Ардагерлер ардақталды
Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толды. 1979 жылдан 1989 жылға дейін созылған алапат қазақтың талай шаңырағын шайқалтты. Әскери борышын өтеуге аттанған жүздеген бозбала елге, туған жеріне оралмады. Өзге елдегі соғысқа 67 қазалылық азамат қатысса, солардың 2-і майдан даласында мерт болды. Ал 7 адам елге оралып дүниеден өтті. Қазір ауданда 28 Ауған соғысының ардагері тұрады.
Кеше аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қайсарлық пен қаһармандықтың үлгісін көрсеткен Ауған соғысы ардагерлерін қабылдап, құрмет көрсетті. Басқосуға ардагерлермен қатар мектептердегі алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің қызметкерлері де қатысты.
– Бүгінгі таңда интернационалист жауынгерлерге мемлекет тарапынан қамқорлық көрсетіліп келеді. Ай сайын олардың әрбіріне 11 мың теңгеден арнаулы жәрдемақы беріліп отыр. Өткен жылы Ауған соғысы ардагерлерінің әрқайсысына 72 мың теңгеден бір реттік әлеуметтік көмек берілді. Биыл мерекеге орай олардың әрбіріне 176 750 теңгеден бір реттік әлеуметтік көмек көрсету үшін облыстық, аудандық бюджеттерден 5 млн теңге қаралып отыр. Бұдан бөлек Ауған соғысы ардагерлері, мүгедектері мен соғыста қайтыс болғандардың отбасыларын қатыстыра отырып, арнаулы орта оқу орындарында, мекемелерде кездесулер өткізілді.
Қазіргі таңда Ауған соғысында қаза болған жауынгерлерге тағзым ету үшін «Жеңіс» саябағындағы «Даңқ» аллеясында ескерткіш-белгі орнатылған. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған мерекелік шара да бейбіт күннің батырларына жасалған құрмет, – деген аудан әкімі Ауған соғысы ардагерлерінің кеудесіне 30 жылдыққа арналған мерекелік медалін тақты.
Басқосуда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов талай боздақтың өмірін қиған Ауған жерінен Кеңес әскерінің шығарылғанына 30 жыл толуына орай құттықтау сөз сөйлеп, ширек ғасырдан аса уақыт өтсе де сол бір кез аға буынның көз алдында екендігін тілге тиек етті.
Өз кезегінде азаматтық борышын Ауғанстан жерінде өтеген азаматтар мерекеге орай лайықты құрмет көрсеткен аудан әкіміне алғысын жеткізіп, ризашылықтарын білдірді.
– Ауғанстан жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына – 30 жыл болса да, соғыс салған жан жарасы әлі жазыла қойған жоқ. Осы соғыста қаншама қазақстандық жауынгер қаза тапты. Олар Отан алдындағы борышын абыроймен адал атқарды. Сондықтан Ауғанстан жерінде болған жауынгерлердің қайсарлығы мен ерлігі ешқашан ұмытылмайды, – деді Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер одағы «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айдар Әлиев.
Ж.СОВЕТҰЛЫ