Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Алма ауызға түспейді

Алма ауызға түспейді

Елдің де әлеуметтік, экономикалық, дамуына масылдықтың тигізер зардабы зор. Сарапшылар «Мемлекеттілік пен әлеуметтік институттарды күйретуші құбылыс» деген түсінік берген масылдықпен күрес көпшілік кездесіп отырған қиындық.
Шығу себебі қандай? Қауіп қайдан келуде? Жұмыссыздық пен масылдықтың ара-жігін ажырата аламыз ба? Сараптадық.
Қоғам жүгі
«Масыл» термині қоғамның белгілі тобына ауыртпалық түсінігінде қолданатын көзқарастың көрінісі.
Қазақ тіліндегі «масыл» сөзінің төркіні арабтың «мәсүл» «жауапты», «біреуге тәуелді», «біреудің қамқорлығында болу» деген ұғымын білдіреді. Уақыт өте келе сөз төркіні өзгеріп, «өз еңбегімен жан баға аламайтын, біреудің есебінен өмір сүретін адам» деген мағынада өріс алған. Ал әлеуметтанушылар біреудің еңбегі, көмегі, қамқорлығына тұрақты түрде иек арту, өз бетімен әрекет етпеу, еңбекке құлықсыздық деген терминге анықтама ретінде қолданады.
Өзгерістер белең алған сайын адамның өмір сүру дағдысы да түрліше сипатқа ие болуда. Бүгінде әлеуметтік масылдықдың себептері мен салдары саралануда.
«Әлеуметтік масылдық деп – адамның немесе әлеуметтік топтың еңбек етуге, өз күш-жігерімен табыс табуға құлықсыздығы, есесіне дайын көмек пен жәрдемге тәуелді болуын атайды.
Хакім Абайдың: «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» деген әлеуметтік-философиялық тұжырымы бүгінге дейін өз актуалдығын жойған жоқ. Масылдықтың негізгі түбірі еңбекпен тікелей байланысты», – дейді әлеуметтанушы Дінислам Айтым.
Маман масылдықтың себептері туралы былай дейді.
««Жарлы бай болсам, бай Құдай болсам» дегендей, әр адамның жақсы тұрмысқа қызығуы өмір заңдылығы. Алайда әркім оны әртүрлі қабылдайды. Осы жерден әлеуметтік теңсіздік пайда болады. Масылдықтың туындауына себептер көп. Солардың негізгісіне азаматтардың өзі алатын жәрдемақы мен әлеуметтік көмекті тұрақты табыс көзі деп қабылдауы жатады. Балалар ересек болғанша, ата-аналары мен мемлекет қамқорлығына сеніп, өз бетімен әрекеттенбейді. Тіпті жұмыс істеп жүрген жоғары мамандардың өзі биліктен қамқорлық, тегін тетік – субсидия күтіп жүреді.
Алимент төлемеу, несие алып, қайтармау – нағыз масылдық әрекет», – дейді.
Жұмыссыздар масыл ма?
Жәрдемақы немесе әлеуметтік қолдау түрінде мемлекеттік ресурстарды тұтынатын, экономикаға ауыртпалық алып келуі ықтимал жұмыссыздарды кейде масылдар тобына жатқызады.
Олардың масылдардан айырмасы мынада. Жұмыссыздардың көпшілігінде әртүрлі салаларды меңгерген дағдылар мен тәжірибе бар. Сондықтан бұл топты жаңа дағдыларды игеруге және жұмыс табуға көмектесу үшін оқыту және қайта даярлаудан өткізеді. Осылайша экономикалық дамудың белсенді қатысушылары қатарына қосады.
Шектес тым қамқорлықты шектеу керек
Әлеуметтік масылдықтың себептері зерттеп-зерделенген. Олар туралы психолог Айгүл Жұбаназаровадан сұрап-білдік.
««Масыл адамдар тобы» деп бөліп қараудың өзі теріс ұғым. Бұл жағдайға түрлі себептер ықпал етеді. Мысалы, денсаулығынан айырылу, жұмыссыздық, білім деңгейінің төмендігі, әлеуметтік бағдарламаларды дұрыс пайдалана алмаудан туындауы мүмкін.
Қазақ қоғамы бетпе-бет келіп отырған жағдайға мемлекеттік көмектің шектен тыс болуы жайы негізі себеп. Кеңес Одағы тұсында тәрбиеленген буынды бұл жағдай ұзақ уақыт өз еңбегінен алыстатып, жеке ойлау қабілеті оясын тарылтқан. Әлі күнге дейін тоқындастарымыздың қатарында келмеске кеткен күнді аңсап, өзі ештеңе жасамай, барлығына Үкіметті кінәлайтындар бар. Олар біреу көмектеседі деген тәуелді ойлау психологиясына ие адамдар.
Соңғысы тәрбиенің тыс қалып, еңбек мәдениетінің әлсіреткендіктен пайда болған жайт. Жігіт болған ұл мен қызы «дипломмен жұмыс табылмай жатыр» деп үйде қол қусырып отырып, олардың қанша жыл бойы білім алған кредитін төлеу үшін ата-аналары жұмыс істеп жүрген жағдай да таныс», – дейді ол.
Жұмыссызға да шара көрілсе
«Өз басым, әлеуметтік көмек табысқа санау дегенге қарсы адаммын. Келіншегі көп бала босанағын үшін әлеуметтік көмек алып, күйеуі соны кіріске қосатын көршімді білемін. Тіпті бір туысымыз мемлекеттен алатын әлеуметтік қолдау айлық табысымнан жоғары деп декреттік демалыста отырып, жұмысынан айырылып қала жаздады.
Ері табыс таппай, ұрыс-керіс шығып, екіге кетіп жатқан жұптар да бар. Жұмыссыз адамның ойы да, көзқарасы да өзгереді. Қазақ «Асылдан – асыл туады, жалқаудан – масыл туады» дейді. Қазір не көп, ізденген адамға жұмыс та, мүмкіндік те мол. Менің ойымша, жұмыссыздарға да шара көрілуі керек», – зейнеткер Ырысты Жомарт.
NEET санаты неге негіз?
Елімізде 2022 жылдан бастап NEET санаты яғни «уақытша тұрақсыз жастар» ұғымы қолданысқа енді.
Санат қоғамдағы жастардың белсенділік деңгейін, еңбек нарығына қатысуын және масылдық қаупін бағалау үшін қолданылатын, оқымайтын, жұмыс істемейтін және кәсіби дайындыққа қатыспайтын жастар тобына берілетін анықтама ұғым.
Халықаралық Еңбек Ұйымы болжамына негізге алсақ, 2025 жылы шамамен 262 миллион, жастардың 20,4 проценті, NEET санатына жатады. Бұл сандар әлемдегі әр төртінші жас дәл осы статуста болуы мүмкіндігін көрсетуде.
Жастар саясатының тиімділігін, еңбек нарығының ахуалын және әлеуметтік масылдықтың алдын алу деңгейін бағалайтын маңызды индикатор артса, қоғамда жастардың әлеуметтік бейімделуі төмен, еңбек белсенділігі аз, масылдық тәуекелі жоғарылығын ұқтырады.
Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда NEET жастардың үлесі шамамен 6–7 процент. Үкімет NEET жастар санын азайту үшін:«Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», «Дипломмен – ауылға», «Жас кәсіпкер»,«Жастар STARTUP» сияқты бағдарламаларды жүзеге асырып келеді.
Мемлекет 2025 жылға қарай NEET санатындағы жастардың мемлекеттік қолдау шараларына қанағаттану деңгейі 80 прцентке дейін арттыруды қолдауда.
Әлемдегі әлеуметтік амалдар
Бұл тұрғыда шетелдік тәжірибе белсенді. Көптеген дамыған елдерде масылдықпен күресу үшін жүйелі әлеуметтік саясат жолға қойылған.
АҚШ-та ХХ ғасырдың соңында кейбір азаматтар мемлекет беретін жәрдемақыны тұрақты табыс көзіне айналдырған. Нәтижесінде 1996 жылы әлеуметтік жәрдемақыны реформалау туралы заң қабылдауға мәжбүр болған. Заң бойынша әлеуметтік көмек 5 жылға дейін беріледі. Көмек алушы жұмыс іздеуге немесе оқуға міндеттелген. Көмек алға өтініш білдіргендерден еңбекке қабілеттілік пен қоғамдық жұмыстарға қатысу талап етіледі. Мұнан кейін штаттарда масылдық деңгейі төмендеп, еңбек нарығына қайта оралу үдерісі үдеген.
Ұлыбританияда «Benefit culture» – жәрдемақы мәдениеті жолға қойылған.
«Universal Credit» жүйесі арқылы барлық жәрдем түрін біріктіріп, нақты бақылау орнатылған. Мұнда азаматтар жұмыс ұсынысынан бас тартса, жәрдемақысы қысқартылады немесе тоқтатылады. Мемлекет еңбекке ынталандыру бағдарламаларына бағыттайды.
Швеция, Норвегия, Данияда әлеуметтік қамтамасыз етудің қиындығымен ұшырасып отырған елдер. Жұмыссыз не әркетке қабілетсіз тұрғынға мемлекет еңбекке міндеттілік қағидаты сақталған жоғары салық есебінен көмек көрсетеді.
Елдегі ахуал
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік көмектің соңы масылдық психологияға ұласпауы керектігін айтып, бұл кесел ұлттық мінез-құлқымызға кері әсерін тигізіп отырғандығын атап өтті. Сондай-ақ қолданыстағы жол берілген әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтықты – елді дамытуға жұмсалатын қаржыны желге шашу деп сынға алуда.
Қазақстанда әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру, төлемдер мен көмек түрлерін реформалау, еңбек нарығын жақсарту, цифрландыру секілді бағыттарда жұмыстар оң серпін беріп келеді.
Өкініштісі, атаулы әлеуметтік көмек алушылар арасында жұмыссыздық, мүгедектік, асыраушысынан айырылу сияқты категориялар бар екені, көмек алушылардың басым бөлігі балалар екені белгілі болған.
2030 жылға дейінгі Еңбек нарығын дамытудың кешенді жоспары әзірленген.
Жұмыспен қамту орталықтарын трансформациялау, еңбек ұтқырлығы орталықтарын ашу сияқты іс-шаралар бар.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру – көмектер арасындағы теңсіздікті азайтуға ықпал етуге бағытталған жүйе.
Ұлттық қор – балаларға жобасы табыстың инвестициялық кірісінің жартысы 18 жасқа дейінгі барлық балалар арасында бөлінуіне негізделген.
Ветнамда жабайы аңды қолдан тамақтандыруға тыйым салынған. Себебі хайуанаттар соған үйреніп, табиғи қабілетінен айырылады деген түсінік бар. Масылдық та сондай. Қоғамдағы еңбек құндылығын төмендетіп, экономикалық белсенділік азайтады. Мемлекетке жүк артып, жеке тұлғаның дербестігі мен жауапкершілігі әлсірейді.
«Мен елден не алдым емес, мен елге не бердім» деген түсінікті жалпы қоғам қалыптастырмайынша, бұл осалдық ұғым ортаймасы анық. Қарекет еткенге берекет келеді. Алма өзі піспейді, ол ауызға түспейді...
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
21 қазан 2025 ж. 22 0

«Озат аудан» атандық

21 қазан 2025 ж. 23

Айнұр олжалы оралды

21 қазан 2025 ж. 28

Рухани шамшырақ иесі

21 қазан 2025 ж. 25

Мал баққанға бітеді

21 қазан 2025 ж. 24

Ұйқыдағы үрей

21 қазан 2025 ж. 24

Алма ауызға түспейді

21 қазан 2025 ж. 23

Орманға қорған

20 қазан 2025 ж. 41

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031