Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұл тұмау бұрынғыдан өзгерек...

Бұл тұмау бұрынғыдан өзгерек...

Қалай болғанда да қазалылық жұртшылық сырқаттана қалғанда дәріханадан “парацетамол” сияқты ең қолжетімді дәрілік препарат таппай қаламыз деп ойламағаны анық. Елдегі коронавирус инфекциясының ахуалы ушығып тұрған сәтте жұртшылықтың бұлай абыр-сабырға түсуі жергілікті фармацевтикаға сын екені түсінікті. Елдегі ерекше жағдайды ескерсек аудандағы тауар жеткізу ісіне жауапты мамандардың да дұрыс жұмыс істемей тұрғанын айта кеткен абзал. Өңірдегі денсаулық сақтау ісінің мамандары босқа даурықпау керектігін, кез келген дәріні алмастыратын емдік заттар дәріханаларда толып тұрғандығын айтып ақталуда. Дегенмен медициналық кеңес берушілер мүлде жоқ екенін және аталған дәрілер бағасын халық қалтасы көтермейтінін де естен шығармаған жөн.
Бүгінгі күні кент көшелерінде түшкіріп, жөтел қысқан адамдар баршылық. Оларды әңгімеге тартып, жағдайын сұрай қалсаңыз, денсаулығына шағымын ақтара салары анық. Мәселен, жастары жетпіске таяған ерлі-зайыпты қариялардың ыстығы көтеріліп, жөтел қысқанына он күннен асқан. Жедел-жәрдем қызметкерлері оларды ауруханаға алып кетпей, үйден емделуге кеңес берген. Ауру жандар індетті анықтайтын тест алмағанын айтады. Бұдан кейінгі күндері қалай болатынын білмей дал. Бірнеше апта бұрын басталған белгісіз “тұмаудың” зардабы қандай болатынын көріп жүргенімізбен, ол туралы медицина мамандары пікір білдірмеді. Елдің даурығуына да себеп бар. Жылда салқын тиіп, тұмауратып жүрген жандар қазіргінің бұрынғыдан мүлдем өзге екенін айтады. Жөтелгендердің басым бөлігі қараптан-қарап дене қызудың жоғарылап, сүйектерінің сырқырайтынына, бас көтертпейтініне шағымданады. Бірнеше күннен кейін дәм, иіс сезбеу сияқты эффект беретін көрінеді. Араға апта салып, аурудан айықса да әлсіздік, шаршаңқылық пайда болатыны көпшілікке белігілі.
Емхана басшысы Ғалымбек Баймаханов жұрттың салқыннан тапқан ауруы коронавирус инфекциясы емес екенін, дегенмен қарапайым тұмауға да ұқсамайтынын жеткізді. Ауданда дүйсенбі күні таңертеңгі мәліметке сәйкес жаңадан Covid-19 індетін жұқтырғандар тіркелмегеніне қарап, сұраққа тұшымды жауап ала алмайтынымызды түсіндік. Дегенмен аталған емхананың жұқпалы аурулар дәрігері, көпжылдық тәжірибесі бар Орақ Кеубасов тұмауға ұқсамайтын ауа арқылы жұғатын індетті емдеу жолдарымен бөлісті.
– Алдымен науқастардың “неге үйге келіп емдемейді?” деген сұрағына жауап бере кетейін. Дәрігер де – адам. Ол да ауру жұқтыруы мүмкін. Жақында әріптесіміз қайтыс болғанын білесіздер. Сондықтан ұялы телефонмен кеңес берген ұтымды. Қазір ғаламтор қолжетімді, содан қарасын. Бізге емханаларды жабу керек деп жатыр. Өйткені аурудың 10 проценті ғана дәрігер көмегімен, қалғаны науқастың өзін-өзі емдеуімен еңсеріледі.
Індет жұқтыра қалған жағдайда алдымен халықтық ем жасау керек. Бір литр суды қайнатып, 1 қасық ас содасын салып, үстіне лимон шырынын тамызып, сұйықтық дайындап аласыз. Сосын басты матамен тұмшалап, ыстық ауамен тыныс алу қажет. Сұйықты көбірек ішіп, терлеу керек. Дене қызуы 38-ден асып кетсе, аспириннің 4/1-ін қабылдап көріңіз. Сарымсақты тұтастай ұртқа салып, сұйықтығын сорған дұрыс. Кейін аурудан айыққандай күй кешесіз. Бірақ емді тоқтатпаған дұрыс. Инфекция өкпеге түссе, емдеу тіптен қиындайды. Сонда да бетіңіз бері қарамаса дәрігердің тағайындауымен екпелер қабылдаған жөн. Қазірдің өзінде біз жағдайы өте ауыр науқастарды ғана емханаға жатқызудамыз, – дейді ол.
Бұдан бөлек ауданның бас дәрігерінің міндетін атқарушы ауруханаларда бос орын бар екенін айтқан болатын. Ал ауыл фельдшері Аралбай Мәмбетжан қазірдің өзінде ауруханалар науқастарға толып қалғанын жеткізді. Сондай-ақ індет ауру арқылы тарайтындықтан оны екі нәрсе ғана тоқтата алатынын білдік. Оның бірінішісі вакцина болса (ол әзірге өндірісте жоқ), екіншісі залалсыздандыру жұмыстарын қарқынды жүргізу. Бірақ аудандағы дезинфекция ісі ақсап тұрғанын көз көріп жүр. Ара-тұра бастан-аяқ тұмшаланған ақ жиделілер сирек көрінгенімен, мүмкін қаржысы аз бөлінгеннен бе, әлде басқа себеп бар ма, белгісіз, көшелер мүлдем залалсыздандырылмайтыны белгілі. Дәрігер: “Енді келіп қазалылық жұртшылықтың басым бөлігі ауырып жатыр деп дабыл қағуға жол болсын”, – деп отыр. Бұдан да қайыр болмағаннан кейін халыққа кез келген емді қолданбай, иммунитетін көтеруге арналған тағамдарды жиірек тұтынуға кеңес берді.
Ауданның ақ халаттыларының әңгімесін тыңдағаннан кейін мұндағы тірі жанның жанашыры өздері ғана екенін ұқтық. Дәрігерлердің шарасыздығы, дәріханалардағы сөрелердің бос тұруы, тіпті дезинфекция жұмыстарының жөнді жүргізілмеуі құзырлылардың бейқамдығы, сақтық шараларының жүзеге аспай отырғаны емей немене? Орта жасқа дейінгі буынның аталған індетті жеңілірек өткеретінін көріп отырмыз.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
01 шілде 2020 ж. 570 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031