Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құмар ойын: ұтқаннан, ұтылған көп

Құмар ойын: ұтқаннан, ұтылған көп

Коллаж: Айнұр Әли
«Інім құмар ойынның құрбаны болды...» деді құрбым сөзін бастай бере, көзіне жас іркіп. Бұрын сергек, еңселі, өз ісіне мығым жігіт еді. Ал қазір ойынның шырмауына түсіп, бар тірлігін соған байлап қойған. Құрбым інісінің қарызға белшесінен батқаны туралы айтып берді. Бүгінде інісі оңалту орталығында ем алуда. Алайда, артында қалған қомақты қарызды анасы екеуі өтеп жүр екен. Өкініштісі, қарыздың мөлшері аз емес.
«Құрғыр, осы ойын атаулы жер бетінен жоғалып кетсе ғой…» деп налыды құрбым. Мен де үнсіз қостадым. Өйткені, шын мәнінде, құмар ойын бүгінде талай адамның тағдырын тәлкекке түсіріп, талай отбасының түтінін өшіріп отыр. Енді ойланбай тұра алмайсың... Неліктен ел ішінде құмар ойынға әуестік жылдан жылға артып келеді? Мұндай тәуелділікке кімдер бейім және оны тоқтатудың жолы бар ма? Талдап көрдік...

Ойын кеңістігі кеңейіп келеді
Туризм және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша жүргізілген соңғы зерттеу нәтижесі қоғамды елең еткізді. Бүгінде елімізде жарты миллионға жуық азамат түрлі құмар ойын түрлерін тұрақты түрде ойнайды. Бұл көрсеткіш ресми тіркелген ойыншылармен ғана шектелмейді. Заңсыз онлайн-платформаларды пайдаланушылардың нақты саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Құмар ойындардың заманауи түрлері бұрынғыдай тек казино мен лотереямен шектелмейді. Қазір адамның қолында смартфон немесе компьютер болса жеткілікті. Онлайн-ставкалар, виртуалды казино, мобильді қосымшалар арқылы тәулік бойы ойынға қатысу мүмкіндігі бар. Сарапшылардың пікірінше, осындай қолжетімділік тәуелділіктің жаңа толқынын тудырып отыр.

Тәуелділіктің тамыры тереңде
Психологтардың айтуынша, құмар ойынға тәуелділік – тек мінез әлсіздігі емес, нақты медициналық дерт. Бұл ми химиясындағы өзгеріспен байланысты. Адам ойынды ойнағанда немесе ұтысты күткен сәтте ми дофамин деп аталатын «қуаныш гормонын» бөледі. Уақыт өте келе ағза бұл гормонды бұрынғыдай қалыпты өмір жағдайында бөліп шығара алмайды, нәтижесінде адам ұдайы сол әсерді іздеп, қайта-қайта ойынға оралады.
Психолог Анастасия Утинанс бұл үдерісті былай сипаттайды.
«Адам ұтылған сәтте күйзеліске түсіп, ағзада кортизол бөлінеді. Ал адам дофаминді қалай алуға болатынын біледі, сөйтіп ойынға қайта барады. Себебі ұтысты күту үмітінің өзі ләззат береді. Осылайша адам тұйық шеңберге түседі».
Бұл тәуелділіктің қауіптілігі де осында – адам ақшасын жоғалтқан сайын, үмітті де, сенімді де жоғалтпайды. Керісінше, «келесіде міндетті түрде ұтам» деген жалған сенім оны қайтадан ойынға итермелейді.

Тәуелділіктің ең осал тобы – жастар
Артур Котенко, тәуелділіктен арылу бағдарламасының жетекшісі, бұл мәселені ең алдымен жасөспірімдер ортасында қарастыру қажет екенін айтады.
«Әлі қалыптаспаған ми жеңіл жолмен табыс іздеуге бейім келеді. Сондықтан алдын алу жүйесін құру маңызды, бірақ ол формалды болмауы тиіс. Нағыз мамандар балалармен жұмыс істеп, дұрыс түсіндіру жүргізгені жөн».
Зерттеу нәтижесі бойынша, адамдардың көпшілігі құмар ойын туралы алғаш рет достарынан, әлеуметтік желіден немесе тіпті өз отбасынан естіген. Бұл дерек қоғамда құмар ойынға деген көзқарастың қалыпты, тіпті «ересектік белгісі» ретінде қабылданатынын көрсетеді. Мұндай жағдайда ең тиімді шара – ерте жастан бастап профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Жарнамасы желіктірмей қоймайды
Мәселенің тағы бір қыры – құмар ойын жарнамаларының шектен тыс көптігі. Бүгінде әлеуметтік желілерде түрлі ставкалық сайттар мен лотерея платформаларының жарнамасын блогерлер белсенді түрде таратып отыр. Бұл жарнамаларда «жеңіл табыс», «сәттілік мүмкіндігі», «қалтаны қалыңдатудың оңай жолы» деген ұрандар жиі кездеседі. Мұндай контент әсіресе жасөспірімдерге қатты әсер етеді.
Жыл басынан бері 37 қазақстандық блогер онлайн-құмар ойындарды жарнамалаған. Олардың кейбірі мұны жүйелі түрде жасап келген. Нәтижесінде 18 блогерге айыппұл салынып, 4,4 миллион теңге көлемінде өндіріп алынды. Үш блогерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Қолданыстағы заңнамада мұндай әрекет үшін 60-тен 400 АЕК-ке дейін айыппұл (яғни 235 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін) қарастырылған. Алайда сарапшылардың айтуынша, бұл сома заңсыз жарнамадан түскен табыспен салыстырғанда мардымсыз.

Жаза күшейеді, жаңа заң қандай?
Қолданыстағы заңнама бойынша, заңмен тыйым салынған қызметті жарнамалағандарға тек әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бүгінде мұндай құқықбұзушылық үшін салынатын айыппұл мөлшері 60 АЕК-тен 400 АЕК-ке дейін, яғни шамамен 235 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін.
Қаржы мониторингі агенттігі бұл айыппұл көлемі заңсыз казино жарнамасынан түсетін табыспен салыстырғанда тым аз екенін айтып, бұл құқықбұзушылықтың алдын алуға жеткіліксіз деп санайды. Осыған байланысты агенттік бірнеше нақты ұсыныс білдіріп отыр. Әуелгісі, Әкімшілік кодекске жаңа бап енгізу: заңсыз жарнама арқылы алынған табыстың 200-400%-ы мөлшерінде айыппұл салу, сондай-ақ табысқа тәркілеу шарасын қолдану. Екіншісі, қылмыстық жауапкершілік енгізу. Егер жарнама 1000 АЕК-тен астам табыс (шамамен 3,9 миллион теңге) әкелсе немесе азаматтарға, ұйымдарға не мемлекетке зиян келтірсе қылмыстық жауапкершілік көзделмек. ал егер табыс 5000 АЕК-тен (шамамен 19,6 миллион теңге) асып, жарнама ауыр зардаптарға (өлім, суицид) әкелсе, қатаң жаза қарастырылу керек дейді агенттік.

Алдын алмай, арылу қиын
Құмар ойынға тәуелділік – тек жеке адамның емес, бүкіл қоғамның алаңдаушылығын туғызатын күрделі мәселе. Мұндай тәуелділікпен күресте тек тыйым салу жеткіліксіз. Сарапшылар бұл бағытта тиімді нәтиже беру үшін алдын алу шараларына ерекше назар аудару қажет дейді. Осы ретте үш маңызды бағыт айқындалып отыр.
Мектеп бағдарламасына психологиялық және қаржылық сауаттылық пәндерін енгізу – басты қадамдардың бірі. Бұл сабақтар арқылы оқушыларға адал еңбек ету, табыс табудағы жауапкершілік, қаржыны дұрыс басқару және «оңай жолмен байып кету» сынды жалған үміттердің қауіптілігі түсіндіріледі. Оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамыту – олардың болашақта алаяқтық пен құмар ойындарға бой алдырмауына негіз болады.
Баланың мінез-құлқы мен онлайн кеңістіктегі белсенділігін бақылауда ата-ананың рөлі аса маңызды. Бүгінде көптеген ата-ана интернеттің балаларына қалай әсер ететінін ескере бермейді. Сондықтан оларға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қажет. Бұл – цифрлық қауіптерден қорғану жолдарын меңгерту, құмар ойындардың белгілерін ерте анықтау және дұрыс бағыт беру дағдыларын қалыптастыру.
Ақпараттық кеңістікте, әсіресе әлеуметтік желілерде құмар ойындарға шақыратын жарнама мен контент көбейіп барады. Мұндай мазмұн тек заң бойынша ғана емес, моральдық тұрғыдан да қатаң бақылауда болуы тиіс. Контент жасаушылар мен платформа әкімшіліктері қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі қажет. Қоғамға зиян келтіретін жарнамаға шектеу қойып, пайдалы әрі тәрбиелік мәні бар материалдарды көбейту маңызды.

Саналы жас – сау қоғам негізі
Құмар ойын – тек экономикалық мәселе емес, бұл ұлттық қауіпсіздік пен ұрпақ денсаулығына тікелей әсер ететін әлеуметтік дерт. Оның тамыры тереңде, ал шешімі – тек заңмен емес, сана мен мәдениет деңгейінде. Егер қоғам өз құндылықтарын дұрыс бағытқа бұра білсе, «жеңіл табыс» идеологиясының орнына «адал еңбек», «шын жетістік» ұғымдары қалыптасады.
Жарты миллион – жай ғана статистика емес. Ол артында тағдыр, отбасы, жоғалған үміттер тұрған адамдар саны. Сондықтан бұл дертпен күрес тек мемлекеттік деңгейде емес, әрбір азаматтың санасында басталуы тиіс.

Арайлым ЖҮСІПОВА
21 қазан 2025 ж. 28 0

«Озат аудан» атандық

21 қазан 2025 ж. 23

Айнұр олжалы оралды

21 қазан 2025 ж. 28

Рухани шамшырақ иесі

21 қазан 2025 ж. 25

Мал баққанға бітеді

21 қазан 2025 ж. 23

Ұйқыдағы үрей

21 қазан 2025 ж. 24

Алма ауызға түспейді

21 қазан 2025 ж. 22

Орманға қорған

20 қазан 2025 ж. 41

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031