Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жаңашыл мұғалім

Жаңашыл мұғалім

Қай кезде де, қандай бастамада да әуелі бағыт-бағдар беретін өмірлік ұстаз болатыны заңдылық. Сондықтан да олардың тұлға ретінде қалыптасуға қосар үлесін түйсінгендер кейінгі буынға салмақты өсиет қалдырып отырған.

Адамның адамшылығы ұстаздан болады. Сондықтан да қазақтың ағартушы-педагогы Ы.Алтынсарин мұғалімді мектептің жүрегіне теңеген. “Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы” деп дәл айтылған. Осындай ұлы есімді абыроймен арқалап жүргендер арамызда баршылық. Солардың бірі С.Сейфуллин атындағы №165 мектептің мұғалімі Қуаныш Жанпейісов оқушыларды заманауи біліммен сусындатып, алтын ұядан түлетуде.

Қуаныш Сейтқұлұлы он жылдан аса қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін мінсіз атқарып келеді. Ақжарқын жігіт сабақ өткізу әдісін ерекше ету үшін тынбай ізденеді. Соның арқасында 2018-2019 оқу жылында бітірген 20 оқушысы жоғарғы білім сапасын көрсетіп, грант жеңіп алған. Үздік шәкірттері Саяжан Шынтемірова, Гүлназ Сейілхан, Алтынай Сермағамбетова оқу сауаттылығы бойынша қазақ тілі пәнінен 20 балл жинап, мектеп абыройын асқақтатты. Қазақ тілі мен әдебиетін таңдаған Бибінұр Жақсығұлова Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институтына оқуға түсті.

Сегіз қырлы, бір сырлы білікті педагог аудандық, облыстық ақындар мүшәйрасының жүлдегері. Мектептегі бас¬кетбол, волейбол үйірмелерінің белсенді мүшесі. Эстрадамен ән салу байқауының және спорттық ойындардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Ол мұғалімдерге арналған әдебиет және қазақ тілі пәндерінен ұйымдастырылған республикалық NIO олимпиадасынан жүлделі орындарды жеңіп алды. Елеулі еңбегі ескеріліп, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ сабақ берген шәкіртері түрлі білім додасына қатысып, үздік шыққан. Атап айтқанда, Ерасыл Омаралы, Жұлдызай Алпысбаева, Ринат Оразбек А.Байтұрсынұлы атындағы ІІІ Республикалық қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасында екінші орынды иемденсе, Нұрәділ Жайнияз жеңіс тұғырынан көрінді. Айдана Айтуған республикалық мәнерлеп оқу сайысынан бас жүлдені қанжығалады. Айна Кәдір, Аида Тағаймұрат, Аяулым Саналы аудандық ғылыми жобалар байқауында және қазақ тілі мен әдебиеті пән олимпиадасынан жүлделі орындарды жеңіп алды. Сонымен қатар аудандық «Қара сөзім қазағыма қалқан болған» атты Абайдың қарасөздерін оқу шеберлерінің сайысында Аяжан Қостанай үздік шықты. Бұдан бөлек, дарынды оқушылары «Ақберен» республикалық ақындық пен шешендік өнер байқауында, «Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасында, аудандық «Ілияс оқулары» сайысында жеңімпаз атанды.

Осындай айналасына білім мен тәрбие нәрін сеуіп, адамгершілік нұрын төгетін ұстазға құрмет көрсету кейінгі буын еншісінде.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

05 қазан 2019 ж. 1 729 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031