыт талабынан туындаған тиімді мүмкіндік. Ол дәстүрлі сауданың орнын толық алмастырмаса да, күнделікті тұрмысты жеңілдетіп, тұтынушыға таңдау еркіндігін беріп отыр. Ең бастысы, бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, әр сатып алуға жауапкершілікпен қарау қажет. Өйткені ұтымды сауда жасау тек арзан тауар табу емес, қажетті дүниені сапасына, бағасына және сенімділігіне қарай дұрыс таңдай білу.
Сан соққандар баршылық
«Таяқтың екі ұшы бар» демекші, кез келген нәрсенің артықшылығымен қатар, кемшін тұсы да болатыны заңдылық. Тұтынушылар үшін қолайлы әрі уақыт үнемдеудің тиімді жолына айналған онлайн сауданың да өзіндік олқылықтары жоқ емес. Соның салдарынан жалған жарнамаға алданып, сапасыз тауарға тап болғандар да, ақшасынан қағылғандар да аз емес.
Онлайн саудадағы өзекті мәселелердің бірі – сатып алушы мен сатушы арасындағы жауапкершіліктің сақталмауы. Тапсырыс берген тауар көңілден шықпаған жағдайда оны кері қайтару немесе ақшасын өндіріп алу оңайға соқпайды. Бұған Мейрамкүл Жанарысқызының басынан өткен жағдай дәлел. Денсаулығына байланысты базар аралау қолайсыздық туғызатындықтан, ол қажетті заттарын көбіне интернет арқылы сатып алады. Алайда бұл жолы алған тауары көңілінен шықпаған. Құны 40 мың теңгеден асатын көйлектің жыртық екенін байқаған ол сатушыға шағымданғанымен, ешқандай жауап ала алмапты.
– Қазір интернеттен сауда жасауға үйреніп қалдық қой. Бірақ тауардың сапасын алдын ала тексере алмайтының қиын екен. Көйлекті алған кезде ғана кемшілігін байқадым. Сатушыға хабарласқанымда, мәселені шешуге құлық танытпады. Бірақ мұны жауапсыз қалдырғым келмеді. Тұтынушылар құқығын қорғау ұйымына жүгініп, жағдайды түсіндірдім. Мамандар мәселенің мән-жайын анықтап, оны шешуге көмектесті. Өз құқығымды білгенімнің арқасында тиісті әрекет жасап, нәтижесіне қол жеткіздім, – дейді Мейрамкүл.
Ресми деректерге сүйенсек, тұтынушылар құқығын қорғау ұйымына жыл сайын 40 мыңнан астам өтініш түседі екен. Оның басым бөлігі интернет-дүкендердің қызметі мен тауар сапасына қатысты. Бұл онлайн сауданың өркендеуімен бірге тұтынушылардың шағымы да көбейіп келе жатқанын аңғартады.
Дегенмен, интернет саудадағы түйткіл тек сапасыз тауар мен тиімсіз қызметке байланысты емес. Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде жалған жарнама арқылы жұртты алдап, арзан бағаға қызықтыратын алаяқтар да аз емес. Соның кесірінен кәсібін кеңейтуді көздегендер де, күнделікті қажеттілігі үшін сауда жасайтындар да қаражатын қайтарып ала алмай, сан соғып жатады. Әсіресе сатушының шынайылығын тексермей, көздің жауын алған ұсынысқа алданып, алдын ала төлем жасау қауіпті. Айжан есімді келіншектің оқиғасы – осының бір мысалы.
Ол Қытайдан тікелей арзан әрі сапалы киім жеткізіп беремін деген кәсіпкердің ұсынысына қызығады. Тапсырысты рәсімдеу үшін сатушы банк картасының нөмірін сұраған. Алайда көп ұзамай келіншектің картасындағы қаражат қолды болып, тиімді сауда жасамақ болған ойы өкінішке ұласқан.
Мұндай оқиғалардан кейін интернеттегі кез келген ұсынысқа күмәнмен қараудың өзі артық емес. Әсіресе нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан тауар ұсынып, асығыс шешім қабылдауға итермелейтін сатушыларға сақ болған жөн. Банк картасының құпия деректерін бөгде адамға бермеу, белгісіз сілтемелерге өтпеу, сатушының сенімділігін алдын ала тексеру – қаражатты қорғаудың қарапайым жолдары.
Сайып келгенде, интернет саудадан бас тарту емес, оны сауатты пайдалану маңызды. Қолайлылыққа қызығып, қауіпсіздікті естен шығармаған адам ғана ұтымды сауда жасай алады. Өйткені бір сәттік сенімнің соңы бармақ тістетпесіне ешкім кепіл емес.
Сақтық – сенімді қорған
Иә, мұндай жағдайда, ең алдымен, тұтынушылардың құқығын қорғау ұйымына жүгініп, болған жайтты баяндаған жөн. Сонымен қатар сатушымен арадағы хат-хабарды, төлем түбіртегін және тапсырысқа қатысты өзге де мәліметтерді өшірмей сақтау қажет. Өйткені дау туындаған жағдайда бұлар онлайн сауда жасалғанын дәлелдейтін негізгі айғақ бола алады.
Ал мұндай келеңсіздікке тап болмас үшін интернет арқылы сауда жасамас бұрын сатушының сенімділігіне көз жеткізген абзал. Осы ретте тұтынушылардың құқығын қорғау ұйымы бірнеше маңызды кеңес ұсынады.
Мәселен, тауар сатып алатын маркетплейс немесе интернет-дүкен туралы ақпаратты алдын ала тексеру қажет. Сатушының нақты мекенжайы мен байланыс деректері көрсетілуі тиіс. Бұл тауарды қайтару немесе құқықты қорғау үшін сотқа жүгіну қажет болған жағдайда маңызды. Сондай-ақ дүкеннің әлеуметтік желідегі парақшаларына назар аударып, тұтынушылар қалдырған пікірлерді оқып шыққан жөн. Алайда жазылушылар санының көптігіне ғана сүйенбей, пікірлердің шынайылығын да бағамдау керек.
Азаматтардың заңдық сауатының төмендігін пайдаланып, пайда табуды көздейтіндер де аз емес. Сондықтан заңгерлер онлайн саудада кез келген ұсынысқа сене бермей, тауар мен сатушы туралы ақпаратты мұқият тексеруге кеңес береді.
– Интернет арқылы сауда жасағанда асығыстыққа жол бермеу керек. Әсіресе, тауардың суретіне қызығып, сатушының кім екеніне мән бермей тапсырыс беру қауіпті. Кей жағдайда алаяқтар сатып алушының сеніміне кіру үшін жалған парақшалар ашып, түрлі жеңілдіктер мен тиімді ұсыныстарды алға тартады. Сондықтан төлем жасамас бұрын сатушының деректерін тексеріп, тауардың қайдан жеткізілетінін, қандай жағдайда қайтаруға болатынын анықтап алған жөн. Ең бастысы, күмән тудырған ұсыныстан бас тарта білген дұрыс, – дейді мамандар.
Көрсеткіштер көңіл қуантады
Сауда-саттықтың бұрынғы дағдысы біртіндеп өзгеріп, күнделікті тіршілігімізге цифрлық мүмкіндіктер енгелі соңғы жылдары бұл саладағы көрсеткіш серпін алған. Ресми деректерге сенсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы бөлшек электронды сауда көлемі 3,8 триллион теңгеге жеткен. Бұл – жалпы бөлшек сауда айналымының 14,3 пайызы. Бір жылда онлайн сатылым 19,4 пайызға өсіп, 2022 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық ұлғайған. Ал кейінгі үш жылдағы орташа жылдық өсім 24,3 пайызды құрайды. Демек, интернет арқылы сауда жасау көпшілік үшін күнделікті әдетке айналып қана қоймай, ел экономикасындағы үлесін арттыруда.
Электронды сауданың осылайша қанат жаюына маркетплейстердің ықпалы ерекше. Бүгінде сатып алушы іздеген затын бір платформадан тауып, бағасын салыстырып, тапсырысын бірнеше минутта рәсімдей алады. Ал сатушы үшін мұндай алаңдар өнімін кең жұртшылыққа ұсынудың қолжетімді жолын қалыптастырды. 2025 жылы Қазақстандағы электронды бөлшек сауданың 86 пайызы маркетплейстер арқылы жүзеге асқан. Қалған 14 пайызы кәсіпорындардың жеке интернет-дүкендері мен ресми сайттарына тиесілі. Ал 2022 жылы маркетплейстердің үлесі 57 пайыз болған.
Мұның сыры да түсінікті. Бұрын кәсіпкер өз өнімін көпшілікке таныту үшін біраз шаруаға қатар үлгеруі керек еді. Сауда орнын ашу, интернет-дүкен құру, төлем қабылдау жүйесін реттеу, жарнама жасау, тауарды тұтынушыға жеткізу – мұның әрқайсысы жеке қаражат пен еңбекті талап ететін. Әсіресе, кәсібін енді бастаған немесе мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер үшін мұндай шығынның салмағы аз емес. Ал маркетплейстер осы міндеттердің біразын бір арнаға тоғыстырып, саудаға араласудың жолын жеңілдетті. Кәсіпкер өз өнімін платформаға орналастыру арқылы бұрын қолы жете бермейтін тұтынушыларға да ұсына алады.
Сөйтіп, сауда алаңының ауқымы дүкеннің есігінен әлдеқайда кеңейді. Енді кәсіпкердің тұтынушыға жетуі үшін міндетті түрде үлкен сауда орны немесе қымбат жарнама қажет емес. Ең бастысы, сапалы өнім мен сенімді қызмет. Осылайша, маркетплейстер сауда жасаудың жаңа тәсілі ғана емес, шағын кәсіптің де өрісін кеңейткен мүмкіндік болып отыр.
Смартфон саудаға серпін берді
2026 жыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында цифрлық экономиканы дамытуға, азаматтардың жаңа технологияларды тиімді пайдалану мүмкіндігін кеңейтуге айрықша тоқталған болатын.
«Бүгінде кез келген азамат бірнеше минутта банк шотын ашып, бөліп төлеуді рәсімдеп немесе үйден шықпай тауар сатып ала алады. Келесі кезеңде цифрландыру қызметке қолжетімділікті қамтамасыз етуден жеке мүмкіндіктерді кеңейтуге көшуі керек. Біздің мақсатымыз – шынымен халықтық цифрлық экономика құру. Ауылда немесе қалада тұратынына қарамастан, азаматтарымыз смартфонды заңды табыс табудың құралы ретінде пайдалануды үйренуі керек», – деді Президент.
Расында, қазір смартфонның мүмкіндігі мол. Бұрын ауылдағы кәсіпкер өз өнімін өткізу үшін жергілікті нарыққа ғана арқа сүйесе, бүгінде интернет арқылы тұтынушылар аясын кеңейтуге мүмкіндік бар. Осылайша, шағын кәсіп иелері де өз өнімін елдің әр түкпіріне ұсынып, кәсібін өркендете алады. Демек, смартфон күнделікті қажеттілікті өтеудің құралы ғана емес, жаңа кәсіп бастауға, өнімін танытуға және табыс табуға жол ашатын цифрлық алаңға айналып келеді.
Дегенмен, технологияның игілігін көру үшін оны сауатты пайдаланудың да маңызы зор. Онлайн сауда қаншалықты қолайлы болғанымен, оның жауапкершілік пен сақтықты қажет ететін тұстары аз емес. Тауардың сапасын алдын ала көріп, қолмен ұстап тексере алмау, сатушы туралы ақпараттың жеткіліксіздігі, жалған жарнама мен интернет алаяқтарының әрекеті – тұтынушылар жиі кезігетін тәуекелдер. Сондықтан цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қаржылық және тұтынушылық сауаттылықпен қатар жүруі тиіс.
Президент тапсырмасына сәйкес, келер жылы бірқатар өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге тауарларын маркетплейстер арқылы сатуға көмектесетін пилоттық жобалар іске қосу көзделіп отыр. Сонымен қатар Үкіметке 2026 жылдың соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін әзірлеу міндеті жүктелді.
Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, соңғы бес жылда еліміздегі электронды сауданың көлемі шамамен сегіз есе өсіп, 3,7 триллион теңгеге жеткен. Бұл – бөлшек сауда нарығының шамамен 15 пайызы. Мұндай көрсеткіш онлайн сауданың экономикадағы орны нығайып, күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғанын аңғартып отыр.
Әйтсе де сауда көлемінің артуымен қатар, оның қауіпсіздігіне де баса назар аударған жөн. Өйткені цифрлық сауданың болашағы тек технологияның дамуымен емес, сатушы мен сатып алушы арасындағы сенімге, заң талаптарының сақталуына және тұтынушылардың сауаттылығына да байланысты.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














