Әкім есебі: сенім мен жауапкершілік
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Алмасбек Есмаханов бірнеше ауылды аралап, тұрғындармен кездесті. Онда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы міндеттер сараланды. Ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлері, талап-тілектері тыңдалды. Қазақта «Уәде беру – бір абырой, уәдені орындау – мың абырой» деген тәмсіл бар. Көтерілген мәселе аяқсыз қалмай, шешімін тауып жатқаны қуантады.Аудан әкімі сөздің емес, істің адамы екенін дәлелдеп, мәселелерге бей-жай қарамай, сергектік танытуда. Оны ауылдық округтерде есеп бергенде пайымдадық.
Аудан әкімінің есеп беру жиыны Басықара, Құмжиек және Жалаңтөс батыр ауылдарынан басталды. Бірқатар сала басшылары да қатысқан есепті жиында ауыл тұрғындары ұсыныс-пікірлерін айтты. Кездесулерде аудан басшысы алдымен елде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан реформалар, өңірде атқарылып жатқан жақсы жұмыстар мен алдағы міндеттер жайында тоқталды.
– Биыл Президент айтқандай еліміз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашты. Мемлекет басшысының қатысуымен Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтті. Құрылтайда еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған бірқатар маңызды реформалар жарияланды. 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум арқылы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданып, 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес, еліміздің бір палаталы жоғары заң шығарушы органы – Құрылтай құрылды. Мемлекет басшысының Жарлығымен жоғары консультативтік орган – Қазақстанның Халық Кеңесі құрылып, өз жұмысын бастады. Мемлекет басшымыз барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойып, Орталық сайлау комиссиясы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын 29 қарашаға белгіледі. Бұл жүргізіліп жатқан реформалардың барлығы саяси жаңғыру үдерісін жеделдетуге, сондай-ақ «Әділетті Қазақстан», «Қуатты Қазақстан» және «Таза Қазақстанды» құруға бағытталған реформалардың жаңа кезеңіне жол ашты. Президенттің, Үкіметтің және аймақ басшысының қолдауымен ауданда елдің игілігіне бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің құрылыс саласындағы әлеуетін арттырып, Қазақстанды ауқымды құрылыс алаңына айналдыру қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынды. Президенттің реформалары мен Жолдаудан туындаған міндеттер аясында алдағы уақытта да аудан орталығы мен елді мекендерде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысы мен жаңғырту жұмыстары кеңінен жүргізіледі. Бастысы, елдің бірлігі мен ауызбіршілігі. Сондықтан баршаңызды елдік істерге бірлесе атсалысуға шақырамын, – деді аудан басшысы.
Есепті кездесулерде аудан әкімі жыл басынан бері әрбір салада атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстар жайында айтып, тұрғындарға алдағы уақытта жүзеге асырылатын жарқын жоспарлар хақында жеткізді. Кездесуде тұрғындар ауылішілік жолдарды жөндеу, электр желілерін жаңғырту, балабақша салу, сондай-ақ мал суаруға қажетті жайылымдық жерлердегі бұлақ көздерін ашу мәселесін көтерді. Аудан әкімі тұрғындардың әрбір ұсынысы мен өтінішін мұқият тыңдап, қойылған сұрақтарға нақты жауап берді. Электр желілерін жаңғырту және жол жөндеу жұмыстары қаржылық мүмкіндіктерге қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтты. Ал балабақша салуға ниетті жергілікті кәсіпкерлерге заң аясында жер бөлу және мемлекеттік қолдау көрсету мәселелері қарастырылатынын жеткізді. Сонымен қатар ауыл әкімдеріне мал суаруға арналған жайылымдық жерлердегі бұлақ көздерін ашу бойынша нақты ұсыныстар әзірлеп, тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырды. Аудан әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын айтып, олардың шешілуі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Ал ауыл тұрғындары елді мекендердің дамуына бағытталған жұмыстарға қолдау білдіріп, алдағы жоспарлардың жүзеге асуына сәттілік тіледі.
Аудан әкімінің халықпен кездесуі Ғани Мұратбаев, Абай ауылдары және Қазалы қаласында жалғасты. Аудан басшысы Президенттің бастамасымен жүзеге асып жатқан реформалар, «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» тұжырымдамалары, Президентіміздің 28 қазан күні Қазақстан халқына жасаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауынан туындайтын міндеттер айтылды. Сонымен бірге атқарылған жобалар мен атқарылар жоспарлар кеңінен талқыланды.– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Сыр өңіріне деген айрықша қолдауы, аймақты төрт жылдан астам уақыт басқарған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының қолдауы және облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының басшылығымен ауданда ауқымды жобалар жүзеге асырылып, маңызды бастамалар қолға алынуда. Алдағы уақытта да халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында ауданда жүйелі жұмыстар жалғаса беретін болады, – деді аудан әкімі.
Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, көтерілген ұсыныс-пікірлері мен өтініштері заң аясында қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Ғани Мұратбаев ауылының тұрғындары елді мекендегі Жамбыл Жабаев көшесін асфальттау, абайлықтар ауылға тиесі мал жайылымдық жерлерін суландыру, қоғамдық көлік, Қазалы қаласының тұрғындары қаңғыбас иттер, спорт кешенін салу секілді мәселелерді көтерді. Аудан басшысы Ғани Мұратбаев ауылындағы Жамбыл Жабаев пен Ақтан батыр сынды ауылдардың көшелерін жөндеуге жоба сметалық құжаттары әзірленіп, келер жылға тиісті қаржы бөлінген жағдайда жөндеу жұмыстары басталатынын айтты. Ал Абай ауылында мал жайылымдық, шабындық жерлеріді суландыру мәселесі көтерілді. Бұл бойынша жауапты сала басшысына ауыл әкімімен бірлесіп тиісті жұмыстарды жүргізу бойынша тапсырма берілді. Сонымен қатар иесіз жүрген қаңғыбас иттердің мәселесі айтылды. Ол жайында аудандық ветеринариялық станциясының директорына тапсырма берілді. Аудан әкімі Қазалы қаласында өткен кездесуде биыл жыл басынан бері ауданда 3 елді мекенде жаңа спорт кешендері ашылғанын айтып, алдағы уақытта бірінші кезекте Қазалы қаласынан жаңа спорт кешенінің құрылысын бастауды жоспарлап отқанын жеткізді. Кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілген өзге де мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына заңдылыққа сәйкес жұмыс жасау жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді. Кездесулерден кейін аудан әкімі ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Одан соң есеп беру жиыны Өркендеу, Бірлік және Қожабақы ауылдарында жалғасты. Ауылдық клубтарда өткен кездесулер барысында аудан әкімі алдымен аудан көлемінде жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы кезеңге жоспарланған жобалар мен міндеттерді айтты.
– Өткен жылы аудан орталығына шалғай орналасқан Шәкен және Сарбұлақ ауылдарына орталықтандырылған ауызсу жеткізіліп, аудан халқын таза ауызсумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті. Сонымен қатар Қожабақы, Түктібаев ауылдары мен Қазалы қаласының электр желілері қайта жаңғыртылды. Алдағы жылы өзге де елді мекендердің электр желілерін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасады. Өткен аптада облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының қатысуымен Жанқожа батыр және Үрмәш Түктібаев ауылдары табиғи газға қосылды. Жыл соңына дейін Бекарыстан би және Майдакөл ауылдарын да «көгілдір отынға» қосу жоспарланған. Одан бөлек, Өркендеу, Бірлік, Қожабақы, Аранды, Ақсуат және Байқожа ауылдарын газдандыруға жалпы құны 7,2 миллиард теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Келер жылы ең алдымен Өркендеу ауылынан бастап, дарияның арғы бетіндегі аталған елді мекендерге магистралды газ құбырын жеткізу жұмыстарын қолға алу көзделіп отыр. Дарияның арғы бетіндегі ауылдар үшін стратегиялық маңызға ие нысандардың бірі Қарлан көпірінің құрылысы екені белгілі. Өткен жылы аймақты төрт жылдан астам уақыт басқарған Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен көпір құрылысына қажетті қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Көпірдің кіреберіс жолдарының бір бөлігін асфальттау толық аяқталып, екінші бөлігінде тиісті жұмыстар басталды. Сондай-ақ негізгі су өтетін арнадағы аралық құрылымдарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлы ауданға жасаған жұмыс сапары барысында нысан құрылысы тікелей бақылауында екенін жеткізген болатын. Ауыл шаруашылығы саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл каналдар мен қашыртқыларды механикалық тазалау, су арналарының өткізу қабілетін жақсарту және каналдарды бетондау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар егін шаруашылығын әртараптандыру, жүгері дақылын өсіру бағытында арнайы инвесторлар тартылып, нақты жұмыстар қолға алынуда, – деді аудан әкімі.
Тұрғындар толғандырған мәселелерін ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін айтты. Мәселен, Өркендеу ауылының тұрғындары ауыл ішіндегі шағын көшелердің біріне түнгі жарық орнату мен жаяу жүргіншілерге жол салу қажет екенін жеткізді. Аудан әкімі ауыл әкіміне аталған көшені жарықтандыру жұмыстары мен жаяу жүргіншілерге арнап қиыршық тас төсеу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Бірлік ауылының тұрғындары ауылдық клуб салу, Қожабақы ауылының тұрғындары балабақша салу жөнінде ұсынысын білдірді. Аудан әкімі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жасаған Жолдауында келер жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау жөніндегі бастамасына тоқталып, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, елді мекендердегі әлеуметтік нысандардың құрылысын жандандыру жұмыстары қолға алынатынын жеткізді. Әсіресе Бірлік ауылына клуб, ал Қожабақы ауылына балабақша салу мәселелері бірінші кезекте қарастырылатынын айтты. Сонымен қатар Қарлан көпірінің құрылысы толық аяқталғаннан кейін көпірден Бірлік ауылына дейінгі жол аралығын асфальттау жоспарланын айтты. Өз кезегінде аудан әкімі тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен көтерген мәселелері назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Аудан әкімінің елді мекен тұрғындарымен кездесуі Ү.Түктібаев, Майдакөл, Бекарыстан би, Жанқожа батыр және Ақтан батыр ауылдарында жалғасты. Мұнда аудан басшысымен бірге бірқатар сала басшылары қатысып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлі мен талап-тілегін тыңдады. Кездесуде аудан басшысы алдымен аудан көлемінде жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы кезеңге жоспарланған жобалар мен міндеттерді баяндады. Сонымен қатар аймақ басшысының қолдауымен ауданда жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаларға тоқталды. Мәселен, шалғай елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамту нәтижесінде аудан халқының таза ауызсумен қамтылуы 100 пайызға жеткізілгенін, бірқатар ауылдардың электр желілері жаңғыртылғанын жеткізді.
Өткен аптада Ү.Түктібаев және Жанқожа батыр ауылдарына табиғи газ берілген болатын. Жыл соңына дейін Майдакөл мен Бекарыстан би ауылдарын да «көгілдір отынға» қосу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Өркендеу, Бірлік, Қожабақы, Аранды, Ақсуат және Байқожа ауылдарын газдандыру жобалары әзірленіп, алдағы жылы дарияның арғы бетіндегі елді мекендерге магистралды газ құбырын жеткізу жұмыстары басталмақ. Кездесулер барысында тұрғындар тарапынан каналдарды тазалау, жайылымдық жерлерге бұлақ көздерін ашып, мал суару мәселесін шешу, елді мекенішілік көшелерге жаяу жүргіншілер жолын салу, жолдарды жөндеу және өзге де ауыл тіршілігіне қатысты мәселелер көтерілді. Аудан әкімі тұрғындар көтерген мәселелердің әрқайсысына назар аударып, олардың шешілу жолына тоқталды.
– Көп қаражатты қажет етпейтін, жергілікті деңгейде ұйымдастыру арқылы жүзеге асыруға болатын мәселелерді созбалаңға салмай, қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып шешу қажет, – деген аудан басшысы ауыл әкімдеріне сала басшыларымен бірлесіп, тиісті ұсыныстар әзірлеуді, жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырды.
Өз кезегінде тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен өтініштері назардан тыс қалмайтынын, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғаса беретінін айтты. Аудан әкімі халықпен кездесулерден кейін жеке мәселелері бойынша қабылдауға келген тұрғындарды қабылдап, олардың өтініші мен ұсынысын тыңдады. Көтерілген мәселелердің заңдылығы мен шешу жолын зерделеу жөнінде тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Алмасбек Есмахановтың есеп беру жиыны аудан орталығынан шалғай орналасқан Бозкөл, Кәукей және Тасарық ауылдарының халқымен кездесу өткізіп, тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдады. Бұл ауылдарда да аудан басшысы жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды баяндады. Ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірін жеткізді. Оның ішінде бозкөлдіктер ауылға балабақша салу, елді мекенішілік көшелерді асфальттау және мал суаруға арналған бұлақ қазу мәселелерін көтерді. Кәукей ауылының тұрғындары жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру қажеттігін айтса, тасарықтықтар Кәукей бағытындағы жолды тегістеу жөнінде өтініш білдірді. Аудан әкімі көтерілген әр мәселе бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Тасарық – Кәукей бағытындағы жолды арнайы техникамен тегістеп, грейдерлеу аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тапсырылды. Ал Кәукей ауылындағы жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру мәселесін зерделеп, тиісті шаралар қабылдау «Қазсушар» мекемесінің жауапты өкіліне жүктелді.
Одан соң аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініштерін тыңдады. Жеке қабылдау барысында айтылған мәселелерді шешу бағытында жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.
Халықтың әл-ауқатын арттыру, елді мекендердің инженерлік-инфрақұрылымын дамыту және әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да үздіксіз жалғаса бермек. Иә, халықпен кездесулерде аудан басшысы әрбір ауылдық округтегі ең маңызды мәселелерді уақытылы, сапалы, нәтижелі шешуді тапсырды. Алдағы уақытта аймақ басшысының қолдауымен аудан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа жобалар мен жоспарлар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Осы уақытқа дейінгі түйіні тарқаған мәселелелерді сараласақ, тұрғындар тілегі ескерусіз емесін байқаймыз. Тек бүгінгі билік пен халықтың бірлігі үйлесім тапса болғаны.
Айнұр ӘЛИ













