Шаруаларға тиесілі малға сәйкестендіру жүргізуді бекіту нормалары қарастырылып жатыр - АШМ
ҚР Ауыл шарушылығы министрлігі малдың кімге тиесілі екенін анықтау үшін сырға немесе чип салу талабын қатаңдатуға қатысты түсінік берді.
Фото: PexelsАтап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 29 сәуірдегі № 145 бұйрығымен бекітілген малды жаюдың үлгілік қағидаларының 8-тармағына сәйкес, адамдардың қадағалауынсыз жүрген мал қараусыз жүрген болып есептеледі және иесі анықталғанға дейін уақытша ұстау үшін қоражайларға қамалады. Қараусыз жүрген малды ұстау, иелеріне қайтару тәртібі, сондай-ақ иелерінің жауапкершілігі Азаматтық кодекстің 246-бабына сәйкес айқындалады.
- Қазіргі уақытта Үкімет қорытындысында Парламент депутаттары бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына, шаруа және фермер қожалықтарына өздеріне тиесілі малға сәйкестендіру жүргізуді бекіту нормалары қарастырылып жатыр, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Бұған дейін хабарланғандай, жақында қараусыз жүрген мал иелеріне жауапкершілік күшейтілетіні мәлім болды. Осы тұрғыда заңнамаға түзетулер енгізіліп, малдың кімге тиесілі екенін анықтау үшін сырға немесе чип салу мәселесінде талап қатаң болатыны айтылды. Бұған жол үстінде жылқы мен сиырды қағып, көліктің апатқа ұшырауы деректерінің көбеюі әсер етіп отыр. Сонымен қатар сәйкестендіру іс-шаралары мал ұрлығының алдын алу мақсатында жасалмақ.













