Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Орманға қорған

Орманға қорған

Фото: ашық дереккөзден
Елде орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні дәстүрлі түрде қазан айының үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Бұл мереке – орман шаруашылығымен айналысатын адамдар еңбегінің маңыздылығын және олардың елдің орман ресурстарын қорғауға және қалпына келтіруге қосқан үлесін атап өтуге арналған.
2017 жылдан бері қазан айының үшінші жексенбісі Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні деп белгіленген. Бұл күні біз Қазақстанның ормандарына күн сайын қамқорлық жасайтын, олардың қорғалуына және өсімін молайтуға ықпал ететін адамдардың еңбегін атап өтеміз. Орман шаруашылығы қызметкерлері біздің табиғи байлығымыз бен экологиялық тепе-теңдігімізді сақтауға қызмет етеді. Жалпы елімізде 160 табиғат қорғау мекемесі мен кәсіпорны бар екен. Ол жерлерде 17,4 мыңға жуық орманшы жұмыс істейді.
ТАЗАЛЫҚҚА КЕҢ ТЫНЫС
Өткен жылдан бері елдің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынған науқанның мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру және табиғатты қорғауға деген сүйіспеншілікті ояту. Қоршаған ортаны көгалдандыруды басты мақсат еткен шара көпшілік тарапынан үлкен қолдау тапты. Аудан, аймақ, барлық елді мекен ұжымдары акцияға атсалысып, туған жердің жасыл желекке айналуына ерекше үлесін қосып келеді. Айта кетейік, былтыр бұл акцияға 3,8 миллионға жуық адам қатысты. 1,5 миллион тоннадан астам қоқыс жиналып, 3,2 миллионнан астам көшет егілді. Биылғы жылдың да нәтижесі көңіл көншітеді. Әрбір өңірге ағаш көшеттері егіліп, табиғатқа үлес қосылуда. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында кешенді жұмыс жүргізілуде. Бюджеттен бөлек, кәсіпкерлердің демеушілігімен орталық алаңдар, демалыс және спорт алаңдары жаңғыртылып, әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөнделуде. Демеушілік есебінен 1 миллиард теңгеге Қызылорда қаласындағы орталық алаң жаңартылды. Биыл 6,3 миллиард теңгеге қалалық мәдени-демалыс паркі қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Оған қоса 14,7 миллиард теңгеге Президент саябағы жаңғыртылып, тамыз айында ашылады. Қала аумағында 992 гектар жерде жасыл белдеу құру басталды. 2030 жылға дейін 2,5 миллион ағаш отырғызып, тұқымбақтар мен зертхана салу жоспарлануда. Иә, экологтардың айтуынша, ағаш отырғызу жаһандық жылыну процесін тоқтатуға әсер етеді.

ОРМАН КӨБЕЙСЕ…
Қазақстанның табиғи алуан түрлілігіне қарамастан, ормандар ел аумағының 5 пайызын ғана алып жатыр. Ормандардың көбеюі экологиялық тепе-теңдікті сақтау және елдің одан әрі тұрақты әлеуметтік-экономикалық прогресі үшін өте маңызды. Мемлекет басшысы өзінің президенттігінің алғашқы күндерінен бастап осы мәселеге ерекше назар аударды. Сондай-ақ Президент орман алқабын ұлғайту бүкіл елді жұмылдыратын нағыз халықтық идеяға айналуы тиіс екенін, сондықтан елде ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу қажет екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті орман қорына 2 миллард ағаш отырғызу мақсатында облыстарда кешенді жоспарларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Елде орман шаруашылықтарын, ұлттық парктер мен резерваттарды өртті ерте анықтаудың арнайы өртке қарсы жүйелерімен, техникамен және жабдықтармен жарақтандыру бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Мәселен, елдің орман шаруашылығы тарихында алғаш рет 1384 бірлік өртке қарсы техника мен 921 бірлік тіркеме және аспа жабдықтарын сатып алуға 52 миллиард теңге бөлінді. Бұдан басқа, орман өрттерін ерте анықтау жүйесімен 900 мың гектардан астам мемлекеттік орман қоры қамтылған.
ЖАСЫЛ БЕЛДЕУДІҢ ТІРЕГІ
Орман алқаптары қолайлы климаттың қалыптасуына ықпал етеді. Құнарлы топырақ пен сапалы су көзін қорғайды. Ауаны оттегімен байытады. Экологиялық апаттың зардабын бәсеңдетеді. Осы үшін де аймақтың экологиялық жағдайын жақсарту үшін орман шаруашылығын дамыту өте маңызды. Бүгінде орман шаруашылығы мекемелерінде орман өсіру мен көгалдандыру жұмыстарына қажетті сексеуіл мен саялы ағаш көшеттерін өсіретін орман тұқымбақтары ұйымдастырылып отырады. Табиғи байлығымызды келер ұрпақтың кәдесіне жарату үшін бүгіннен бастап ауқымды істер атқарылуда. Орманымыз ойсырамай, жасыл желек жайқалып өссін деген сала мамандары келешектің қамын осылай жасамақ. Облыста 2021-2027 жылдарға арналған орман өсіру көлемін ұлғайтудың кешенді жоспары бекітілген. Өңірде 903 мың гектар алқаптың топырағын зерттеу және жобалау жұмыстары жүргізілген. 2021-2024 жылдары Арал теңізінің құрғаған табанындағы 659,1 мың гектарға екпелер егіліпті.
Биыл 440,9 мың гектар аумаққа сексеуіл көшеттері мен галофит тұқымдарын егу жоспарланған. Егілетін көшет жеткілікті болу үшін уақытша тұқымбақтар ұйымдастырылған. Сондай-ақ Қазалы ауданында Дүниежүзілік банк қаржысы есебінен 33,5 гектар аумаққа тұқымбақ салынған. Жобаның құны 440,7 миллион теңге, техникалар сатып алуға қосымша 179 миллион теңге бөлінген. Тұқымбаққа сексеуіл көшеті, жапырақты ағаш, жеміс тұқымы егіліпті. Жеміс бақшасы және үйеңкі талының аналық бөлімі құрылған. Қорғаныш жасыл жолақ, минералданған жолақ және компосттау жұмыстары атқарылыпты. Тұқымбақ құрылысы аяқталып, облыс балансына берілген.
АТҚАРЫЛҒАН АУҚЫМДЫ ІС
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу тапсырмасына сәйкес облысымызда 96 миллиард 100 миллион теңгеге 10 жоба жүзеге асырылуда. Қалдықтарды басқару саласына шетелдік инвестициялар мен озық технологиялар тартуда Қызылорда қаласында халықаралық компаниялардың қатысуымен 2 ірі жоба бойынша жұмыс басталды. Соның бірі – шыны зауыты жанынан неміс технологиясымен 60 миллиард теңгеге жылына 240 миллион шыны ыдыс шығаратын зауыт жобасы. Бұл республикадан жиналған шыны қалдықтарынан жоғары сапалы отандық өнім шығарып, импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Бүгін құны 34 миллиард 500 миллион теңге болатын, Оңтүстік Корея технологиясына негізделген қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауытының іргетасы қалануда. Алғашқы кезеңде 9 миллиард 535 миллион теңгеге қолданыстағы полигон жаңғыртылып, қуаттылығы жылына 300 мың тоннаға есептелген заманауи қалдықтарды сұрыптау кешені салынады. Кешен заманауи қондырғылар, арнайы техникалармен жабдықталып, полигонның қабылдау қуаттылығы 60 мың тоннадан 300 мың тоннаға дейін артпақ. Қоршаған ортаны қорғау – бұл тек билік пен ұйымдардың ғана емес, керісінше әрбір азаматтың жауапкершілігінен басталатын іс. Өркениетті қоғамда өз қоқыстарын сұрыптау, саналы тұтыну, тазалық акцияларына қатысу тұрғындардың күнделікті әдетіне айналуы тиіс.
Соңғы жылдары орман шаруашылығында атқарылып жатқан ауқымды істер көп. Мемлекет те көңіл бөліп, бірнеше жоба жемісін беруде. Ал аймақта облыс әкімінің бастамасымен ауылдық елді мекендерді абаттандыру, тазалық сақтау және көгалдандыру жұмыстарын ынталандыру мақсатында «Үлгілі елді мекен» конкурсын ұйымдастыру дәстүрге айналған. Бұл ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындардың белсенділігін арттыруға бағытталған. 2023 жылы конкурс көктем және күзде өтті. Облыстық бюджеттен 1 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, жеңімпаздарға 29 арнайы техника табысталды. «Үлгілі аудан орталығы» мен «Үлгілі ауыл» номинациялары бойынша үздіктер анықталып, ассенизатор, трактор, қоқыс тасымалдайтын, тиейтін және жол тазалайтын көліктермен қамтамасыз етілді. Бұл игі бастама өткен жылы да жалғасын тауып, үздік аудан орталығы мен ауылдарға арнайы техникалар, 2025 жылға арналған абаттандыру жобаларын қаржыландыру үшін бірқатар елді мекенге 15 миллион теңгеден берілді. Биылғы жеңімпаздарға 564,4 миллион теңгеге 19 арнайы техника табысталады. Облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 7,3 миллион гектар. Оның 3,8 миллионы – орманды алқаптар. Табиғи ресурстарды сақтау, орман байлығын көбейту және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 8 орман шаруашылығы мекемесінде 744 қызметкер жұмыс істейді.
2022 жылы осы мекемелердің техникалық әлеуетін нығайтуға облыстық бюджеттен 600 миллион теңге бөлініп, тракторлар, орман отырғызу агрегаттары, вахталық автобус, су тасымалдау көлігі, өрт сөндіру және патрульдік автокөліктер, электр станциялары мен палаткалар сатып алынды. 2023 жылы осы мақсатқа 867 миллион теңге қаралған. Ал өткен жылы 102,5 миллион теңгеге заманауи техника мен құрал-жабдықтар алынған. Биыл қаржыландыру жалғасып, орман шаруашылығы мекемелері «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес 438,5 миллион теңгеге қажетті техникамен қамтылды.
Иә, бар жұмыс то­лайы­м атқарылса, орманымыздың ойсы­рамайтынына сенім мол. Орман қорын сақтау және көбейту үшін әрбір қазақстандық көгалдандыру және қорғау жөніндегі акцияларға белсенді қатысуы қажет. Жасыл желек жайқалса, жақсы емес пе?
Айнұр ӘЛИ
20 қазан 2025 ж. 37 0

Орманға қорған

20 қазан 2025 ж. 38

Жол уақытша жабылады

20 қазан 2025 ж. 131

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031