Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ әдебиетінен хабар жеткізушілер

Қазақ әдебиетінен хабар жеткізушілер

XX ғасырдың екінші жартысында қазақ идео­логиясы үшін жақсы жұмыс атқарған әдеби газет-журналдар көп таратылды. Он мыңнан аса тиражбен шығатын «Жұлдыз» журналы, «Қазақ әдебиеті» басылымы бетіне шығу бір кездегі әрбір жас автордың арманы еді. Топтама өлеңі немесе әңгімесі осындай газет-журналдардың бірінде жарық көрген жас­тар елдің әр түкпірінде оқылып жататын. Қазіргідей жаңа технология заманында осы белсенділік интернетке ауысқаны анық.
Өнерге қызығушылығы бар жастар мен барлық әдеби үдерістен хабардар болуды қалайтын жұртшылық қайдан оқу керектігін көп жағдайда біле бермеуі де мүмкін. Міне, сондай қазақ әдебиетіне жаны ашитын жандар үшін онсыз да оқырман назарынан тыс қалып бара жатқан шығармашылық саланың соңғы жаңалықтарымен бөлісіп, ақжолтай хабар жеткізіп отыратын монитор бетінен оқитын үлкен порталдардың үштігін ұсынып отырмыз.
«Әдебиет порталы» – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы (қазірде ҚР Үкіметі жанындағы) Орталық коммуникациялар қызметінің қолдауымен «Қазконтент» акционерлік қоғамы тарапынан әзірленген. Мұнда әдебиет оқырмандарына арналған 2029 автор, 2220 кітап жүктелген. «Қысқаша мазмұн», «Жыр жауһары», «Аударма», «Аймақтар әдебиеті», «Белгілі алты алашқа жазған хатым» сияқты көптеген арнайы жобалар ұйымдастырылған сайтта оқырман қауым кез келген жанрда қазақ, әлем авторларын қазақ тілінде оқи алады. Елдегі әдеби ортаның соңғы жаңалықтары да сайттың басты беттерінен түспейді.
Интернет желісіндегі өз бағыты айқын бұл бірегей жоба – қазақ елінің әдеби мұрасына қызығушылық танытқан кез келген көзі ашық, көкірегі ояу оқырманның басын біріктіретін, сол әдеби қазынаны заңды түрде бір жерге жинақтайтын әдеби платформа.
Qalamger.kz – әдеби-танымдық порталы қазақ қаламгерлерінің шығармашылығын насихаттай отырып, танымдық әрі медиа бағытта өз жұмысын жүргізеді. Айжан Тәбәракқызы басқарған ұжым әдеби сайттар қатарына соңғылардың бірі болып енгенімен, әлеуметтік желі арқылы жақсы жұмыс атқарып келеді. Мұнда қазақ қаламгерлерінің сапына қосылып жатқан жастардың алғашқы шығармалары көптеп жарияланады. Оған 693 автордың еңбегі енгізілген. Q-tube каналында қазіргі таңда көп оқылатын танымал ақындармен қоса жастардың поэзиясын насихаттайтын «Бір өлең» және «Алғашқы» сияқты айдарлар жұмыс жасайды. Мектеп жасындағы оқушылар мен мұғалімдер үшін ай сайын онлайн-байқау ұйымдастырылып, түрлі бағалы сыйлықтар ойнатылады. Мұнда оқушылар шығарма, эссе жазу бойынша жарысқа түседі.
Thebilge.kz – мәдениет пен өнер сайтында басты басымдық аудармаларға берілген. Поэзия, проза, сын жанрларындағы құнды шығармалар жарияланып тұрады. Қазақ әдебиетінде ерекше жазу стилімен танымал Ардақ Нұрғазы басқарып отырған сайт ұжымы көзі қарақты оқырманды сапалы аударма мен мәйекті мақалалар жариялаумен қуантады деп сенеміз.
Жасын СҮГІРӘЛІ
19 қаңтар 2020 ж. 1 207 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930