Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Рухани шамшырақ иесі

Рухани шамшырақ иесі

Қазіргі ақпарат дәуірінде адамзаттың ең қымбат қазынасы – білім мен ақпарат. Осы байлыққа жол ашып, рухани әлем мен мәдениеттің алтын арқауын келешек ұрпаққа аманаттап жеткізетін жандар бар. Солардың бірі – кітапханашылар. Кітапханашы – тек кітап сақтаушы ғана емес, ол – мәдениет пен білімнің дәнекері, руханият әлемінің қақпашысы, қоғамның ой-санасын қалыптастыратын тұлға. Уақыт ілгерілеген сайын бұл мамандықтың маңызы арта түсуде. Себебі, ақпарат тасқынына толы заманда дұрыс дерек таңдау, оны іріктеп, оқырманға жеткізу – шынайы шеберлік пен үздіксіз ізденісті қажет етеді.
Осындай қасиеттерді бойына сіңірген, өз мамандығын жүрек қалауымен таңдаған жас маманның бірі – Ұлдана Ақбай. Ол – ізденімпаз, өз ісіне адал, рухани мәдениетті насихаттаушы заманауи кітапханашы.
Ұлдана Қалиқызы 1996 жылдың 15 шілдесіндеҚазалы қаласында дүниеге келген. Бала күнінен кітап иісіне, білімге құштар болып өскен ол мектеп қабырғасынан бастап әдебиет әлеміне ерекше қызығушылық танытқан.
2014 жылы Максим Горкий атындағы №16 мектепті тәмамдаған соң, Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжіне түсіп, «Кітапхана ісі» мамандығын таңдайды. Бұл – жүрек қалауынан туған шешім еді. Ұлдана бұл таңдауды өмірлік ұстанымына айналдырған әке өсиетімен байланыстырады.
– Әкем үнемі: «Кітап – сенің ең сенімді досың. Ол ешқашан алдамайды, тек үйретеді» деп айтатын. Сол сөз менің өмірімнің темірқазығына айналды», – дейді Ұлдана естелікпен.
2019 жылы білімін жетілдіру мақсатында Болашақ университетіне оқуға түсіп, жоғары білім алады. Осылайша, мамандығын терең меңгеріп, білімін тәжірибемен ұштастырады.
Ұлдана еңбек жолын Ыбырай Алтынсарин атындағы №204 орта мектепте кітапхана меңгерушісі ретінде бастайды. Міне, содан бері тоғыз жылға жуық уақыт ішінде ол өз ісін сүйіспеншілікпен атқарып, талай шәкірттің жүрегіне жол тауып келеді. Кітапханашының қызметін тек кітап тіркеу немесе сақтау ісі деп қабылдауға болмайды. Ұлдана бұл істің шығармашылық пен рухани тәрбиеге толы екенін дәлелдеп жүр.
Мектеп қабырғасында ол оқушылар арасында «Кітап апталығы», «Ертегілер әлеміне саяхат», «Бірге оқимыз», «Кітап сыйла!» сияқты танымдық және әдеби жобаларды ұйымдастырып, балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруда. Әр іс-шараның мақсаты – жас ұрпаққа оқудың қуанышын сезіндіру, әдебиет пен мәдениеттің мәнін ұғындыру.
Сонымен қатар Ұлдана заманауи технологиялар дәуірінде электронды ресурстармен жұмыс істеудің жаңа үлгілерін меңгеріп, цифрлық форматтағы ақпарат көздерін тиімді пайдаланып келеді. Осы арқылы ол – жаңашыл, ақпараттық қоғамға бейімделген заманауи кітапханашының жарқын бейнесін қалыптастыруда.
«Кітапханашының жұмысы – тек кәсіби міндет емес. Бұл – қоғамның білім деңгейін көтеру, ақпараттық теңсіздікті азайту және мәдени мұрамызды сақтау миссиясы. Кітапханашы – рухани шамшырақ иесі», – дейді Ұлдана Қалиқызы.
Жас маман өзінің табысының сыры отбасының қолдауында екенін ерекше атап өтті.
«Жұбайым – менің ең үлкен тірегім, әр бастамамды қолдап, шабыт береді. Балаларымның қызығушылығы мен сұрақтары маған жаңа идеялар ұсынады. Отбасым – менің қуатым мен сенімімнің бастауы», – дейді ол.
Ұлдана үшін кітапхана – жай ғана жұмыс орны емес, әке аманатының жалғасы. Күн сайын кітап қорын жаңартып, жаңа әдебиеттерді тіркеп, көрмелер ұйымдастыру – оның күнделікті еңбегінің бір бөлігі. Ең бастысы, Ұлдана оқушылардың әрқайсысына жеке жол тауып, кітап оқуға қызығушылығын оятуға тырысуда.
«Қазір балалардың көпшілігі телефон мен ғаламторға тәуелді. Бірақ мен әр балаға жол табуға тырысамын. Кітапты қызықты етіп ұсынсаң, олар да бейжай қалмайды. Кітап – білімнің кілті, ал оны ұсынатын адам – рухани жарық беруші шамшырақ», – дейді ол шынайылықпен.
Кітапханашы болу – жай кәсіп емес, бұл – рухани миссия. Ол – ұлттың мәдени коды мен даналығын келер ұрпаққа аманаттау жолы. Ұлдана сияқты жас мамандар барда, кітапхана – мәңгілік рухани орда, ал кітап – ұлт жүрегінің дүрсілі болып қала бермек.
Арайлым ЖҮСІПОВА
21 қазан 2025 ж. 209 0

Маңызды ақпарат

07 желтоқсан 2025 ж. 32

Қазақстанда күн күрт суытады

06 желтоқсан 2025 ж. 166

Ұрпаққа бағыт, білімге мақсат

06 желтоқсан 2025 ж. 135

Мәңгілік сағыныш

06 желтоқсан 2025 ж. 119

Ұстаздар үздіктер сапында

06 желтоқсан 2025 ж. 126

Өмірін әнмен әрлеген әжелер

06 желтоқсан 2025 ж. 118

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031