Мәслихаттар сайлауы
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Парасатты қоғамның бастауы

Парасатты қоғамның бастауы

Кітап – адамзаттың рухани жадын жаңғыртып, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын, ой мен танымды кемелдендіретін құндылық.
Мемлекет басшысы көтерген «Кітап оқитын ұлт» – қоғамда оқу мәдениетін қалыптастырып, кітапты күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру бастамасы. Бұл – бір реттік науқан немесе белгілі бір кезеңмен шектелетін жоба емес, елдің рухани дамуына бағытталған стратегиялық қадам.
Дегенмен кітап оқуға үндеу айту бір басқа да, оны өмірлік дағдыға айналдыру бір басқа. Кітапқа деген сүйіспеншілік көбіне отбасынан басталып, үлкеннің өнегесімен қалыптасады. Бір үйдің төріндегі кітап сөресі тұтас әулеттің рухани шежіресіне айналса, бір адамның оқуға деген ынтасы ауыл-аймаққа үлгі болуы мүмкін. Мұндайда күнделікті өмірімен кітаптың қадірін танытып жүрген жандардың тәжірибесі әлдеқайда әсерлі.
Газеттің бүгінгі санына кітапты өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырып, айналасына да оқудың шуағын шашып жүрген түрлі жандар пікірін топтастырдық. Қатарында тұтас ауылға үлгі болып, бірнеше буынның кітапқа бет бұруына ықпал еткен батыр ана да, отбасының береке-бірлігі мен ұрпақ тәрбиесінің сырын кітаппен байланыстыратын әке де бар. Сондай-ақ кітап оқудың мәнін кәсіби тәжірибесі мен тағылымды ойлары арқылы түсіндіріп жүрген мамандар және жас оқырманның өзіндік көзқарасы қамтылды.

ӨМІРДІҢ БАС ҰСТАЗЫ
Гүлжаһан Шәкірова – еңбек ардагері, «Батыр ана»: «Қандай жанрдағы кітаптарды ұнатасыз?» деген сауалды бүгінгі таңда жұрт жиі қояды. Кеңес Одағы кезінде қолға не тисе, соны оқитынбыз. Бұл – жас кезімізден қалыптасқан адал әдет. Бес жасымда бауырына басқан әжемнен айырылып, кішкентай жүрегіме салмақ салған ауыртпалықты қабылдау маған оңайға соқпады. Марқұм әкем осы тұста көңілімді басқа арнаға бұрып, әр нәрсеге қызықтыра білді. «Біздің Әшен әнді керемет айтады» деп жиын-тойда өлең айтқызып, би билететін. Кітаппен де сол кезде достастым. Соның арқасында мектепке де қатарластарымнан ерте бардым.
Әлі есімде, мектеп жасында анам «айран піс» десе, ішкі бөлмеден бір кітапты ала жүгіретінмін. Бір қолымда піспек, бір қолымда кітап, айранды да солай пісетінмін.
Әкемнің інісі Ізбасар Шәкіров ағамның үйге келуі мен үшін үлкен мереке еді. Ол кісі сол кездегі «Парасат», «Ара», «Мәдениет пен тұрмыс» сынды беделді журналдар мен қазақша-орысша газеттерді құшақ-құшақ етіп алып келетін. Ал қатарындағы жаңа кітаптар маған жаңа киім алғаннан да артық қуаныш сыйлайтын.
Келін болып түскен жерім де кітапқұмарлығыма ешқашан қырын қараған жоқ. Қайным Жаңабай екеуіміз бір кітапты таласа талқылайтынбыз. Артынан балаларым да жарыса оқыды, бүгінде немерелеріммен бірге парақтаймын. Перзенттерім өмірден өз орындарын тапты, мұнда да кітаптың үлесі өлшеусіз екені анық.
Кітаптың берері өте көп. Ол – өмірдің бас ұстазы. Жақсы мен жаманды ажыратуды, қиындықта қайыспай, ертеңге үкілі үміт жалғауды үйретеді. Бір жерде отырып қиыстыра, көркемдеп сөйлей кетсем, жұртшылық: «Мұғалім болғансыз ба?» деп сұрап жатады. Мен: «Қайдан мұғалім болайын, бала туудан қолым босамады», – деп күліп қоямын. Шаруашылықта еңбек еттік. Зейнетке шыққан соң да қоғамдық жұмыстардан тыс қалған жоқпын. Әжелер ансамблінің, «Өнеге» үйірмесінің белсенді мүшесімін, біраз уақыт Бірлік ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы болдым. Осының бәрі ақыл-ойдың кені – кітаптың берген тәрбиесі деп білемін.
Кітап оқитын адам мен оқымайтын жанның айырмасы жер мен көктей, бірден аңғарылып тұрады. Сондықтан жасым 77-ге келсе де, жаныма жақын жақсы істі өмір бойы насихаттап, өзім үлгі болып келемін. Сүйікті кітаптарым да аз емес. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 1961 жылы жарық көрген «Ымырт» кітабы және француз жазушысы Жюль Верннің «Су астындағы 80 мың километр» шығармасы. Соңғысын неше қайтара оқысам да әлі күнге дейін жалыққан емеспін. Бұл – адамды еліктіретін баға жетпес қазына.
Айтарым, «кітап оқуға уақыт жоқ» деу – тек қана сылтау. Адам шын қызыққан, ден қойған ісіне қашан да, қай жаста дa мүмкіндік таба алады. Кітап оқыған адамның көкірегі ояу, көзі ашық болады. Оның руханияттың тамыры – ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор.


ОЙЛЫ ҰРПАҚ – ОЗЫҚ ЕЛДІҢ ӨЗЕГІ
Едіге Есіркеп – кітап оқуды отбасымен үлгі етіп жүрген әке:
«Кітап оқу – адам өміріндегі ең маңызды әрі пайдалы әдеттердің бірі болса, кітап – адамға бағыт-бағдар беріп, ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын қалыптастыратын рухани қазына. Ол арқылы адам тек жаңа ақпарат алып қана қоймай, өмірді тану, жақсы мен жаманды ажырату, өз ойын еркін жеткізуді үйренеді. Сондықтан оны бос уақытты өткізудің бір жолы емес, өзін-өзі дамытудың маңызды құралы деп есептеймін.
Кітап оқуға деген құштарлығым бала күнгі ертегілер мен қызықты оқиғалар әлемінен бас­тау алды. Балаң қызығушылық ес біле келе саналы қажеттілікке айналып, әрбір шығарма мен үшін жаңа әлемнің есігін ашты. Кейіпкерлердің тағдыры мен іс-әрекеті арқылы өмірді танып, күнделікті тіршіліктегі сан алуан жағдайларға сыни көзбен қарауға дағдыландым.
Әрбір бетін парақтаған сайын сөздік қорым байып, ойымды жүйелі әрі нақты жеткізуге машықтандым. Көркем тіркестер мен мақал-мәтелдер тілімді әсерлі етіп қана қоймай, өзгелерді тыңдай білуге, пікірін құрметтеуге және адамдармен үйлесімді қарым-қатынас орнатуға үйретті. Тарих, мәдениет, ғылым мен әдебиет тақырыбындағы туындылар дүниетанымымды кеңейтіп, ақпаратты талдау, салыстыру және дұрыс қорытынды жасау қабілетімді шыңдады.
Кітап – адамды рухани кемелдендіріп, тұлға ретінде қалыптастыратын ең қуатты құрал. Мен үшін кітап оқу – өзіндік даму жолы, бүгінгі тұлғалық қалыптасуымның негізі. Қазіргі ақпараттық технологиялар заманында кез келген мәліметті интернеттен жылдам табуға болады. Дегенмен кітаптағы парақты асықпай ақтарып, мазмұнына терең үңілу адамның ойлау қабілетін ерекше дамытады.
Түсінгенім, кітап бізге дайын ақыл айтпайды, керісінше, терең ойланып, дұрыс шешім қабылдауға жетелейді.
Үйдегі бай кітапханамызды жыл сайын толықтыру – отбасылық әдетке айналған. Дастархан басында бір кітап туралы еркін пікіралуандығы жиі талқынатын жағдай. Ойлы ұрпақ – озық елдің өзегі. Ендеше дамудың адастырмайтын, табысты тетігі – кітап дер едім».

ЗЕРДЕЛІ ТӘЛІМНІҢ ЗИЯТКЕРЛІК ЖОЛЫ
Эльмира Ақниязова, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және оқырмандарды кітапқа баулу үшін әр түрлі мазмұнды жұмыстар атқарып жүрген кітапханашы:
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қоюы – қоғамның рухани тынысын кеңейтіп, ұлттық зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған аса маңызды қадам. Мемлекет басшысы: «Кітап оқу – ұлттың озық қасиетіне айналуы тиіс», – деп атап өткендей, бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар ауқымды сипат алып келеді. Осы орайда өңірдегі кітапханашылар қауымы жас ұрпақтың кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында дәстүрлі әдістерден бөлек, заманауи интерактивті және цифрлық тәсілдерді тиімді ұштастыруда.
Өзім қызмет ететін Жанқожа батыр атындағы №70 мектепте оқушыларды «Кітап оқитын ұлт» марафонына белсене қатыстырып, ынталандыруда түрлі қызықты форматтар қолға алынуда. Солардың бірі – ай сайын немесе апта сайын ұйымдастырылатын «Кітап челлендждері». Бұл бағытта жас оқырмандар «Тарихи шығармалар айлығы», «Фантастика әлемі» немесе «Қазақ классикасы» сынды тақырыптық бағыттар бойынша оқыған кітаптарына қысқаша видео-шолу түсіріп, мектептің әлеуметтік желілеріне жүктеді. Бұл ретте геймификация элементтері де өз жемісін беруде. Әрбір оқылған кітап немесе жүз бет үшін оқушыларға арнайы стикер, бейдждер мен «кітап ұпайлары» беріліп, марафон соңында ең белсенділері марапатталады. Сондай-ақ сыныптарда ұйымдастырылатын «Кітап клубы» кездесулері оқушылардың баға алу үшін емес, өз сүйікті кейіпкерлері мен шынайы әсерлері туралы ашық пікір алмасатын рухани алаңына айналып отыр.
Кітап оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдері балалардың шығармашылық қабілетін ұш­тауға бағытталған. Мәселен, оқушылар оқыған кітабының негізгі идеясы бойынша 1–2 минуттық «буктрейлер» дайындап, өзгенің де қызығушылығын оятады. Сонымен қатар шығармадағы басты кейіпкердің атынан әлеуметтік желіде қағазда немесе слайдта профиль құрып, «Fakebook / Instagram» арқылы посттар жазу, кейіпкердің «достарын» және оқиғаларға реакциясын көрсету секілді тәсілдер баланың қиялын дамытады. Сторителлинг пен подкаст түсіру де жастар арасында сұранысқа ие форматқа айналды.
Интерактивті оқыту әдістері қатарында «Баламалы соң» – оқушыларға шығарманың соңын өзінше өзгертіп жазу, «Соңғы кадр» – бүкіл сюжетті 6 сөзбен сипаттау ұнатқан кейіпкеріне жеке хат жазу бар. Ақыл-кеңес беру немесе кітап сюжетіне негізделген «Әдеби квесттер» ұйымдастыру жас оқырмандардың сыни ойлауын шыңдай түседі.
Марафонды жүргізу барысында балаларға таңдау еркіндігін беріп, оқыған шығармаларын тек жазбаша форматта емес, өздеріне жақын цифрлық және шығармашылық жолмен жеткізуге мүмкіндік жасау олардың белсенділігін арттыра түсетіні анық.
Бір кітап – бір ой. Бір ой – бір өзгеріс. Бір оқырман – оқитын ұлттың бір бөлігі. Бұл – зерделі тәлімнің зияткерлік жолы.

ТАНЫМ КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТКЕН ТАҒЫЛЫМ
Балнұр Жаңабай – кітап жарыстарының жүлдегер, жеңімпазы:
«Кітап оқуды 11-12 жасымнан бастадым, ал алғашқы жүрекке жол тапқан туындым – Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесі болды. Осы шығармадан кейін әдебиет әлемі мені өзіне баурап алып, кітапқа деген құштарлығымды арттырды. Уақыт өткен сайын таным көкжиегімді кеңейтіп, көркем әдебиетпен қатар өзін-өзі дамытуға арналған психологиялық еңбектерді де сүйсіне оқи бастадым.
Парақталған беттер арасында Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні», Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі», Дулат Исабековтің «Гауһартас», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» сияқты классикалық туындылармен қатар, Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» мен Қуаныш Шонбайдың «Екінші болма» сынды тұлғалық өсуге жетелейтін кітаптар бар. Бұл шығармалар тек көзқарасымды қалыптастырып қана қоймай, сан алуан тағдырлар арқылы дүниетанымымды байытты және өмірге деген пайымымды тереңдетті.
Қазір 11-сыныпта оқып жүріп, кітап оқудың өміріме тигізген пайдасын ерекше сезінемін. Ол менің қиял әлемімді кеңейтіп, кез келген мәселені терең ойланып талдауға, сыни пікір қалыптастыруға әрі сөздік қорымды байытуға зор үлес қосты. Кітаптан алған бұл дағдыларым алдағы үлкен өмірлік мақсаттарыма сенімді түрде қадам басуыма жол ашып отыр.
Бірнеше рет таным көкжиегін кеңейткен тағылым – көркем әдеби шығармаларды талдау, кітап оқу жарыстары мен әдеби-мәдени шараларға қатырып, жүлделі орындарға қол жеткіздім. Алда да үлкен мақсаттарым бар.

МЕМЛЕКЕТТІК ДЕҢГЕЙІНДЕ ҚОЛДАУ ТАБУЫ ҚУАНТАДЫ
Маржан Абдраимова – кітап оқу ісін жаңышыл әдістер арқылы ұрпақ санасына сіңіріп жүрген ұстаз:
«Елімізде ұлт болашағын айқындайтын маңызды бастамалардың бірі – «Кітап оқитын ұлт» жобасының республикалық деңгейде кеңінен насихатталуы қоғамның рухани әлеуетін арттырып, өскелең ұрпақтың саналы, ойшыл әрі жан-жақты тұлға болып қалыптасуына жол ашатын игі қадам.
Дегенмен, кез келген үлкен бастаманың түп тамыры жүйелі еңбек пен жеке жанашырлықтан басталары анық. Осы орайда, пандемияның алғашқы кезеңі – 2021–2022 оқу жылдарынан бастап-ақ бұл бағытта өз тәжірибемде «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын ата-ана», «Кітап оқушы» атты үш тағанды үндестірген жүйелі жұмысты қолға алған болатынмын.
Карантин кезінде балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, кітапқа деген қызығушылығын ояту мақсатында Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» повесін оқытуды ұйымдастырдым. Оқушылар шығарманы 1 ай көлемінде оқып шығып, терең талдауға бағытталған проблемалық 15 сұраққа жауап жазды. Бұл үдерісте әр ата-анамен жеке тілдесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор болды. Тіпті, балалардың ынтасын арттырып, рухын көтеру мақсатында өз қаражатымнан ақшалай сыйлықтар мен кітаптарды жүлде ретінде тіктім. Осындай жанжақты қолдаудың арқасында қиын кезеңнің өзінде оқушылар мен ата-аналардың кітапқа деген ықыласы оянып, игі дәстүрдің іргетасы қаланды.
Үрдіс кейінгі жылдары да үзілмей, мектеп қабырғасында жалғасын тапты. Бесінші сыныптан бастап балалар әдебиетінің озық үлгілерін іріктеп, сыныптағы оқу сағаттарында кітаптың ең қызықты, шешуші эпизодын тартымды етіп әңгімелеп беремін. Балалардың қызығушылығы шарықтау шегіне жеткен сәтте: «Әрі қарай не болатынын білгілерің келсе, өздерің оқып, сайысқа қатысыңыздар», – деп топтастырамын. Жыл сайын сәуір айында арнайы ата-аналарды шақырып, ең көп кітап оқыған «Үздік оқырман» номинациясының жеңімпазы атанған оқушы мен белсенді ата-ананы марапаттауды дәстүрге айналдырдым. Бұл әдіс мектеп пен отбасы арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, ата-аналардың да бала үлгісімен кітап оқуға деген ықыласын оятты.
Ұстаздық жолдағы ізденісім тек мектеп қабырғасымен шектелмейді. Өз отбасымда да балаларыммен бірге арнайы кітап оқу уақытын қалыптастырдық. Аптаның 5, кейде 7-күндері кезектесе отырып бір кітапты оқып, мазмұндап, автордың түйінін бірге шешеміз. Бұл кейде қызу пікірталасқа, тіпті нағыз дебатқа ұласып жатады. Балаларымның кейіпкерлер әрекетіне өз көзқарасын білдіріп, сын тұрғысынан ойлай бастағанын көру – ата-ана ретінде де, ұстаз ретінде де үлкен бақыт.
Осындай жеке бастамалар мен авторлық тәжірибелердің республикалық деңгейде көтеріліп, мемлекеттік саясат деңгейінде қолдау табуы жүрегімізді қуантады. Себебі ұлттық сананы жаңғыртудың ең төте жолы – өскелең ұрпақтың қолына сапалы кітап ұстату. Оқуға құштар ұрпақ қана бәсекеге қабілетті, саналыәрі «Адал азамат» бола алады. Ел болашағы үшін атқарылар осындай игі істер мен ізгі бастамалар әр шаңырақ пен әр мектепте жалғасын таба береді деген сенімдемін».


Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
21 қараша 2026 ж. 19 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30