Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өмірді сүю – ең ұлы мағына

Өмірді сүю – ең ұлы мағына

Пандемия кезінде қазақ театр, әдебиет пен киноны интернет желісі арқылы бақылап жүргенмен, талантты тұлғаларды қоғамнан жоғалтып алғандай болдық. «Мәңгі аяқталмайтын істерде сенің ұлылығың жатады» – депті Гете. Өнер де ешқашан аяқталмайды.
Осыған байланысты «Қастерле мені» (2000), «Гүлдер мен кітаптар» (2003), «Күзгі рандеву» (2005), “Қарқаралы басында” (2010), «Махамбет философиясы»(2014) кітаптарының және “Жарық жолы”, «Пұт-кітап” хикаяттарының авторы, жазушы-философ Дидар Амантаймен қазіргі қазақ әдебиеті, қоғам мен шығармашылық жайлы тілдескен едік.
– Дидар аға, соңғы оқыған кітабыңыз қандай?
– Соңғы рет әдебиеттану мен философияға қатысты Жиль Делездің «Логика смысла», Жак Дерриданың да бір кітабын оқыдым. Ницщені де қарап жүрмін. Қазір Абай мен Ницще туралы көлемді бір эссе жазып жатырмын.
– Жазушы ретінде қалай ойлайсыз проза сұрақ қоюы керек пе, әлде сауалға жауап беруі керек пе?
– Философия сұрақтан басталады. Бірақ әдебиет те танымның бір түрі. Тіл тек байланыс құралы емес, әмбебап дүние. Тіл – әлемнің үлгісі. Фердинанд де Соссюр лингвистикалық революция жасады. Ғалымдар таңбаның не екенін ашты, мәтін дыбыстан озды, тіл – таңбалар жүйесі деп жарияланды. Тілдегі әр сөз – түсінік (таңба мен акустикалық образ бірлігі), ал ол түсінікте – білім, өз даму деңгейі бар. Мұның барлығы адамзаттың сан ғасырлық еңбегімен қалыптасты. Демек, проза – сұрақ қоюы да, жауап беруі де керек.
– Қазақ прозасы да, жазушылар легі де аяқталған жоқ. Қазір де жас жазушылар бар, бола да береді. Бірақ неліктен бізде Нобель жоқ? Оны иелену үшін не істеуіміз керек деген сұрақ бар.
– Әдебиеттің әдебиет екендігін білдіретін Нобель сыйлығы емес қой. Соңғы 40-50 жыл ішінде танымалдылығы артқан сыйлық болса да, бұдан да басқа сыйлықтар көп. Бірақ әдебиеттің мұраты Нобель алу не алмауда емес. Оның негізі мінәжат па екен, әлде адамдарға өзінің кім екенін таныту ма екен деймін кейде. Адамды өмірге келгеннен кейін «Біз кімбіз? Қайдан келдік? Қайда барамыз?», «Бақыт деген не?» деген үлкен абстрактілі категориялар мазалайды. Сол сауалдарға жауап беруге, өзін тануға да әдебиет керек.
– Дидар аға, Сіздің шығармашылығыңыз туралы сын айтушылар көп. «Түсініксіз» деп қайыра салатындар да бар. Жалпы қазіргі әдеби сынға көңіліңіз тола ма? Сын бар ма?
– Сын бар ма, жоқ па, көңілім тола ма, жоқ па білмеймін. Өйткені мен сынды іздеген емеспін. Менің ойымша, әдебиетке қадам басқан әр пенденің маңдайына жазылған бір тақырып болады. Өзінің энергиясын, білімін сол тақырып аясында жазуға арнайды.
Әдебиетке нақты бір анықтама беруге болмайды. Бірақ мағына іздеу, мәнге талпыныс бар. Демек, біз шығарманы сын үшін жазбауымыз керек. Әдеби сынды қабылдап, тыңдап отырудың да еш әбестігі жоқ. Өзім сынға бейтарап қарамаймын, бірақ қатты көңіл де бөлмеймін.
– Абай «Сананы тұрмыс билейді» десе, Сіз «Сезімді тұрмыс билейді» депсіз. Сезім, махаббат қанша уақыт өмір сүреді?
– «Сана-сезімді тұрмыс билейді» деп Карл Маркс айтқан ғой. Ал махаббаттың қанша жыл өмір сүретіні Аллаға аян. Жастық шақта сезімге беріліп, кейде асыра сөйлейміз. Махаббат адамзатқа тән көп сезімнің бірі ғана. Абай Жаратқанның адамға, пенденің оған деген сезімдерін біріктіріп, толық адам (иманигүл) ілімін қалыптастырды. Әркім махаббаттан өзіне қажеттіні табады. Бірақ қалай болғанда да өмірді сүю керек. Өмірді сүю – ұлы мағыналардың бірі. Бас мағына – Құдай. Әр адам – тұлға, мағыналы ғұмыры бар. Ол – жалғыз. Сыңары жоқ. Өйткені, өмірге бір-ақ рет және жалғыз келеміз. Саған берілген өмірді өзге ешкім сүріп бере алмайды.
Адам – аяқталмаған мән, мәнін өмір сүру барысында табатын болмыс. Яғни өлгенше мәнді табу тоқтамайды. Существование предшествует сущности. Бұл – сартрлық экзистенциалистік көзқарас.
– Гендерлік теңдік мәселесі ХХ ғасырдан бастап қозғала бастағанын «Ұлпан», «Ақбілек» романдарынан байқауға болады. Бірақ көбісі мұны шетелден енген тенденция деп мойындамайды. Әйел мен ердің теңдігіне көзқарасыңыз...
– Гендерлік теңдік мәселесіне қатысты дүниелерді қызығып іздеп, қарамайды екенмін. Жалпы әйел заты жөнінде сұрасаңыз, тек анадан ұлы ешкім жоқ дер едім. Ана да шартты түрде жаратушы. Ұрпақтың бәрі анадан тарайды. Жарық дүниеге келгенше жүрегінің астында ұстайды, туылған соң қызғыштай қорып, бауырында ұстайды. Анасы бар адамдар ана жүрегінен қуат, бауырынан пана табады.
– «Билік мүмкіндік ұсынса, бас тартпайтын едім» деп айтқансыз бір сұқбатыңызда. Егер биліктен орын еншілесеңіз, Қазақстанда ең алдымен не өзгереді?
– Кезінде айтылған сөз ғой. Бірақ қазір «осылай істер едім, былай істер едім» деп те айтқым келмейді. Жалпы қазаққа қызмет ету үшін міндетті түрде билікке барудың қажеті жоқ. Жеке шығармашылық жолмен де ұлтқа қызмет етуге болады.
– Дәл бүгінгі қазақ қоғамын сипаттайтын бір сөз?
– Екіұдайылық. Бір жағынан шешілмеген мәселелер де көп, екінші жағынан үздіксіз даму жолындамыз. Иманбектің Грэмми алуы, Димаштың әлем елдерін мойындатуы, тіпті, оқушыларымыздың шахматтан, математикадан жыл сайын әлемдік додалардан жүлдесіз қайтпауының өзі қазақтың топырағынан шығып, жақсы тәрбие алғандығын көрсетеді. Еуропалық үлгіде киінсек те жан-дүниеміздің оралатын қазығы Қазақстан болуы тиіс.
– Аз ғана уақыт ішінде Жәркен Бөдеш, Есенғали Раушанов, Қабдеш Жұмаділов сынды ақын-жазушылардан айырылып қалдық. Қазақ әдебиеті қара жамылды. Өлім жайлы жиі ойланасыз ба?
– Өте өкінішті жағдай. Көкірегімізді қарс айырып, өзегімізді өртеп те кетті. Есенғали қандай еді, Жәркен қандай еді... Бұл кісілермен бірге арғымақтай бір ағым кетіп барады. Қазақ әдебиетіндегі орыны елеулі адамдар еді.
Өлім жайлы ойлаймын. Өмір барда өлімнің бар екені хақ. Бастысы, өмірді қалай сүретінімізде. Шектеулі уақыт болғандықтан әр адам өмірге белгілі бір мағына беруге тырысады. Мағынасыз дүние жоқ. Мағынасыз адам жоқ. Франкл: «Адам мағынасыздықта қалса, өзін-өзі өлтіреді», – дейді. Яғни адам өмірден мағына көрмесе, өлімнен мағына іздейді. Осы теориямен де біраз адамды сақтап қалуға болатын сияқты. Дүниедегі барлық жаратылыстың бойындағы мағына Құдайдан туындайды деп ойлаймын.
– Екі қызыңыз бар. Елу жылдық кешіңізден екеуінің де өнерлі екенін байқадық. Қыздарыңызды қалай тәрбиелеп жатырсыз?
– Иә, екеуі де қазақ мектебінде оқиды. Біреуі биыл бітіреді, екіншісі 10 сыныпта. Қазіргі жас буын сияқты ағылшын тілін меңгеруде. Бірақ оларға «кітап оқы, қызыл диплом ал» деп талап қойған жоқпын. Еркі – өздерінде. Үлкені бағдарламалаушы, кішісі аудармашы болғысы келеді. Мүмкін кішкентайымның шешімі әлі өзгерер. Бірақ қандай мамандықты таңдаса да, бір жол бар. Ол – қазақ болып қалу. Ал бұл жолдағы мұрат – өзінің сүйікті ісімен айналысу. Жалпы бақыт дегеннің өзі адамның мұратына қол жеткізуі емес пе? Мұратқа жетпей сол жолда, процесс кезінде де бақытты бола аламыз. Бақыт – адамның жай күйі емес, мидағы, санасындағы установка ғана.
– Жас жазушылардан кімдерді оқисыз?
– Маған көбіне өздері жібереді. Немесе интернеттен оқимын. Жас жазушылардан Ырысбек Дәбей, Дархан Бейсенбекұлы, Досхан Жылқыбай, Серік Сағынтай, Бақытбек Қадырұлын оқып, қарап жүремін. Одан бөлек жазу стилі қалыптасқан жазушы ретінде Жадыра Шамұратты атағым келеді. Одан үлкен үміт күтемін. Негізі жас ақын, жазушылар туралы отыз шақты мақала жазыппын. Жастар демеуші тапса, менің олар жайлы жазғанымды жинақтап, бастырғым келеді. Немесе электронды нұсқасын дайындап, интернетке жарияласам деген ойым бар.
– Жазушыда кітаптан басқа қандай табыс көзі бар?
– Жалпы, өзім әдебиетпен ғана емес, ғылыммен, философиямен шұғылданамын. Түрлі жоба келіп жатады. Әрине қомақты ақша жоқ ол жерде. Бірақ өз қажеттілігіме жеткілікті. Ақшаға қарай өмірдің бағытын өзгертіп жіберуге болмайды ғой. Аз қаржымен де бақытты болуға болады.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен  Дина БӨКЕБАЙ
01 мамыр 2021 ж. 1 012 0

Ротация туралы не білеміз?

03 желтоқсан 2024 ж. 54

Ерекше жандар ескерілді

03 желтоқсан 2024 ж. 82

Тәуелсіздікті ту етемін

02 желтоқсан 2024 ж. 83

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031