«Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін...»
Қазақтың төл мәдениетін жасауда өз ғасырынан озып туып, тағдырын ұлтына арнаған санаулы тұлғаның бірі – Ахмет Байтұрсынұлы. «Адамға тіл, құлақ қандай керек болса... білім де сондай керек» деп елін оқуға шақырған, «Масадай» ызыңдап ұйқыдан оятқан ұлт жоқшысы, ақын, Алаш қайраткері, ғалым, әдебиеттану мен терминологияның, қазақ әліпбиінің атасы жайлы бүгін сөз қозғаймыз..
Ғалымның ұйқы көрмей, күлкі білмей елі үшін жасаған мұраларының ішіндегі елеулі еңбегі – қазақ тілі ғылымының төл терминдерін жасауы. Грамматикадағы категориялардың әрқайсысына қазақша атауларды ұсынып, қазіргі кезге дейін қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем сынды сан алуан лингвистикалық атауларды құрастырған да Ахмет ата. Қазақ балаларының сауатын қазақ тілінде ашуды мақсат еткен ғалым «Оқу құралы» (1912), «Тіл құралы» (1914), ересек адамдардың сауатын ашу үшін «Әліпби» (1924), «Жаңа әліпби» (1926) атты тың оқулықтар құрастырды. Қазақ фонетикасы мен грамматикасын талдауда тілдің типологиялық ерекшеліктерін ескере білді.
Әдебиет теориясындағы терминдер, ұғымдарды қалыптастыруда «Әдебиет танытқыш» кітабының тұңғыш еңбек екенін атап өту керек. Академик З.Қабдолов 1988 жылы ғалым есімі ақталғаннан кейін А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» хақында :«Тұңғыш қазақы трактат, әдебиет теориясының басы» деп бағамдап, кітаптың тарихи мәні мен маңызы кешегі кеңес кезінде бұрмаланғанымен, бүгінгі қазақ танымымен талданған ғылыми дүние екенін жеткізді. Ғалым эпосты — әуезе, лириканы – толғау, драманы – айтыс деп бір қайырса, ауыз әдебиеті түрлерін былай жіктеп көрсетеді: « Ертегі, аңыз-әңгіме, өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, бас қатырғыш – бұлар бір топ. Батырлар жыры, тарихи жыр, айтыс өлең, үгіт өлең, толғау, терме – бұлар екінші топ. Мысал, ділмар сөз (афоризм), тақпақ, мақал, мәтел – бұлар үшінші топ. Тойбастар, жар-жар, неке қияр, беташар, жоқтау, жарапазан, бата – бұлар төртінші топ. Жын шақыру, құрт шақыру, дерт көшіру, бесік жыр – бұлар бесінші топ». Әдебиеттанушы ғалым сан алуан фольклорлық шығармаларды саралап, тереңінен бойлағандардың бірі еді.
Тәуелсіздік алғаннан бері ғалымның есімі ұмытылмай, Ахмет Байтұрсынұлы туралы зерттеу еңбектер де, жинақ кітаптар да басылып шықты. С.Оспанұлының «Ахмет өскен ақындық орта», Р.Имаханбеттің «Ұлағатты ұлт ұстазы», О.Жұбаеваның «А.Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы», т.б. зерттеу кітаптары, сонымен бірге әр саладағы еңбектері бестомдық, алтытомдық жинақ ретінде жарық көріп, ұрпақтар сабақтастығы жалғасуда.
Аталған жинақтардан жыл келгендей жаңалық әкелгені - М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Алаш мұрасы» сериясымен 2003 жылдан бастап Алматы қаласында жарық көрген бес томдық шығармалар жинағы.
Жинақтың бірінші томына «Қырық мысал», «Маса» өлеңдер жинағы, «Қазақтың бас ақыны», «Әдебиет танытқыш» зерттеу еңбектері енген.А.Ісімақова жауапты редактор болған басылымның басты ерекшелігі – 1989 ,1991 жылы жарияланған жинақтағы Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары («Қырық мысал», «Маса», «Әдебиет танытқыш») түпнұсқаларымен салыстырылып, алынып тасталған ғылыми талдау, пікірлер қайта енгізілген.
Бес томдық жинақта «Ер Сайын», «23 жоқтау», «Әліпби», « Сауат ашқыш» , «Тіл құрал» , Ахметтің Телжан Шонанұлымен бірігіп жазған «Оқу құралы» еңбектері жинақталып,соңғы деректерге сай редакциядан өткізілген. Жинақты оқи отырып қазақ фольклорынан поэзиясына, аудармалардан әдебиет теориясына, лингвистикадан әдістемеге дейін кең ауқымда қазақ мәдениетіне бойлай аласыз.
Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындай мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін – деген бабамыздың бір шумақ жыры әр қазақтың ұранына айналса, руханиятымыздың биіктейтіні хақ.
Ахметті тану – қазақты тану, өзімізді тану.Дүниеге бекзат болмысымен келіп, жазған дүниесімен жүректерге,қазақ баласының санасына шырақ жаққан Ахмет Байтұрсынұлын тани жүрейік.
Дина Бөкебай,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
филология факультеті
қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенті.