Дәрі-дәрмекті үй жағдайында қалай сақтау керек?
Ем үшін деп сатып алған дәрілік заттар кейде толықтай қолданылмай қалады. Салдарынан қобдишаның іші жартылай қолданылған немесе мерзімі өткен дәрілерге толып қалатыны бар. Үй жағдайында сақталған дәрілердің сапасы мен қауіпсіздігіне аса мән беру қажет. Себебі дұрыс сақталмаған дәрінің денсаулыққа пайдасынан зияны басымырақ. Ал тотықтырғыш, иісі бар және бояғыш дәрілер дұрыс сақталмаса денсаулығыңызға ғана емес мүлкіңізге де зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан дәрілерді сақтауда қателіктерге бой алдырмай, төмендегі кеңестерге құлақ түргеніңіз абзал.
Көп адамдар дәріні ас үй, жуынатын бөлме немесе жатын бөлмеде сақтайды. Ал ішіп жүрген дәрілерді ыңғайлы болу үшін терезе алдына қойып, жиһаздың төменгі тартпаларына сала салады. Бұлардың ешқайсысы дұрыс шешім емес. Дәрілік заттардың әдетте құрғақ, күн сәулесі тікелей түспейтін, жылыту және қыздыру құралдарынан аулақ жерде сақтаған жөн. Ас үйде күнделікті газ плитасы, электрлі пеш қосылатындықтан бөлме температурасы ыстық болады. Оның үстіне түрлі иістер, бу, түтін көп шығады. Өздеріңіз білетіндей, дәрілер ыстықты жақтырмайды. Сондықтан қандай дәрі болмасын оны ас үйде ұстамаңыз. Жуынатын бөлме де дәрі сақтауға қолайлы жер емес. Себебі онда ылғал көп және ыстық су көп ағызылатындықтан салқын ауа болмайды. Дәрілерді жатын бөлмеге де жолата бермеңіз. Өйткені сіз үйде көп уақытыңызды дәл осы бөлмеде өткізесіз. Ал дәрілердің жағымсыздау келетін иісі сіздің ұйқыңызды бөлмеуі, мазаңызды қашырмауы қажет. Мұндай заттарды балалар бөлмесіне қоймау керектігі айтпаса да түсінікті. Сонымен дәрі-дәрмектерді салқын, құрғақ, мүмкін болса адам көп жата бермейтін бөлмеге қойыңыз. Бірақ тым жоғары және пакеттерге тұмшалап, орап қоймаңыз. Үй мүшесінің біріне кез-келген уақытта оқыс жағдай (жарақат алу, жүрек талмасы, қан қысымының көтерілуі, есінен танып қалу) орын алып қалуы мүмкін екенін ескеріңіз. Мұндай жағдайда адам сасқалақтап қалады да, дәрілерді іздеуге мұршасы болмай қалады.
Дәрілік препараттардың барлығы бірдей емес. Олардың түрлері көп болғаны секілді сақтау ережелері де түрліше болып келеді. Ең бастысы балаларға арналған дәрілерді басқаларға қоспай бөлек қобдишада сақтасаңыз соғұрлым сенімдірек болады. Екіншіден сұйық дәрілерді (көз, мұрын тамшылары, суспензия, иньекциялық ерітінділер) тоңызытқыштың арнайы қалташасына салыңыз. Егер қалташа болмаса тағамға араласып кетпес үшін қорап, полиэтиленді пакетке салып қойғаныңыз абзал. Бірақ, ешбір дәріні мұздату камерасына жолатпаңыз. (Абзалы мұз боп қатып қалған дәріні пайдаланбаңыз). Жалпы дәрі-дәрмекті пластмассадан, металлдан жасалған стандарт қораптарда сақтаған дұрыс. Таза картоннан жасалған кең және ыңғайлы қорапта да жарайды.
Есіңізден шығармаңыз препарат қорабындағы дәрілерді қолданылуы туралы нұсқаулықты тастамаңыз, ол сізге кез-келген уақытта көмекші болады. Егерде нұсқаулықта дәріні нақты қай температурада сақтау керектігін көрсептесе төмендегі анықтамалар сіздің қажетіңізге жарап қалар. Сонымен біле жүріңіз:
- егер қолдану жөніндегі нұсқаулықта бөлме температурасында сақтау ұсынылса немесе температура көрсетілмесе, препаратты +15°С пен +25°С температура аралығында сақталуы тиіс дегенді білдіреді;
- егер салқын жерде сақтау ұсынылса, препаратты +8°С пен +15°С температура аралығында сақтау қажет деген сөз;
- қараңғы жерде сақтау дегеніміз, дәрілік затты күн сәулесінен қорғалған жерде сақтау қажет дегенді білдіреді;
- құрғақ жерде сақтау дегеніміз, дәрілік затты ауаның салыстырмалы ылғалдығы 60 пайыздан аспайтын бөлмеде сақтау қажет екендігін білдіреді. Мысалы: Дәрінің зат белгісінде: «Салқын, жарықтан қорғалған жерде сақтау керек» деп жазылса, оны -15°С аспайтын температурада, яғни тоңазытқышта сақтау қажет деген сөз. -5°С-тан аспайтын температурада сақтау ұсынылған препараттарды да сол жерге қою керек.
Жарамдылық мерзімі өткен және бүлінген дәрілер әсері белгісіз заттардың құрамдастырылымы болып табылатындығын естен шығармаңыз. Сондықтан да мына ережені сақтаңыз: жарамдылық мерзімі өте салысымен немесе дәрінің сапасына күмәндансаңыз, одан бірден құтылыңыз. Дәрілік заттарды ешқашан кәріз құбырына төкпеңіз, бұл өте қауіпті! Сақтау мерзімі өткеннен кейін, дәрі құрамында өзгерістер орын алады. Олар улануға, бүйрек пен бауырдың удан зақымдалуына, тағы басқа зардаптарға алып келуі мүмкін. Сондықтан дәріні артығымен және интернет-дүкендерден сатып алмағаныңыз жөн.
Дәрілердің ауруыңызға шипа болатыны сөзсіз. Әйтсе де қит етсе дәрі қабылдаудан арылыңыз. Ең дұрысы ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздесеңіз, мықты денсаулықтың кепілі сол болмақ!
oinet.kz