Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық шебер мүйізден мүсіннің түр-түрін жасайды

Қызылордалық шебер мүйізден мүсіннің түр-түрін жасайды

Қызылорда облысы Қармақшы ауданының тумасы Самалбек Бурабаев сүйек пен мүйізден мүсіннің түр-түрін жасайды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.
Қолөнер шебері мал мүйіздері мен сүйектерінен әртүрлі бұйым жасайды. Ол әуелі мүйізді əбден тазалап, суға қайнатады. Содан кейін одан көздің жауын алар құстардың, аңдардың бейнелерін жасап шығарады.
«Қармақшы ауданының №121 орта мектебінде еңбек пәнінің мұғалімімін. Қолөнермен айналысу үшін ең әуелі ынта-жігер мен ептілік қажет. Мүйізді өңдеу үшін бір жетідей уақыт кетеді. Суға салып, жібітіп аламын. Содан кейін ыстық суға қайнатып немесе ыстық қоламтаға салып балқытып алса, кесіп, жонуға жеңіл. Мұндай жұмсап, балбыраған мүйізді июге, қалыпқа қысып кез келген пішінге келтіру оңай. Бабына келіп тұрған кезінде пышақпен еркін жона беруге болады», – дейді шебер.
Мүйізден мүсін жасаудың шебері деп танылған ол бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүр. Себебі, атадан қалған ұлттық өнер келер ұрпақ санасында мəңгі қалса деп тілейді. Тіпті, өзіне қыр-сыры мәлім өнер туралы кітап жазу ойы да бар.
«Маған бұл өнер әкемнен қонған қасиет деп білемін. «Әке көрген оқ жонар» демекші, сол кісінің қасында жүріп, қолөнерді үйрендім. Алайда, әкем ертұрман, ертоқым, қамшы секілді дүниелерді жасайды. Мен мүйізден әр түрлі бұйым жасауға машықтандым. Әкеден көрген тәлімімді өзгелерге де үйретіп жүрмін. Бүгінде оқушыларға еңбек пәнінен сабақ беріп қана қоймай, қолөнер бұйымдарын әзірлеуге баулып келемін. Балалардың да қызығушылығы жоғары. Жалпы, қолынан іс білетін адамға ештеңе кедергі емес. Тек еңбек ете білу керек. Мұндай жұмыстар жалқаулықты көтермейді», – дейді С.Бурабаев.
Көлөнершінің айтуынша, жас кезінде бұл істі бос уақытында ермек етсе, соңғы екі-үш жылдықта айрықша ден қойған. Оның қолынан шыққан туындылар көпшілікке кеңінен танылып келеді. Шебер бұйымдарын бұрын жақын-жуыққа сыйға тартса, қазір арнайы тапсырыс берушілер көбейген. Мүсіннің бағасы 3 мың теңгеден басталып, 20-30 мыңға дейін кете береді.
«Сәкеңдікі аса ыждаһатты қажет ететін еңбек. Қолдан жасалған бұйым әрқашан да құнды ғой, біреулер жақындарына сыйға беру үшін сатып алып кетіп жатады. Әрі мүсіндері үйіміздің де сәнін келтіріп тұр», - дейді қолөнершінің зайыбы Ақманат Рахатова.
Алғаш рет ұстаның қолтаңба дүниелері Қорқыт ата этноауылы мұражайынан орын алған. Содан кейін, халықаралық кешені басындағы ЭКСПО-2017 көрмесіне төл туындыларын алып барған. Шетел қонақтары оның өнеріне қызығушылық танытып, таңданыспен қараған екен. Сол жерде бірқатар туындылары сатылған. Мәселен, Сауд Арабиясы, Германия, Ресей мемлекеттері мүйізден жасалған балық, құс, бақыт құсы деген мүсіндерін ерекше бағалаған. Шебер содан бері үлкен-кішілі көрме-байқауларға өз дүниелерін ұсынып келеді.
Baq.kz
31 мамыр 2018 ж. 2 408 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031