Ажал жолда аңдып жүр немесе апат айтып келмейді
Фото: ашық дереккөзден алындыАдам баласының бір жерден екінші мекенге сапар шегуі – тіршіліктің ажырамас бөлігі. Бүгінде бұл сапарлардың көбі көлікпен жүзеге асады. Уақытпен санасқан қоғам автокөлікті – жедел әрі ыңғайлы құрал ретінде таңдайды. Жеке көлігі болмаса, такси шақырады. Қалааралық рейстердің саны да артты. Жол жүру күнделікті өмірдің дағдылы көрінісіне айналды.
Алайда сол дағдының астарында қауіптің бары ескеріліп жүр ме? Көлікке отырған адамның барлығы сапарын сәтті аяқтала бермейді. Бір сәттік асығыстық, ережені елемеу немесе салғырттық – орны толмас қасіретке ұласып жатыр. Таңнан кешке дейін мыңдаған көлік жолға шығады. Бірақ олардың бәрі діттеген жеріне аман жетеді деп айтуға бола ма? Олай болса, жолдағы жауапкершілік пен жүргізуші мәдениетінің жай-күйі қандай? Мәселенің мәніне үңіліп көрелік...
Сандар сөйлегенде
2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстан жолдарында тіркелген апаттар жайлы мәліметтер көңіл көншітпейді. Ел аумағында 26 127 жол-көлік оқиғасы орын алған, бұл – өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 35,4%-ға көп. Мұндай өсім жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы жағдайдың күрделенгенін айқын көрсетеді.
Апаттардың көбеюі өзімен бірге жарақаттанғандар санының да артуына әкелді. Биыл 37 408 адам түрлі деңгейде жарақат алған, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 40,1%-ға жоғары. Сарапшылардың айтуынша, мұндай өсімнің негізгі себептері – көлік санының күрт артуы, жол инфрақұрылымының жетілмегендігі және жүргізушілердің тәртіп бұзуы.
Биылғы деректерде қайтыс болғандар саны 3,1%-ға азайғаны байқалады. Ал тоғыз айдың қорытындысымен жол апаттарынан 1 699 адам көз жұмғаны белгілі болып отыр.
Еліміздегі жол-көлік апаттарының осылай өсуі – көлік қозғалысын басқару жүйесін қайта қарау, жол инфрақұрылымын жетілдіру және жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру қажет екенін дәлелдейді.
Жауапсыз жүргізуші – жасырын қауіп
Біз сарапқа салған тақырыпты бұған дейін Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Парламент қабырғасында көтерген. Ол онда Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке сауал жолдап, бүгінде елімізде жүргізуші куәлігінсіз рөлге отыратындардың қатары артып жатқанын айтқан-ды.
Мәжіліс депутаты мінберде жүргізуші дайындайтын автомектептердің жауапкершілігін күшейтуді, олардың оқыту сапасы мен бақылау жүйесін қайта қарауды ұсынды. Өйтені депутат айтқандай, кейбір мекемелерде формальді түрде білім беріліп, салдарынан жолда тәжірибесіз, бейқам жүргізушілер саны көбеюде.
Депутат такси қызметін ұсынатын онлайн платформалар (мысалы, Yandex Go, inDriver т.б.) арқылы жұмыс істейтін кей жүргізушілердің құжаттарының дұрыстығы, денсаулық жағдайы, кәсіби тәжірибесі тексерілмейтіндігіне де тоқталды. Оның айтуынша, бұл – жолаушылардың қауіпсіздігіне салғырт қарау. Сондай-ақ Саиров такси сервистерінің заң алдындағы жауапкершілігін арттырып, жолаушы қауіпсіздігіне қатысты нормативтер енгізуде шетелдік тәжірибені сүйенген дұрыс дейді.
– Мәселен, АҚШ-та жүргізушілерге қойылатын талап өте қатаң. Такси қызметін көрсету үшін әрбір жүргізушінің жеке басы, денсаулығы, соттылығы, жүргізуші куәлігі, тынығуы толық сүзгіден өткізіледі. Егер жүргізуші жолда жылдамдықты шектен тыс арттыратын болса, онда жол полициясы айыппұл салып, бірден Uber жүйесіне мәлімет жібереді. Ол дереу жүргізуші аккаунтын 2 жылға жауып тастайды екен. Біздің елімізде де осындай шаралар енгізілуге тиіс. Өйткені жолда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамассыз ету майданға айналып отыр. Осы майданда заң мен тәртіп үстемдік етуі керек», – деді Ерлан Саиров.
Сергіткіш сусын ажалға себеп пе?
Сарапшы мамандардың сөзіне сенсек, жол апатының үштен бірі жүргізушілердің белгіленген жылдамдықтан асып кеткендігінен, рөлде ұйықтап кету, қарсы жолаққа шығып кетуінен болуда. Осының салдарынан қаншама отбасы қара жамылуда.
Жасыратыны жоқ, жолда жүйткіген такси жүргізушілердің дені жастар. Олар өздерін аямастан демалыссыз дамыл таппай үш-төрт рет қалааралық рейс жасап, жолаушылар тасымалдайды. Жол бойы сергіткіш сусын ішіп, шаршағанын басқан болады. Алайда шаршауды шала басатын мұндай сусынның әсері жоғалғанда оқыс оқиға ұрынатын сәттер аз емес.
– Шыны керек, кейде түн ортасында сырт қалаға сапарлататын сәттер болады. Түн ауғанда таксимен шығу қорқынышты. Бірақ асыққанда басқа амал бар ма? Тәуекел деп, такси қызметіне жүгініп жатамыз. Алайда, такси тізгіндеушілердің көбі жолда қалғып-мүлгіп отырады. Жолда энергетик ішіп, шала ұйқысын ашқан болады. Бірақ ол адамның шаршағанын баса ма? Уақытша сергіткенімен, шектен тыс көп ішкенде әсері де болмай, ұйқы басып, тізгінге ие болмай қалмасына кім кепіл? Такси жүргізушілеріне арнайы кесте жасақталып, оның жолға шығуға физикалық жағдайы ескеріліп шығуы керек деп есептеймін. Өйткені жолаушының амандығына сол жауапты, – дейді Мақсат есімді қазалылық.
Асығыстық апатқа апарады
«Сәл кешігіп барсаң, аман жетесің» деген қарапайым қағида – жол мәдениетінің ең басты негіздерінің бірі. Алайда бүгінде бұл ұстаным көпшілік санасында көмескіленіп бара жатқандай. Жолға шыққан сайын қауіп пен үрей қатар жүреді. Өйткені жүргізушілердің бірі – асығыс, бірі – салғырт. Ал осы бейқамдық пен жауапсыздық адам өмірін ойыншыққа айналдырып отыр.
Жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар саны жыл санап артуда. Бұл тек статистикалық көрсеткіш емес – бұл көз жұмған тағдырлар, қайғы жұтқан отбасы, жазықсыз құрбан болған жандар. Қоғамның көкейінде қорқыныш, ал сенімінде селкеу бар. «Асығыстық апатқа апармай ма?» деген сұрақтың астарында терең алаңдаушылық жатыр.
Қазіргі таңда көлік тізгініндегі көпшілік уақытпен жарысқа түскен. Кешігіп қалмау үшін бағдаршамды елемейтіндер, жылдамдықты асыратындар, жаяу жүргіншілерді байқамайтындар көбейді. Бұл туралы тұрғындардың пікірі де айқын.
Мәселен, Гүлнұр есімді қала тұрғыны:
– Таңертең балаларымды мектепке апарамын. Жаяу жүргінші өткелінен өткен кезде талай көлік тоқтамай, зу етіп өте шығады. Қайда асығатынын түсінбеймін. Қанша жерден кешіксе де, адам өмірінен артық ештеңе жоқ қой, – дейді.
Қазалылық Қайрат есімді азамат та жолдағы жылдамдықтың шектен тыс екенін атап өтті.
– Қалада кетіп бара жатқанда, қарсы беттен жарысып келе жатқан көліктерді көрсең, жүрегің аузыңа тығылады. Жылдамдық шектеуі деген жай сөз сияқты. Жол ережесін тек полиция тұрған жерде ғана сақтайтындар көп, – дейді ол.
Бұл пікірлер бір ғана тұжырымға саяды. Көлік жүргізушілерінің салғырттығы мен асығыстығы – тек өз өміріне ғана емес, өзгенің де тағдырына қауіп төндіреді. Тіпті бір сәттік шешім орны толмас өкінішке ұласуы мүмкін.
Теңгерімсіз тізгін жауапкершілік жүктейді
Жол қозғалысы ережесін сақтау – әрбір жүргізушінің азаматтық борышы. Алайда, өкінішке қарай, көлік тізгінін мас күйінде ұстайтындар азаймай отыр. Мұндай жауапсыздық тек жүргізушінің өз өмірін ғана емес, айналасындағылардың да тағдырын қыл үстіне қояды. Мас адамның әрекеті көбіне жазықсыз жандардың қайғысына себеп болып, олардың өмірінде өшпес жара қалдыратыны өкінішті шындық.
Заң да мұндай қылмыстық әрекеттерге жеңіл қарамайды. Мас күйінде көлік жүргізу – қоғамдық қауіптілігі жоғары құқық бұзушылықтардың бірі болып саналады. Бұл үшін әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік қарастырылған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес, көлік құралын алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде басқару, сондай-ақ ондай адамның көлік жүргізуіне жол беру – он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алу және жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыру түрінде жазаланады.
Ал дәл осындай әрекетті көлік жүргізу құқығынан айырылған адам жасаған жағдайда, жауапкершілік әлдеқайда күшейеді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (ҚК) 608-бабының 1-бөлігі бойынша, мұндай құқық бұзушылық үшін белгілі бір қызметпен айналысу немесе лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырумен қоса, бес мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту, не бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сондықтан теңгерімсіз тізгін – жауапкершілік жүктейтінін әр жүргізуші терең түсінуі қажет. Себебі рөлге отырған сәттен бастап адам тек өз өмірін емес, айналасындағы жолаушылар мен жолдағы өзге қатысушылардың тағдырын да қолына алады.
Аудандағы ахуал қандай?
Соңғы уақытта ауданда орын алып жатқан жол-көлік оқиғалары тұрғындарды алаңдатып отыр. Нақты статистика бәрінің қолында болмаса да, күнделікті өмірде үлкенді-кішілі жол апаттарының жиілеп кеткенін байқау қиын емес. Көп жағдайда оқыс оқиға болған бойда әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалар мен хабарламалар қоғамда қызу талқылауға түсіп, түрлі пікірлер туғызады. Бірі апатты жүргізушілердің жауапсыздығынан көреді, енді бірі жол-патрульдік полиция қызметінің бейқамдығына налиды. Шынтуайтына келгенде, екі тараптың да уәжі орынды.
Дегенмен, бұл орайда құқық қорғау органдарының еңбегін жоққа шығаруға тағы болмас. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру бағытында түрлі профилактикалық шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді.
2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатовтың мәліметінше, аудан көлемінде 58 жол-көлік оқиғасы тіркелген, оның ішінде 18 жағдай жаяу жүргіншілердің қатысуымен болған. Бұл көрсеткіш жол қауіпсіздігі саласындағы жұмыс әлі де жетілдіруді қажет ететінін аңғартады.
Аталған мәселеге орай аудан аумағында «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Мас жүргізуші – қылмыскер», «Заңсыз қайта жабдықтау», «Құқық тәртібі» сияқты бірқатар жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілуде. Мұндай акциялардың басты мақсаты – тұрғындардың көлік жүргізу мәдениетін арттыру, жолда жауапкершілікті сезінуге шақыру және тәртіп бұзушылықтың алдын алу.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының қыркүйек айында жолдаған Жолдауында да жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ерекше назарға алынған болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында ауданда арнайы мәжіліс өткізіліп, онда жол қозғалысын ұйымдастыру, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі және көше инфрақұрылымының жай-күйі жан-жақты қаралды.
Мәжіліс барысында аудан әкімінің орынбасары Жалғас Оңғарұлы полиция бөлімінің бастығына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында рейдтік шараларды күшейту, жедел басқару орталығының мүмкіндіктерін толық пайдалану, сондай-ақ жолдағы тәртіп пен бақылауды күшейту міндеттелді.
Сонымен бірге кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне әлеуметтік нысандар мен білім беру мекемелерінің маңында жол белгілерін орнату мен жаңарту, жаяу жүргінші өткелдерін айқын ету, жол жабындыларының сапасын бақылау және көшелердің жарықтандырылуын жақсарту тапсырылды. Аудан басшылығы мен құқық қорғау органдарының бастамасы осы бағыттағы жұмысты жүйелі арнаға салуға мүмкіндік берері сөзсіз.
Түйін: Апат ешқашан айтып келмейді, ол бір сәттік бейқамдық пен жауапсыздықтың салдары ғана. Сондықтан әр жүргізуші мен жаяу жүргінші жолдағы қауіпсіздікті өз өмірінің басты құндылығы деп санауы керек.
Жол – бұл тек қозғалыс орны емес, ол өмір мен өлімнің арасы. Саналы жүріс-тұрыс пен тәртіп жолдағы қайғылы оқиғалардың алдын алып, көп өмірлерді сақтап қалатыны анық. Сондықтан жолдағы әр әрекетіміз жауапкершілік пен сақтыққа негізделгені абзал.
Арайлым ЖҮСІПОВА












