Индиядан әкелінген ағаш
..Әр қаланың болады екен өз жаны!
Һәм сүйегі,
қаны,
Ары,
ожданы...” - дейді ақын Ерлан Жүніс. Сол айтқандай, біздің төрдегі тектілер түлеткен “кәрі қаланың” өз ар-ожданы бар.
Һәм сүйегі,
қаны,
Ары,
ожданы...” - дейді ақын Ерлан Жүніс. Сол айтқандай, біздің төрдегі тектілер түлеткен “кәрі қаланың” өз ар-ожданы бар.
“Ар-ождан” болғанда сол үшін жыртысын жыртып, қасық қаны қалғанша шекарасын қоритын азаматтары жетерлік.
Әрине “пафосный” естілуі мүмкін. Бірақ көне қаланың кердең басып, кеудесі өрден түспейтін өрендері көп. Әнеукүні сол өр ұлдарының жүрегіндегі мөрдей болған бұрынғы атауы - “Мүрәлім”, қазіргісі – “Нұралы” аталатын мешітке маңдай тіредік.
Басты себеп – мешіттің бас имамы Қайрат қажы Дәуіржанұлының игілікті бастамасы. Бас имам мешіт жанынан асхана жасауға талап етіпті.
Бұл елеулі іске елдің ерулік айтып жүрген азаматтары қолдау көрсетіп, мешіт жанындағы көне тамды сатып алған.
Мешіт – мейірім мекені. Біреудің құлағалы тұрған көне үйі көптің көмегімен жиналған 4 миллион үш жүзге бағаланыпты. (Мәселе, қаржыда емес, көне үйін сатып алып, тұрғындарын жұрт қатарлы тұратын қонысқа мешіт жігіттерінің орналастыруында!)
“Қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады”. Сол әр рудың ақсақал-қарасақалдарының ұйытқы болуымен жиналған қаражатқа болашақ асхананың кірпіші, цементі түсіпті. Медеу Есхожаев секілді Алланың жолында аянып қалмайтын атымтай жігіттердің миллион теңгеге жуық қаржылай демеушілігімен көп шаруасы шешіліпті... Әйтсе де құрылыс заты қалықтап, нарық бәсі шарықтап кеткен тұста әлі қаржы жетпейтіні рас. Мешітке әлде де болса көмек керек-ақ. (Осы сәті келгенде айта кетерлігі, көп игілігі үшін, көмек көрсетем, Алланың жолына малымда, барымда садаға дейтін, тым болмаса қол көмегімді жасаймын дейтін азаматтар болса, мархабат! Әлде де сауаптан кеш қалмайсыз!
Шынымды айтсам, қалаға қанша келіп жүрсемде мұнда бірінші бас тіреуім. Ғимарат осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын тәжік көпесі Мүрәлім Мерекемаловтың ұйытқы болуымен қыштан салынған. Содан бері қилы кезеңнің куәсі болған орын қалалықтарға емхана болып қалқиса, кейін дәріхана, спорт мектебі ретінде қызмет атқарған. Ғасырдың кәрі саусағының табы, жалынды жылдардың жаңғырығы қалған жер тәуелсіздік алған уақыттан бері жақсылар мен жайсаңдардың маңдайы сәждеге тиетін киелі нысан. Осы ретте айта кететіні мешітке кірсеңіз бағанаға айналған ерекше ағаштар көзіңізге түседі. Бұрын еш жерден кезіктірмеген бұл дарақтар бір кездері Индиядан әкелініпті. Иә, қағыс естімедіңіз – Индиядан келген!
Е, о заманда бұ заман Сырдың сорға айналған топырағынан Шынар ағашын кім көріпті?! Бір қызығы бұл - расыменде әдеби кіптарда айтылатын шынар! Әлгі мына мешіт құрылысына бар дүние-мүлкін сарп еткен Мүрәлімді біреу сарт, екіншісі – өзбек, үшіншісі – ноғай деп әр ұлтқа телейді. Кейбір міскіндер мешіттің сыртынан “сарт мешіті” дейтін көрінеді. Әрине ренжисің.
Бірақ төбеде құдай көріп тұр ғой, Индиядан ағаш тасып, әр кірпішін зор ықыласпен, Бұқара мен Хиуадан алтын беріп әкелген ұсталар қалап, артына исі мұсылман үшін қасиетті орын қалдырған Мүрәлім нағыз ер екен. (Алланың мол сауабы, пайғамбардың шапағаты болсын!)
Бас имам Қайрат қажының айтуынша, шынар ағашында ойып жазылған арабша жазу бар. Әдепкіде араб тілінен хабары жоқ маған бұл бір қасиетті сөздей болып көрінді. “Бақсам бақа екен” дегендей, кейін сұрастырсам бұл “Ниғматулла ұста Абдулла әл-Бұхари. Һижра жыл санауы бойынша 1332 жыл” деп қашалған сөз екен. Міне, солай! Игі істің басында жүрген жандарға Тәңір өзі жар болсын!
Е. ТАБЫНБАЕВ