Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұйқыдағы үрей

Ұйқыдағы үрей

Фото: ЖИ
Неге екенін, көзім ілінсе болды, беймәлім бір күш денемді кісендеп, қимылсыз қалдырады. Қол-аяғым өзіме бағынбайды. Даусым бар, бірақ ол да көкірегімде тұншығып, өзімнен әрі аса алмайды. Кейде шым-шытырық түс кіріп, қалың тұманның арасынан біреудің сыбырын естимін.
Бірде қараңғылыққа жұтылып, өң мен түс арасындағы сол арпалыста жаным қиналып, жарыққа шығуға талпынам. Сондайда анамның үні ғана мені тіршілікке қайта жетелейді. Су ішіп, «Біссіміллә» деп айтам. Бірақ сол түні ұйқымның да, жанымның да тынышы кеткенін сезем.
Қызығы, бұл күйді мен ғана емес, анам да бастан кешеді. Бір түні оның бөлмесінен әлдекіммен сөйлескендей дауыс естілді. Тынышталып тыңдап жаттым. Кенет «Помогите, кто-нибудь!» деп шошына айғай салды. Зәрем ұшып, жетіп барсам, көзі жұмулы, денесі сіресіп қалыпты. Ояттым. Терең дем алды. «Тағы бастырылдым…» деді сыбырлап.
Бұрын бұған күлкімен қарайтынбыз. Інім тіпті, «Келесіде бастырылсаң, орысша емес, қазақша сөйле» деп әзілдейтін. Бірақ күлкі артында үрей бар еді. Сол қорқыныш мені бір күні дем салдыртуға алып барды. Сол түні ұйқым тыныш еді. Бірақ келесі түнде тағы бастырылдым. Бұл жолы өз даусымды анық естідім:
– Сиқыр салған сен бе? Кімсің? – деп айқайлап жатырмын.
Даусым өзіме жетеді, бірақ ояна алмаймын. Денем тас. Сол сәтте анам келіп, мені түртіп оятты.
Бірде әріптес апайдың үйінде түнедім. Ертесіне апайым, түн ортасында «Кет, кет!» деп айқайлағанымды және одан қатты шошынып қалғанын айтты. Ұялдым. Содан бері бөтен үйге қонуға қорқатын болдым.
Ал студент кезімде пойызда бастырылғаным тіпті ұмытылмас. Тербелген вагон ішінде көзім ілінген. Бір сәтте сол таныс қысым денемді тағы да жаншып, даусым өзіме ғана естілді. Қатардағы жігіттер шошып оянып, иығымнан түртіпті:
– Қарындас, ояныңыз…
Көзімді ашсам, бәрі маған үреймен қарап отыр.
Сол сәттерден кейін мен ойға қалдым. Мүмкін, бастырылу – шаршаған тәннің белгісі шығар. Әлде, дұрыс жатпаған дененің қорғансыз сәті ме? Бірақ кейде бұл тек тәннің емес, жанның да айқайы сияқты. Тән демалмаған, жан тыныш таппаған түндерде адам өз көлеңкесімен бетпе-бет келеді. Көрінбейтін қорқыныштармен, айтылмаған өкініштермен, кешірілмеген естеліктермен арпалысады.
Сол түні тағы бастырылғанда мен бұл сөздің мәнін анық сездім. Денем ауырлап бара жатса да, ішімнен сыбырлап қана айттым:
– Алла, мені сақта… Жанымды тыныштандыр…
Сол сәтте денем жеңілдеп, кеудемнен тыныс еркін шықты. Терезеден таңның жарығы еніп, мен көзімді өз еркіммен аштым. Бұл жолы мені оятқан үрей емес, жарық еді.
Бекзат АСАН
21 қазан 2025 ж. 208 0

Маңызды ақпарат

07 желтоқсан 2025 ж. 32

Қазақстанда күн күрт суытады

06 желтоқсан 2025 ж. 166

Ұрпаққа бағыт, білімге мақсат

06 желтоқсан 2025 ж. 135

Мәңгілік сағыныш

06 желтоқсан 2025 ж. 119

Ұстаздар үздіктер сапында

06 желтоқсан 2025 ж. 126

Өмірін әнмен әрлеген әжелер

06 желтоқсан 2025 ж. 118

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031