Жасындай жарқыраған Гүлсая
Жақында қазалылық боксшы Гүлсая Ержан бокстан әйелдер арасында Тайландтың Чанг Мей қаласында өткен Азия чемпионатында жеңіске жетіп, көк туымызды биікте желбіретті.
Азия чемпионатында 81 келі салмақ дәрежесі бойынша шаршы алаңдағы қарсыласы украиналық былғары қолғап шебері Карина Айрепитянды айқын басымдықпен 5:0 есебімен жеңген жерлесіміз Азия чемпионы атанды.
Шаршы алаңнан шыққан соң қазалылық спортшы өзінен сұхбат алған тілшілерге бар қуанышын жеткізді.
– Финалда өнер көрсетіп, Аллаға шүкір жеңіске жетіп жатырмыз. Иә, аздап толқу болды. Бірақ маған сенім артып отырған жандардың үмітін ақтадым деп ойлаймын. Жекпе-жекке келер болсам, бірінші раундтан бастап шот ашамын деген ой болды. Өздеріңіз көргендей жағдай өзгеріп кетті. Бірақ екінші, үшінші раундта барымды салып, жеңіске жеттім, – деді Гүлсая Ержан.
Сонымен қатар былғары қолғап шеберін аймақ басшысы Нұрлыбек Мәшбекұлы да өз парақшасында құттықтап, саңлақ спортшыға бәрекелді десті.
– Сыр спортында сүйінші жаңалық! Бүгін Тайландта бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатының финалдық кездесуінде жерлесіміз Гүлсая Ержан Украина спортшысын айқын басымдықпен жеңіп, қоржынымызға алтыннан олжа салды. Сыр мақтанышы чемпионаттың жартылай финалында өзбекстандық Сохиба Рузметовамен күш сынасып, ташама өнер көрсетіп, ақтық финалға жолдама алған болатын.
Мінекей, бүгін Азияның назарын өзіне аударған байрақты додада ел намысын қорғап, үздік боксшы атанды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жерлесіміз Гүлсая Ержан бұған дейін де бірнеше халықаралық, республикалық сайыстарда жеңіс тұғырынан көрінген еді.
Мақтанышымыз Гүлсая, Сыр спортының шежірелі тарихында есіміңіз алтын әріптермен жазылып, Қазақ елінің, Сыр өңірінің атын төрткүл дүниеге таныта беріңіз! Спорттағы жеңісті күндеріңіз көп болсын! Қуаныш құтты болсын, Сыр елі! – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, жерлесіміз бірнеше күн бұрын өзбекстандық боксшы Сохибо Рузметовамен жұдырықтасып, қарсыласын екі мәрте нокдаунға жіберіп, финалға шыққан болатын. Жерлесімізді жеңісімен құттықтай отырып, алдағы жекпе-жектеріне сәттілік тілейміз!
С.ӘЛИҰЛЫ