Киберспорт қайда апарады?
Сараптама
Заман ағымына сай дамып келе жатқан салалардың бірі – компьютерлік спорт немесе киберспорт бүгінде жай ғана бос уақытта ойналатын ойын емес, бүкіл әлемді жайлаған үлкен экономикалық индустрияға айналды. Миллиондаған аудиториясы, жаһандық турнирлері мен кәсіби командалары бар бұл бағыт қазір дәстүрлі спорт түрлерімен бәсекелесе алатындай деңгейге көтерілді. Қазақстанда киберспорт қарқынды дамып келеді. 2018 жылдан бері Қазақстан аумағында 140-тан астам киберспорт турнирі ұйымдастырылған. Оған 40 мыңнан аса адам қатысты. 2026 жылы «Болашақ ойындарын» ұйымдастырушы ел – Қазақстан болды. Ойынды 250 миллионнан астам адам тамашалады.
Фото ашық дереккөзденҚазақстанда киберспорт ресми спорт түрі ретінде мойындалып, бұл бағыттың тамыры тереңдеп келеді. Ел аумағында түрлі деңгейдегі чемпионаттар ұйымдастырылып, отандық командалар мен ойыншылар халықаралық ареналарда топ жарып жүр. Астана мен басқа да ірі қалалар әлемдік деңгейдегі турнирлердің орталығына айналып, жас талапкерлерге үлкен мүмкіндіктер ашылуда. Бұл үрдіс тек мегаполистермен шектеліп қалмай, Қызылорда сияқты өңірлерде де қарқын алуда. Облыс орталығында заманауи компьютерлік клубтар мен арнайы алаңдар ашылып, жергілікті жастар түрлі дисциплиналар бойынша өз бақтарын сынап жүр. Олардың арасында Counter-Strike, Dota 2 немесе PUBG Mobile сияқты танымал ойындар бойынша команда құрып, республикалық және онлайн турнирлерге қатысатындар қатары артып келеді.
Көпшілік киберспортты тек экран алдында уақыт өткізу деп қабылдағанымен, бұл сала үлкен дайындықты, зейінді және төзімділікті талап етеді. Ойын барысында секунд сайын дұрыс шешім қабылдау, логикалық ойлау, стратегия құру және командамен үйлесімді жұмыс істеу басты рөл атқарады. Сонымен қатар бұл индустрия тек ойыншылармен шектелмейді. Қазіргі таңда киберспорт арқылы стримерлер, комментаторлар, аналитиктер, менеджерлер және IT саласының мамандары қалыптасып жатыр, бұл жастар үшін жаңа жұмыс орындары мен табыс көзін ашып отыр.
Цифрлық дәуірдің ажырамас бөлігіне айналған киберспорт жастардың жаһандық деңгейде танылуына және өз қабілетін шыңдауына жол ашатын заманауи бағыт болып отыр.
САУСАҚПЕН КЕЛГЕН ТАБЫС
Компьютер дегеннің біздің ауылға енді келген кезі. Ағаммен жағаласа отырып сол кездегі «хит» болған «Counter Strike 1.6» ойынын жарысып ойнаймыз. Серверге кіріп, жаңа адамдарымен араласамыз. Екі топқа бөлініп сайыс ұйымдастырамыз. Күні-түні ұйықтамай, ақыры сабақтан да кешеуілдеу байқалды. Ойынның адамды қызықтырып, өзіне тартатыны психикалық ауытқуға әкеледі екен. Дер кезінде компьютерден бас тартып, жан-жағыма қарай бастадым. Мұнан алған «минус» – босқа өткен уақытыммен қоса көз жанарымның дұрыс көрмеуі болса, оң әсері – бүгінде киберспорт елдегі спорт қатарына енді. Жалпы киберспорт деген не?
Анау бір жылдары компьютер ойынынан бас алмай, күні-түні қозғалмай отырып ойнаған жап-жас жігіт қайтыс болып еді. Мұндай жағдай бірнеше рет тіркелді емес пе? Тіпті, ойын үшін өз әке-шешесін өлтіруге дайын тұратын балаларды көріп жағамызды ұстайтынбыз. Бірақ, бұрын босқа уақыт өткізген ойындар бүгінде ақша көзіне айналды. Киберспорттың бізге келгеніне де көп болған жоқ. Алайда, түрлі сайыс ұйымдастырылып, қазақ ойыншылары шетелден көрініп жүр. Орын алған әр командаға, жеке ойыншыға қаржылай сыйлық беріледі.
Киберспорт – компьютер ойындары арқылы өткізілетін топтық жарыс түрі. Оның тарихы 1997 жылы CPL-ның (The Cyberathlete Professional League) құрылуынан және Quake атты компьютер ойынынан турнир өткізуінен бастау алды. Жастар арасында кеңінен танылған «Dota 2», «Counter Strike GO», «Star Craft», «FIFA», «Mortal Kombat X», «Warface» секілді ойындар бүгінде киберспортта ойнатылады.
Жалпы, бұл ойын дүниежүзінде қарқынды дамып келе жатқан спорт түріне жатады. Ресей, Корея, Қытай секілді мемлекеттерде киберспортсмендерді оқытып шығаратын кафедралар ашылған. Мұнда студенттерді қабылдап, ойынға машықтандырады.
ЧЕМПИОНДАР БІЗДЕ ДЕ БАР
Біздікілер де озық технологиядан қалыс қалмауда. Киберспорт жанашырларының құрған «Qazaq Cybersport Federation» республикалық қоғамдық бірлестігі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тарапынан қолдау мен ықыласқа бөленген болатын. Қазақстанда бұл спорт түрі ресмиленіп, талай жас компьютер додасында топ жарып жүр. Мәселен, тарихта алғаш рет қазақ командасы жаһандық киберспорт ойындарында жеңіске жетті. Қазақ еліне жеңіс әкелген ақырғы жекпе-жектің трансляциясын ғаламтор бойынша бүкіл әлемнің әр атырабынан бір мезгілде 1 миллион 864 мың 604 көрермен тамашалаған екен.
Қазақстандық Counter Strike ойыншылары тұңғыш рет әлемдегі беделді әрі «ежелгі» турнир «PGL Major Krakow» чемпионатының жеңімпаздары атанды. Бұл ретте, жаһандық жекпе-жекті дүниежүзіне таратқан HLTV шетелдік порталы мэйджордың ең құнды ойыншысы деп «AdreN» лақап атымен танылған Дәурен Қыстаубаевты таныды. Отандық Gambit Esports командасы финалда бразилиялық жаһанға танымал Immortals («өлмейтіндер») ұжымын 2:1 есебімен ұтып, 500 мың доллар көлеміндегі бас жүлдені қанжығалады. Сондай-ақ, Халықаралық олимпиада комитеті киберспортты олимпиадалық спорт түрі ретінде тану мәселесін қарауға алған. Сарапшылардың мәліметі бойынша, 2017 жылы киберспорт нарығының айналымы 655 миллион доллар болған, ал 2021 жылы оның айналымы 1,6 миллиард доллардан асады деген үміт бар.
ФЕДЕРАЦИЯ ҚЫЗМЕТІ ҚАНДАЙ?
Qazaq Сybersport Federation республикалық қоғамдық бірлестігі (РҚБ) 2017 жылы киберспортшылар, қоғам және мемлекет мүддесі үшін осы саланы жүйелі және ұзақ мерзімді дамыту мақсатын қойған кәсіпқойлар мен киберспорт әуесқойларының бастамашыл тобымен құрылды. Qazaq Cybersport Federation дайындаған өтініш пен материалдар негізінде 2018 жылы киберспорт спорт түрлерінің тізіліміне енгізіліп, Қазақстанда ресми мәртебеге ие болды.
2020 жылы Qazaq Сybersport Federation РҚБ ресми аккредиттелген республикалық спорт федерациясы мәртебесін алды.Сол кезден бастап Qazaq Cybersport Federation Азияның Олимпиадалық кеңесі мойындаған Азия Киберспорт Федерациясында (AESF – Asian Esports Federation) Қазақстанның мүдделерін толыққанды мүше ретінде білдіреді. 2020 жылдың наурыз айында Qazaq Cybersport Federation Esports Federation (IeSF) – Халықаралық Киберспорт Федерациясының 57-ші мүшесі болды. Бұл Қазақстанға IeSF қамқорлығымен ел аумағында халықаралық турнирлер мен ұлттық іріктеу ойындарын өткізуге, сондай-ақ киберспорт саласындағы өзекті мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға қатысуға мүмкіндік берді. Сол жылдың мамыр айынан бастап Федерация GEF (Global Esports Federation) халықаралық ұйымына мүше болды, ол барлық спорттық ұйымдарды біріктіреді және олимпиадалық пәндер қатарында киберспортты ілгерілетуді жақтайды.2020 жылғы 28 қыркүйекте Қазақстанның Киберспорт Федерациясы Ұлттық Олимпиада комитетінің тану сертификатын алды.
2022 жылғы 11 наурызда Федерация ABC Design компаниясымен демеушілік қолдау туралы келісімшарт жасасты, оның шеңберінде бірнеше жобаларды, соның ішінде Қазақстандағы киберспорт командаларының жедел дамуын іске асырды.2022 жылдың 19 мамырында Qazaq CyberSport Federation KFC-мен демеушілік туралы серіктестік келісімшартқа отырды. KFC компаниясы Көктемгі кубоктың демеушісі болып табылады.
2023 жылғы наурызда Qazaq Cybersport Federation 2024-2026 жылдары Алматыда Халықаралық киберспорт Федерациясының (IESF) қолдауымен киберспорттан әлем чемпионатын өткізуге өтінім берді.
2023-2025 жылдары Федерация киберспорт бойынша Қазақстан Республикасының Кубогы мен Qazaqstan Qyzmet Cyber Cup қоса алғанда, ұлттық және корпоративтік турнирлерді өткізуді, сондай-ақ киберспорт академиялары мен студенттер лигалары сынды білім беру бастамаларын дамытуды жалғастырды.
2025 жылы онлайн және офлайн ойыншыларды даярлау форматтарын біріктіретін гибридті киберспорт академиясының іске қосылуы жарияланды.
2026 жылы Федерация Esports Nations Cup халықаралық турнирінің ұлттық құрамасының (National Team Partner) серіктесі мәртебесін алды.
ТҮЙІН:
Қазір не көп? Қалада болсын, ауылда болсын компьютерлік клубтар, яғни PS4 орталығы, новигаторлар көп. Ал, оған келген жастардың саны шексіз. Демалыста уақытын ойынмен өткізгісі келетіндерге мұнда 24 сағат бойы есік ашық. Иә, қалауын тапса, киберспортты кәсіпке, бизнес көзіне айналдыруға да болады. Енді компьютерлік ойындарға еліккен балалардың «кумирі» де табылды. Тек әлгіндегідей өз өміріне зиянын тигізіп алмаса болғаны.
Айнұр ӘЛИ













