Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Диқаншылар ел ризығын еселеуде

Диқаншылар ел ризығын еселеуде

Кеңес Шайық «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің агроном-бригадирі. Ол отыз жылдан астам уақытын ел ризығы үшін аянбай тер төгіп келеді. Осы кезге дейін бар жиған-терген тәжірибесін оңтайлы қолданып, егін алқабына себілген дәнді-дақылдардан мол өнім алу жолында сүбелі үлес қосып келеді. Жан-тәнімен беріле халық үшін қызмет еткен оның еңбегі де елеусіз емес. Соның арқасында қат-қат алғыс пен құрметке бөленді.
Мәселен, ерекше атап өтетін болсақ, осыдан екі жыл бұрын «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Медеу Бердібайұлы мол өнім жинағаны үшін егіс бригадирі қызметін атқарған Кеңес Нұрмашұлына 1 миллион теңге сыйға тарту еткен. Былтыр ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Мұнымен қоса, егістік басында емін-еркін жүретін көлікті иемденіп, еңбегіне орай басшылық тарапынан сыйға алу бір ғанибет. Осыдан кейін таңдаған кәсіпті ер азамат қалайша ұнатпауы тиіс?! Бүгінгі ісіне бар ілімін жұмсай, махаббатпен қарайтын бас агрономның айтуынша, мұндағы жұмысшылармен қатар таңмен таласып, сағат 4:30-да егістікке шығады. Сондағысы – еккен дәнді ауыртпай, арам шөбін көбейтпей, халықтың несібесін кемітпей, берекелі өнім алу мақсатында егістікті кешкі алтыға дейін бақылап-барлайды. Егін алқабының жай-күйімен қанығады. Осылайша әрбір шаруаны ұршықша иіріп, жұмыстың барысын үйлестіріп тұрады. Кешегі аптада арнайы ақылы қызмет көрсететін ұшақпен зиянкестерге қарсы гербицид пен пестицид себілді. Соларды пайдалану арқылы ауылшаруашылық өнімдерін 18-20 процент сақтау мүмкіндігі бар екендігін тілге тиек етті егіс бригадирі Кеңес Нұрмашұлы.
– Біздің 1800 гектар тегістелген жерге 5 ауыспалы егістік ротациялық кестеге сай егіс орналасқан. Ал биыл барлығы 1707 гектардан жоғары жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленді. Оның ішінде, 750 гектар жерге күріш дақылын, 555 гектар жерде көне жоңышқа, 257 гектар жерге жаңа жоңышқа, 145 гектар жерге бидай егу жоспарланды. Бұл жоспардың үдесінен шығып, наурыз айында жер дайындалып, бидай сәуір айына дейін егілді. Құдайға шүкір, шығымы жаман емес. Алла қаласа, алдағы күндері бір дәнін жоймай жинап аламыз деген үмітімізді үкілеп жүрміз.
«Мағжан и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім шартқа отырып, 185 тонна бірінші репродукциялы «Янтарь» тұқымы, 15 тонна бірінші репродукциялы «Лидер» тұқымы алынды. Сонымен қатар 3 тонна бірінші репродукциялы «Семиреченская местная» жоңышқа және 500 келі «донник» жоңышқа тұқымы алынды.
«BayDala» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім шарт жасалып, 69 тонна карбамид, 75 тонна аммофос, 225 тонна аммоний сульфаты тыңайтқышы алынды.
Сондай-ақ «EXPLANTA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім шарт дайындап, «Солито, каратэ атты гербицидтер алынды, – дейді Кеңес Нұрмашұлы.
Биыл көктем басталысымен құрал-сайманын қамдаған «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 750 гектар күріш дақылы, 145 гектар бидай, 257 гектар жаңа жоңышқа, 555 гектар көне жоңышқа сепкен болатын. Адал еңбек етіп, тер төккен дала жұмысшыларының несібесі мол болып, егін бітік шықсын деген тілектестік білдірдік. Енді 500 гектар жер келесі жылға егін егуге егістік жерлері айдалып дайындалды. Сонымен бірге 15 шақырым каналдар экскаватор арқылы қазылып, су жолдары ашылды. Қазіргі уақытта 10 механизатор, 15 сушы, механик, гидротехник, агроном, егіс бригадирлері шамамен 50 адам таң атысы, кеш батысы санаспастан жұмыс істейді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
27 маусым 2023 ж. 146 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031