Саулықтың бастауы – саналы сақтықта
Салқын мезгіл басталысымен, өңірімізде тұмау мен ЖРВИ – жіті респираторлық вирустық инфекциялар таралу қаупі өзекті бола түседі. Көшеде немесе қоғамдық орындарда мұрны бітеліп, тамағы қарлыққан, мазасыздана жөтелген адамдарды жиі кездестіреміз. Көпшілік мұндай алғашқы белгілерге салғырт қарап, «өткінші суық тию ғой» деп күнделікті тіршілігін жалғастыра береді. Алайда бұл жауапсыздық вирустың лезде таралып, айналадағы өзге жандарға да жұғуына тікелей жол ашады.Осы орайда қарапайым көрінетін сырқаттың асқыну қаупін болдырмау, одан қалай тиімді қорғану керектігін түсіндіру мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Ұлттық сараптама орталығы Қызылорда облысы бойынша филиалы Қазалы аудандық бөлімшесі санитариялық-эпидемиологиялық қызмет дәрігері Гүлназ Сүгіровамен сұхбаттасқан едік.
ТҰМАУ МЕН ЖРВИ: АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ МЕН ҰҚСАСТЫҒЫ
– Гүлназ Байзаққызы, алдымен тұмау мен ЖРВИ ұғымдарының өзара айырмашылығына кеңірек тоқталсақ. Халық бұларды бір ұғым ретінде жиі шатастырып жатады...
– Шын мәнінде, бұл екеуі де адамның тыныс алу жолдарын зақымдайтын вирустық сипаттағы сырқаттар тобына кіреді. Алайда олардың түпкі тамыры мен қоздырғыштары мүлде бөлек. Мысалы, тұмауды тек арнайы тұмау вирустары ғана тудырса, ЖРВИ-ге басқа да сан алуан вирустар себепші болады.
Ең басты айырмашылығы – тұмау әдетте кенеттен басталып, адамның жағдайын бірден күрт нашарлатады. Науқастың дене қызуы лезде шарықтап, басы қатты ауырады, барлық бұлшықеттері сырқырап, бойын әлсіздік билейді. Сонымен қатар мазалайтын құрғақ жөтел де қатар жүреді. Ал басқа респираторлық инфекциялар көбіне біртіндеп, яғни мұрынның бітелуі, жеңіл түшкіру немесе тамақтың қышуы сияқты белгілермен баяу өрбіп жатады.
Дегенмен сыртқы белгілеріне қарап қана дөп басып диагноз қою мүмкін емес. Кейде дәлдік үшін зертханалық тексерулер қажет етіледі. Сол себепті аурудың алғашқы белгілері байқалған сәтте өз бетінше ем іздемей, кәсіби дәрігердің көмегіне жүгінген әлдеқайда дұрыс.
МАУСЫМДЫҚ ДЕРТТІҢ ӨРШУ СЕБЕПТЕРІ
– Күз бен қыс – жұқпалы респираторлық аурулар жиілейтін кезең. Мұндай маусымдық белсенділіктің қалыптасуына қандай жағдайлар ықпал етеді?
– Жылдың суық мезгілінде респираторлық дерттердің өршуіне бірнеше қолайсыз факторлар тікелей әсер етеді. Біріншіден, ауа райы салқындаған бойда халық таза ауада жүруді азайтып, жабық ғимараттарда, шағын кеңселер мен сығылысқан қоғамдық көліктерде, оқу орындарында тығыз шоғырлана бастайды. Егер осындай ортада кеңістік тиісті деңгейде желдетілмесе, вирустың таралу жылдамдығы бірнеше есе артады.
Екіншіден, оқу жылының басталуы, балалардың балабақша мен мектептерге баруы, тұрғындар арасындағы күнделікті тығыз қарым-қатынастың жиілеуі де инфекцияның кең қанат жаюына түрткі болады. Осыған байланысты күзгі-қысқы кезеңде жеке бас гигиенасын қатаң сақтау, бөлмелерді жүйелі түрде таза ауамен алмастырып отыру және сырқат белгілері бар жандармен шектен тыс жақын қарым-қатынасты шектеу аса маңызды шара болып табылады.
ВИРУСТЫҢ ЖҰҒУ ЖОЛДАРЫ ЖӘНЕ САҚТЫҚ МӘДЕНИЕТІ
– Тұмау вирусы адамнан адамға қандай жолдармен тез жұғады? Оның таралуын тездететін басты жағдайлар қандай?
– Тұмаудың негізгі таралу жолы – ауру адам жөтелген, түшкірген немесе тіпті қалыпты сөйлескенде ауаға таралатын ұсақ тыныс алу бөлшектері арқылы жүзеге асады. Науқаспен бетпе-бет, жақын қарым-қатынаста болу қауіпті еселей түседі. Сондай-ақ вирус жұққан бөлшектер қонған заттарды ұстағаннан кейін қолмен ауызды, мұрынды немесе көзді үйкеу де сырқаттың өршуіне себепші болады.
Әсіресе ауа алмаспайтын, халық тығыз жиналған жабық орындарда сақтық шараларын екі есе күшейту қажет. Бір адамның салғырттығы мен жауапсыздығы өзінің ғана емес, айналасындағы ондаған әріптесі мен туысының денсаулығына қатер төндіруі мүмкін. Сондықтан өзін мазасыз немесе әлсіз сезінген азамат қоғамдық орындарға барудан бас тартып, өзгелердің қауіпсіздігі үшін саналы түрде оқшауланғаны абзал.
ҚАУІПТІ БЕЛГІЛЕР ЖӘНЕ ДӘРІГЕР КӨМЕГІ
– Адам ағзасы қандай белгілер арқылы дабыл қағады?
– Басты белгілер тізіміне дене температурасының кенеттен көтерілуі, қалтырау, бас сыздауы, бұлшықет пен буындардың сырқырауы, қатты әлсіздік, тамақтың қызарып ауыруы және мазасыз жөтел кіреді. Кейбір жағдайларда мұрыннан су ағуы немесе тұншықтыра бітелуі де қоса жүреді.
Егер температура қалыпқа түспей, жалпы хал-ахуалыңыз күрт нашарласа, кідірместен медициналық көмекке жүгінген жөн. Әсіресе жүкті әйелдер, жас балалар, қарт кісілер және ағзасында созылмалы дерттері бар азаматтар бұл белгілерге ешқашан бейжай қарамауы тиіс.
Ал егер тыныс алудың қиындауы, кеуде тұсының ауыруы, сананың тұмандануы немесе қатты әлсіздік пен сусыздану байқалса, бұл шұғыл дәрігерлік көмекті қажет етеді. Балалардың тыныс алуы жиілеп, әдеттегідей сұйықтық іше алмай қалған сәттерінде де бір секунд уақыт жоғалтпай маманға көрсету қажет.
ЖАУАПСЫЗДЫҚ САЛДАРЫ
– Көптеген адам дене қызуы сырқыратса да, «аяғымнан тік тұрып жүрмін ғой» деп жұмысқа немесе оқуға баруды жалғастыра береді. Мұның түпкі салдары қандай?
– Бұл – қоғам арасында кең тараған аса қате түсінік. Адам өзін сырттай төтеп бере алатындай сезінгенімен, ұжым арасында өзгелерге қауіпті вирус таратып жүргенін аңғармайды. Мектептер, балабақшалар мен өндірістік орындарда бұл инфекцияның лезде таралу қаупі өте жоғары.
Аурудың кішкене ғана белгісі байқалған жағдайда бірнеше күн үй жағдайында қалып, дәрігер кеңесіне жүгінген әлдеқайда дұрыс шешім. Бұл – тек өзіңіздің ғана емес, барлық ортаңыздың саулығына деген шынайы азаматтық жауапкершіліктің белгісі. Сырқат күйінде жұмысқа бару ағзаның қорғаныш күшін әлсіретіп, толық жазылуына кедергі келтіреді.
ВАКЦИНАЦИЯ: ҚОРҒАНЫШ ӘЛДЕ ҚАУІП ПЕ?
– Тұмауға қарсы екпе жайлы қоғамда түрлі көзқарас бар. Бірі екпе салдырса да ауыратынын айтса, енді бірі одан қауіптенеді. Оның шынайы тиімділігі қандай?
– Вакцинация – бұл жұқпалы аурудың алдын алудағы ең сенімді әрі ғылыми дәлелденген тәсілдердің бірі. Екпе ағзада арнайы иммундық қорғаныш қалыптастыруға көмектеседі. Әрине екпе алған адам да кейін тұмаумен ауыруы ықтимал, өйткені медицинада жүз пайыздық кепілдік жоқ. Алайда ең бастысы – вакцина аурудың өте ауыр өтуі мен қауіпті асқынулардың алдын алуға бірден-бір кепіл бола алады.
Тұмау вирустары жыл сайын өзгеріп отыратындықтан, екпе құрамы да айналымдағы жаңа штамдарға сай үнемі жаңартылып тұрады. Сол себепті тұмауға қарсы екпені әр маусым сайын қайталап алу ұсынылады. Бұл әсіресе қауіп тобындағы азаматтар мен медицина қызметкерлері үшін өте маңызды.
– Вакцинаны қабылдаудың ең оңтайлы уақыты қашан? Вирус таралып кеткеннен кейін екпе салдырудың мәні бар ма?
– Ең дұрысы – тұмаудың маусымдық өршуі басталғанға дейін, яғни күздің алғашқы айларында қабылдаған абзал. Өйткені екпеден кейін ағзада толыққанды қорғаныш иммунитеті қалыптасуы үшін шамамен екі апта уақыт қажет. Дегенмен дерт таралып кеткен кезеңде де вакцинаның маңызы жоғалмайды. Оны мерзімі мен қажеттілігін тек эпидемиологиялық жағдайға қарап дәрігер анықтайды.
БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ БІЛІМ ОШАҚТАРЫНДАҒЫ ТАЛАПТАР
– Мектептер мен балабақшаларда қандай қатаң сақтық шаралары орындалуы тиіс?
– Балалардың иммундық жүйесі толық қалыптасып үлгермегендіктен, олар кез келген респираторлық вирусты оңай қабылдайды. Сондықтан ата-ана баланың дұрыс ұйқысы, сапалы тамақтануы және гигиеналық дағдыларына мән беруі керек. Балаға қолды сабынмен дұрыс жууды, түшкіргенде не жөтелгенде аузын шынтағымен жабуды кішкентайынан үйреткен абзал.
Егер оқушы не тәрбиеленушінің дене қызуы көтеріліп, жөтел байқалса, оны мектепке немесе балабақшаға апаруға мүлде болмайды. Ал білім беру ошақтары бөлмелерді уақытылы желдетіп, сырқат белгілері бар балаларды дер кезінде оқшаулап, ата-анасына хабарлап отыруға міндетті.
ҮЙ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ТИІМДІ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ
– Үй жағдайында аурудың алдын алу үшін қандай қарапайым әрі тиімді әдістерді қолдануға болады?
– Ең әуелі – жеке бас гигиенасын мықтап сақтау. Қолды сабынмен жиі жуу – инфекция жолын кесетін ең қолжетімді әдіс. Үй ішін күніне бірнеше рет желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын жасаған жөн. Адам көп жиналатын орындарда бетперде (маска) тағуды әдетке айналдыру керек.
Сонымен қатар дұрыс тамақтану, ұйқының қануы және белсенді қимыл-қозғалыс ағзаның қорғаныш қабілетін арттырады. Алайда түрлі дәрумендер мен биологиялық қоспаларды шектен тыс қабылдау тұмаудан жүз пайыз сақтай алмайтынын ұмытпаған жөн.
ТҰМАУ АСҚЫНУЛАРЫНЫҢ ҚАУПІ ЖӘНЕ САНИТАРЛЫҚ БАҚЫЛАУ
– Тұмаудың асқынуы қаншалықты қауіпті және санитариялық қызмет бұл бағытта қандай жұмыстар атқарады?
– Дерт асқынған жағдайда өкпе қабынуы, бронхит немесе ортаңғы құлақтың қабынуына әкеп соғуы мүмкін. Созылмалы дерттері бар адамдар үшін бұл тіпті ауыр тиеді. Сондықтан тұмауды жеңіл желпі сырқат деп қабылдауға түпкілікті болмайды.
Өз кезегінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі халық арасындағы сырқаттанушылық көрсеткіштерін тәулік бойы қадағалап, эпидемиологиялық ахуалға тұрақты түрде талдау жасап отырады. Қажетті зертханалық зерттеулер жүргізіліп, айналымдағы вирус түрлері анықталады да, уақытылы профилактикалық шаралар қабылданады.
Аурудың алдын алу мәдениетін қалыптастыру – ортақ іс. Денсаулық тек дәрігердің ғана емес, әрбір азаматтың жеке жауапкершілігіне тікелей байланысты. Қолды жиі жуу, бөлмені желдету, ауырғанда үйде қалу – қоғамдық қауіпсіздіктің негізі. Тұмауды елемеуге болмайды. Алғашқы белгілер байқалса, дереу маманға көрініп, сақтық шараларын қатаң ұстанған жөн. Денсаулық – адамның басты байлығы. Оны сақтау әрқайсымыздың күнделікті дағдымызға айналуы керек. Тазалық талаптарын ұстанып, өзіміздің ғана емес, айналамыздағы адамдардың да саулығына жауапкершілікпен қарайық. Өйткені саулықтың бастауы – саналы сақтықта!
– Уақыт бөлгеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Алтын ҚОСБАРМАҚОВА











