Сала мамандарына марапат
Жақында ауданда Р.Бағланова атындағы аудандық Мәдениет үйінде өңір дамуына өзіндік үлес қосып жүрген бірқатар сала озаттары құрметке бөленді. Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетіліп, Қызылорда облысының «Құрмет грамотасы» мен облыс әкімнің «Алғыс хаттары» табысталды.Салтанатты шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, өңірдің дамуына үлес қосып жүрген барша аудан жұртшылығына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың алғысын жеткізді.
– 30 қазан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келіп, аймақтағы жаңа әлеуметтік, инфрақұрылымдық, өндірістік нысандардың жұмысымен танысты. Бірқатар ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысып, облыс жұртшылығымен кездесті. Президентіміз облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарып жатқан қарымды қызметін «Облыс жалпы жақсы дамып келе жатыр. Қарқыны жоғары» деп оң бағасын берді. Бүгінде «Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірінің Мемлекет басшысының, Үкіметтің ерекше қолдауымен, облыс әкімінің ұтымды үйлестіруімен жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Қазыналы Қазалы ауданында да көрсетілген қолдаулардың нәтижесінде аудан халқының игілігіне бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылды. Биылдың өзінде аймақ басшысының қолдауымен аудан бюджеті 18,9 миллиард теңгеге бекітілсе, есепті кезеңде нақтыланған бюджет көлемі 26,7 миллиард теңгеге жетті. Соңғы жылдары барлық макроэкономикалық көрсеткіштеріміз 100 пайыздан артық орындалып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Бұл ауқымды қаражат аудандағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Қызылорда облысының өсіп-өркендеуіне, халқымыздың әл-ауқатын арттыру жолындағы еңбектеріңіз үшін Сіздерге аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының шынайы ризашылығын жеткіземін, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Ауданда соңғы жылдары Президенттің, Үкіметтің, қолдауымен аймақ басшысының басшылығымен, аудан халқының ауызбірлігінің арқасында ауқымды жұмыстар атқарылды. Соңғы үш жылда Әйтеке би кентінде 250 орындық мектеп, 600 орындық Мәдениет үйі, Қ.Пірімов және Ү.Түктібаев ауылдарына 2 спорт кешені, Бозкөл, Кәукей, Абай ауылындарында 3 дәрігерлік амбулатория, Кәукей ауылында 100 орындық ауылдық клуб сынды нысандар ел игілігіне пайдалануға берілсе, 198 отбасыға жаңа баспана кілті табысталды. Ал биыл жыл басталғалы бері жаңа прокуратура ғимараты, Жанқожа батыр ауылында 300 орындық «Келешек мектебі», «Руханият» орталығы, Қазалы мәдени-демалыс кешені сынды нысандар пайдалануға берілді.
А.ӘЛИ













