Отан қорғаушылар құрмет төрінде
Тарих беттерін парақтасақ, 1992 жылдың 7 мамыр күні Қазақстан Республикасының Қарулы күштері құрылды. Бұл үлкен қажырлылық пен жылдамдықты талап еткен кезең еді. Елбасының пәрмені арқылы құрылымды жетілдірудің негіздері жасалды. Ел әскерінің қанаты қатайып, бұғанасы бекіді. Жауынгерлік әлеуеті нығая түсті. Сап түзеген сарбаздардың Отанға деген патриоттық сезімі артып, рухы биіктеді. Осыдан соң еліміздің Отан қорғаушылар күні ретінде аталып өтілетін болды. Бұл мерекені қазалылық жұртшылық биыл да жоғарғы дәрежеде тойлады.
Алдымен аудан әкімі Мұрат Ергешбаев бастаған бір топ ел ағалары орталық алаңдағы Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналып қойылған ескерткішке тағзым етті. Бар өмірін ел тыныштығына айырбастаған батыр жандардың ерлік істерін еске алып, гүл шоқтарын қойды.
Одан әрі мерекелік шара аудандық мәдениет орталығында жалғасты. Оған Отан үшін от кешкен екінші дүниежүзілік соғыс, ауған соғысы ардагерлері, әскери қызметкерлер, Қазақстан армиясы қатарында борышын өтеп келген жігіттер мен тұрғындар қатысты. Ел тәуелсіздігін сақтауда ерен еңбек етіп жүрген Отан қорғаушыларды құттықтау үшін сөз алған М.Нәлхожаұлы бұл күн нағыз ерлердің мейрамы екенін айтты.
– Биыл Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне – 27 жыл. Бұл ел тарихындағы маңызды белес болып саналады. Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасында жатқан ұланғайыр даланы ата-бабамыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге аманат етті. Олай болса, өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың өнегесіне айналған бабалар аманатына адал болу, тәуелсіз Қазақстанның бейбіт аспаны мен тыныштығын қорғау – әрбір азаматтың борышы деп білеміз. Сондықтан барша ер азаматтарды мерейлі мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, қызметтеріңге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді ол.
Мереке күні ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген азаматтардың мерейлері үстем болды. Полиция бөлімінің бөлімше басшысы Ғанибек Құрманалиев, Әскерилендірілген күзет бөлімінің басшысы Оразбай Күлекенов, мектептегі шәкірттерді әскери дайындыққа баулып жүрген Жомарт Дінахметов, Дастан Балымбетов, Қалила Ақберді мен Асқар Ізтілеуовке аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды. Бұлардың қатарында №4 өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары Еркін Әбдібек те бар. Арнайы марапат алған ол: «Өзіміз туып өскен Отанымызды, оның әр адым жерін қорғау – біздің бұлжымас борышымыз. Осыны ескеріп, қошеметке бөлеп, жақсы шара ұйымдастырған азаматтарға алғысым шексіз. Алдағы уақытта да тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аянбай еңбек ететін боламыз», – деді көтеріңкі көңіл күймен.
Мерекелік кешке келгендер, сондай-ақ, әскери адамдардың қаруды шашып-жинағандарын тамашалады. Бұдан соң өнерпаздар әскери әндер орындап, кеш көркін қыздыра түсті.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ