Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыйлықтың көркін келтірген

Сыйлықтың көркін келтірген

Сыйлық алғанды ұнатпайтын жан кемде-кем. Бәріміз де оған ие болсақ, көңіліміз көтеріліп қалатыны сөзсіз. Біле білсеңіз сыйлық таңдай білу де үлкен өнер. Көпшіліктің, әсіресе, қыз-келіншектердің асыға күтетін мерекесі жақындап келеді. Ал сіз анаңызға, апа-қарындасыңызға, жарыңызға немесе құрбыңызға қандай зат таңдадыңыз? Бәлкім, қолдан жасалған дүниені сыйға тартарсыз. Осы орайда қолөнер бұйымдарын жасайтын шеберлер мен олардың туындыларын сіздерге таныстыруды ниет еттік.

Жақыныңызға әсем моншақтармен безендірілген кәжекей немесе бұрымында бұлғақтаған шашбау бергіңіз келсе, Нұрбанудың қолынан шыққан дүниелерге зер салыңыз. Бала күнінен анасы Клара Қосмұратованың қасынан табылып, тігіншілік өнердің қыр-сырына қаныққан Нұрбану іс тіккенді ұнатады. Әдемілікке жаны құмар келіншек өзі дайындаған кез келген дүниені көздің жауын алатын жылтыр тастармен безендіреді. Оның әр ісі ыждаһаттылық пен ептілікті талап етеді. Көз майын тауысып, моншақтардың орнықты орналасуын ерекше қадағалайды. Тапсырыстың сапасына аса мән береді. “Ару-Илья” базарынан ашқан бутигінде болып, Нұрбанудың еңбегімен таныстық. Бір ғана есім жазылған түйреуіш жасаудың өзіне жоғары талғам керек. Әріптердің түсі мен моншақтардың үйлесім табуы, оған байланатын лентаның көлемі бәрі-бәрі ескерілді. Алдына келген адамның талабын өнерлі қыз бірден түсінді. Бас-аяғы отыз минуттың ішінде оның ойындағыдай етіп жасалған түйреуішті қолына ұстатты.
– Менің мамандығым мүлдем бөлек. Тігіншілікпен айналысуды жаным қалайды. Бірнеше жыл бұрын Жадыра Беркімбаева деген шебер келіншекпен танысып, бірге жұмыс істей бастадым. Көп нәрсе үйрендім. Қазір жеке кәсібім бар. Шашбау, сәукеле, кәжекей, тасбих, білезік, алқа, есім жазылған түйреуіштер, тағы басқа көптеген бұйымдар жасаймыз. Шүкір, дүниелеріміз сұранысқа ие. Тапсырысты жұмыстың ыңғайына қарай 2-3 күнде бітіреміз. Бағасы да қолжетімді, – дейді Нұрбану Сағырбекқызы.
Бүгінде Нұрбану бір әулеттің келіні, жас ана. Дегенмен сүйікті кәсібінен де қол үзген жоқ. Барлығына үлгеруге тырысады. Алға қойған мақсаты да айқын. Бізбен әңгіме барысында үлкен жоспарының барын аңғардық.
– Кәсібімді одан әрі жетілдіргім келеді. Қазақ халқының ою-өрнегі кез келген бұйымға ерекше сән береді. Келешекте қоржын және ертегі кітаптар жасауды ойға алдым. Ізденсең, талпынсаң тың идеялар туындайды. Бұйырса, тұтынушыларымызды жақсы жаңалықтармен қуантпақпыз, – деген кәсіпкер келіншек тапсырыс берушінің қалтасына салмақ салмайтындай арзан әрі айрықша туындыларымен таңғалдырды.
«Қолдан жасалған сыйлықтың құны жоғары» деген пікірдегі жандардың қатарында Ақбота Қарасай да бар. Ол М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінен бастауыш білім беру мұғалімі мамандығын алған. Қазір аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істейді. Ақбота бірінші курста оқып жүргенінде құрбысының туған күніне сыйлық жасауды жөн көреді. Қандай сыйлық көңілінен шығар екен деп әбден толғанады. Бір сәт оған «Неге өз қолыммен жасалған әшекейді ұсынбаймын» деген ой келеді. Қолөнерге ебі, іске икемі бар бойжеткен әсем гүлдермен дестеленген абодокты сыйлағанда досының қатты қуанғаны есінде. Осыдан кейін қыз балаларға арнап шаш сәндейтін түрлі заколкалар жасай бастады. Бертін келе түрлі-түсті қағаздан букет гүл дайындады. Осылайша қызығушылығы аталған салаға жетеледі. Ойдан ой туындап, сыйлыққа ұсынуға лайық ерекше дүниелерді әзірлейді. Тәттілер толтырылған себет, гүлмен көмкерліген шоколадтар Ақботаның қиялының жемісі. Жастайынан өнерге жақын өскен жан «Қыз Жібек» бишілер тобында болып, байқауларда өнер көрсетті. Ән де салады, өлең шығаруға да талабы бар. Бұл қасиет әкесінен дарыды деп есептейді.
– Әкем Жаңайбек Дінахмет шығармашылыққа жақын, ақындығы да бар. Анам Алмагүл Көбенова үй шаруасына мығым, асты дәмді әзірлейді. Өнерге құштарлығым мен іске деген икемділігімді ата-анамның тәлімді тәрбиесінің нәтижесі деп білемін. Мен жасаған гүлдердің өзгеден ерекшелігі – өміршеңдігінде. Олар солмайды, түсін жоймайды. Тіпті бес жыл уақытқа дейін сақталады. Гүлдің санына қарай букеттің де көлемі үлкейеді. Бір тал гүл 200 теңге, безендіруін 800 теңге деп бағаладым. Арнайы қағаздан жасалады. Қызылорда қаласына барып, бірнеше түсін таңдап аламын. Тапсырысты бір күн бұрын қабылдаймын. Бұл гүлдерге сұраныс жоғары. Бағасы да қолжетімді, – дейді Ақбота Жаңайбекқызы.
Үшінші кейіпкеріміз Рыскүл Срашова. Ол өзі туып-өскен Қызылжар ауылындағы №81 орта мектептің 9 сыныбын тәмамдаған соң Арал қаласындағы ­Индустриалдық-техникалық колледжінен тігінші мамандығын меңгерді. Жиырма жасар бойжеткен кәсіпкер болуды көздейді. Оның бұл ниетін құп көрген ағасы Асылбек Рсалиев қарындасының кәсіпкерлік білім алуына ықпал жасады. Рыскүл Айболатқызы Қазалы ауданынан «Бастау бизнес» жобасы бойынша бір айлық курстан өтті. Бұдан соң бизнес жоспарын құрып, жобасын өз дәрежесінде қорғады. Нәтижесінде 505 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Оған тігін машинасы мен керекті құрал-жабдықтар алды. Қазір күнделікті тұрмыста тұтынатын сүлгі, қолорамалдарға, киімнің кез келген түріне кестелеп, тұтынушының қалаған сөзін немесе оюын түсіріп бере алады. Он саусағынан өнер тамған жеңгесі Сауықгүлден көрпе тігу, құрақ құрау, киім пішудің қыр-сырын әлі де үйрену үстінде.
– Бала күнімнен тігіншілікке қызығушылығым болды. Оны жетілдіріп, арнайы білім де алдым. Мемлекет қолдауының арқасында жас кәсіпкер атандым. Ендігі міндет – кәсібімнің көкжиегін кеңейту. Бүгінде көп нәрсемен елді таңдандыра алмайсың. Сол себепті ізденіс үстіндемін. Тұтынушыларға тағы қандай тың туындылар ұсынуға болатынын үнемі іздестіремін. Сіңлім Ақерке көмекшім. Мені алға сүйреп, батыл қадам жасауыма қолдау көрсетіп отырған әкем Айболат, ағам Асылбек пен жеңгем Сауықгүлге алғысым шексіз. Сонымен қатар кәсіпкерліктің бастапқы сатысынан бастап оқытқан тренерім Олжас Аяғановтың шеберлігіне тәнтімін, – дейді Рыскүл. Оның айтуынша, кестелеп ою салу немесе жазу жазу 2000-3000 теңгеден әрі аспайды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

03 наурыз 2020 ж. 887 0

Сыр спортының серпіні

28 қараша 2024 ж. 34

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930