Қазалыда жастар және жас кәсіпкерлер форумы өтті
Қазалыда «Жастар. Бизнес. Жарқын болашақ» атты аудан жастарының және жас кәсіпкерлердің форумы өтті.
Форумға аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақытжан Жарылқап қатысып, жас кәсіпкерлер мен аудан жастарының еңбектеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры Қамар Бекетова, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бас маманы Нұрлан Шырынбеков қатысып, жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға тоқталды.
Форум барысында қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген жастар арнайы дипломдармен марапатталды.
Айта кетсек, Қазалы ауданы бойынша «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 19 жоба мақұлданған. Оның ішінде құны 4,25 млн. теңгені құрайтын 4 жас кәсіпкердің жобасы бар. Ғ.Мұратбаев ауылынан Айтуған Сұлтанның «Қымыз өндірісін кеңейту» жобасы, Қазалы қаласынан Төребаева Жанеркенің «Жеміс-жидек өнімдерін консервілеу» жобасы, Әйтеке би кентінен Мыңжасарова Светлананың «Шығармашылық орталығы» жобасы, Басықара ауылынан Қайратұлы Фазылжанның «Техникалық қызмет көрсету» жобаларын айтуға болады.
Форум аясында жас кәсіпкерлердің өнімдерінен ауқымды көрме ұйымдастырылды. Аталмыш көрмеге аудан тұрғындары өздерінің зор қызығушылықтарын танытты.