Колледж тынысымен танысты

Колледж директоры Арман Мусаев аудан басшысына білім ордасының соңғы жылдардағы жетістіктері мен өндірістік сабақтарға арналған заманауи құрал-жабдықтар туралы баяндап берді.
Тарихы жетпіс жылдан асқан бұл колледж еліміздің индустриясы мен экономикасы үшін білікті жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарын даярлап келе жатқан іргелі оқу орны болып саналады. Қазір мұнда 308 студент 8 мамандық пен 12 біліктілік бойынша білім алуда. Биыл мемлекеттік тапсырыс негізінде 125 талапкер студент қатарына қосылған.
Айта кетейік, колледж 2020 жылы республикалық «Жас маман» жобасының облыс бойынша алғашқы жеңімпазы атанған. Жоба аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға екі мамандық бойынша төрт зертхана, үш шеберхана және оқу алаңы жабдықталды. Сондай-ақ, Германия мен Италиядан жеткізілген заманауи құрал-жабдықтар студенттердің кәсіби дағдыларын жетілдіруге мол мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде екі мамандық бойынша құзіреттілік орталығы ашылып, нәтижелі жұмыс жүргізілуде.
Аудан әкімі колледж аумағындағы жылыжайдың да жұмысымен танысты. Мұнда «Жеміс және көкөніс шаруашылығы» мамандығының білім алушылары өндірістік сабақтарда қияр өсіріп, жылына үш рет өнім жинайды.
Сапар соңында Алмасбек Әбілқасымұлы колледж ұжымына алдағы жұмыстарына табыс тілеп, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау ісінде табандылық танытып, ел дамуына өз үлестерін қоса беруге шақырды.
А. АЛИ