Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Озат аудан» атандық

«Озат аудан» атандық

Ала жаздай арқасын күнге күйдірген еңбек адамдарына құрмет пен қошемет көрсетілді. Марапат пен мадақ күтпейтін, жүрегі баладай, көңілі даладай сала мамандары әуелі еккен дәнді ысырапсыз жинап алуды олжа дейді. Алайда жыл сайын дәстүрлі түрде еңбеккерлердің ерен еңбегі еленетін күн бар.
Жақында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Өнер орталығында «Алтын күз – 2025» салтанатты шарасы өтті. Оған Абай облысының әкімі Берік Уәли, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның Еңбек Ерлері, ғалымдар, өнер майталмандары, республиканың барлық өңірінен келген облыстық мәслихат төрағалары арнайы қатысты. Аймақ басшысы ауыл шаруашылығында атқарылған жұмыстарға, агросаланың алдағы бағыт-бағдарына тоқталып, қамбаны толтырып, береке мен бірліктің үлгісін көрсеткен диқандарды құттықтады.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек» деген болатын. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын ұрпақ санасына сіңіру, насихаттау, қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу – біздің басты мақсатымыздың бірі. Сыр елінің даңқын асқақтатқан дала академигі Ыбырай Жақаев бастаған 102 Социалистік Еңбек Ерінің және тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның Еңбек Ерлерінің жетістіктері аңызға айналды. Саналы ғұмырында туған жеріміз үшін аянбай еңбек еткен ардақты ардагер ағаларымыз бүгін ортамызда. Облысымыздың дамуына қосқан орасан зор үлестеріңіз үшін Сіздерге барша Сыр жұртшылығының атынан шынайы алғысымды білдіремін. Ел үшін жасаған ерен еңбектеріңіздің жемісін, бейнеттеріңіздің зейнетін көріңіздер! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Абай облысының әкімі Берік Уәли Сыр елінің еңбекқор жұртына ризашылығын білдіріп, екі өңір арасындағы байланыстың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
– Қазақ халқы тағдырының тайғақ кешулі кезеңдерінде жағасына келіп тыныс тапқан, суына бетін жуып, үмітін ертеңге жалғаған қасиетті Сырдарияның бойында, ежелгі Ақмешіт, бүгінгі Қызылорда төрінде өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма бек қуаныштымын. Біз бүгін аймақтарыңызға үлкен делегациямен өнер жұлдыздарын, зиялы қауым өкілдерін және жақында ғана республикалық байқауда бас жүлде алған театрымыздың арнайы қойылымымен келіп отырмыз. Бұл өңіраралық рухани-мәдени байланыстарды нығайтып, бізді бауырластыра түседі деп сенеміз, – деді Берік Уәлиұлы.
Салтанатты шарада Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды. «Жан Арай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бақдәулет Махашовқа «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Ол басқаратын серіктестік тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіру, күріш өңдеу зауыттарын іске қосқан, өнімдерін экспортқа шығарады. Өткен жылы 4 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасын ашып, 100-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Еңбек адамдары мен сала үздіктеріне «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін», Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медальдары, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хаттары берілді. Мерекелік шарада ауыл шаруашылығы саласында үздік жетістіктерге жеткен озат аудандар анықталып, «Балық шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» номинациясымен Арал ауданы, «Су үнемдеу технологиясын қолдану бойынша озат аудан» номинациясымен Жаңақорған ауданы, «Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша озат аудан» номинациясымен Жалағаш ауданы, «Мал шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» номинациясымен Қармақшы ауданы, «Егін шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» номинациясымен Сырдария ауданы марапатталады. Ал «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда биылғы жылы ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізген үздік аудан» номинациясын Шиелі ауданы жеңіп алды. Жылдағы дәстүр бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген «Абзал және К» ТС, «Мағжан және К», «Абай-Дәулет» ЖШС еңбек озаттарына автокөлік кілттері сыйға берілді.
Ауыл шаруашылығы саласында табанды еңбек еткендердің жұмысы таразыланған шарада «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы бойынша озат аудан» номинациясымен Қазалы ауданы марапатталды. Жыл қорытындысымен өңірдің агроөнеркәсіп кешені саласында үздік жетістіктерге жеткен қазалылық еңбек озаттары да марапатқа ие болды. Атап айтсақ, «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күрішшісі Әзберген Ұзақбаев облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Сонымен қатар, «Рза-Асыл түлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бақташысы Жеңіс Қарабалаев мүйізді ірі қараның әр 100 аналығынан 83 бас төл алып, мал басын 100 пайыз аман сақтағаны үшін «Озат бақташы» номинациясымен, «Смарт Агро» шаруашылығының көкөніс өсірушісі Нұрлыбек Нұрқожаев егілген 3 гектар көкөністің әр гектарынан 411 центнер өнім алып, 123 тоннадан аса көкөніс жинағаны үшін «Озат көкөніс өсіруші» номинациясымен, «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің құрылыс-жөндеу бөлімінің басшысы Рүстем Байжігітов ауыл шаруашылығы дақылдарын суармалы сумен қамтамасыз етуді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін «Озат гидротехник», «Береке» шаруа қожалығының комбайншысы Мейрамбек Сапаев науқан кезінде 45 000 центнер астық бастырғаны үшін «Озат комбайншы» номинациясымен марапатталды.
Еске салайық, есепті кезеңде өңделген күріш 126 пайызға, балық өңдеу көлемі 2 есеге артса, өңделген сүттің 95 пайызы ауданның еншісінде.
Айнұр ӘЛИ
21 қазан 2025 ж. 22 0

«Озат аудан» атандық

21 қазан 2025 ж. 23

Айнұр олжалы оралды

21 қазан 2025 ж. 28

Рухани шамшырақ иесі

21 қазан 2025 ж. 25

Мал баққанға бітеді

21 қазан 2025 ж. 23

Ұйқыдағы үрей

21 қазан 2025 ж. 24

Алма ауызға түспейді

21 қазан 2025 ж. 22

Орманға қорған

20 қазан 2025 ж. 41

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031