Шәкірт жеңісі – ұстаз жемісі
Әйтеке би кентіндегі С.Сейфуллин атындағы №165 мектеп оқушысы Айзат Отар мен Қазалы қаласындағы №16 мектеп-лицейдің оқушысы Назира Шадымұратова жуырда өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінен екінші орын иеленді. Білім бәсекесінде Айзат «Қазақстан тарихы», Назира «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерінен бақ сынады. Наурыз айында өтетін республикалық олимпиадаға жолдама алған шәкірттер қазір дайындық үстінде.
Айзат 8 сыныптан бастап Қазақстан тарихы пәнінен түрлі білім бәсекелеріне қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізген. Аудандық, облыстық түрлі сайыстармен қатар республикалық «Тарих ата» олимпиадасында үшінші, облыстық С.Нұртаев атындағы пәндік олимпиадада Алғыс хатпен марапатталды. Тарихтан бөлек, биология, химия пәндерін сүйіп оқитын Айзат болашақта дәрігер болсам дейді. Сабақпен бірге спортқа да құштар қыз баскетболды жанына серік еткен. Оның жетекшісі №165 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Майра Өмірзақова шәкірті туралы: «Айзат тиянақты әрі алғыр. Алға қойған мақсатына жету жолында тынбай еңбек етеді. Үнемі ізденіс үстінде жүреді үйренуге деген талпынысы жоғары», – дейді.
Ал, Назира өзбек ұлтының өкілі. Ол қазақ, орыс және өзбек тілдерін еркін меңгерген. Қазақ әдебиетін сүйіп оқитын оқушы ақындар өлеңін жатқа оқығанды жақсы көреді. Облыста өткен ғылыми жоба байқауында «Халық педагогикасы арқылы өзге ұлт өкілдерін қазақ тіліне үйрету» тақырыбында зерттеу жұмысын таныстырып, үшінші орынды иемденді. Бұдан өзге де көптеген жарыстарда топ жарып жүр. Мектеп бітірген соң «Фармацевт» мамандығын меңгерсем деген Назира Рустамқызы биология пәнін де жетік меңгеруге тырысады.
«Назира сабақты жақсы оқиды әрі қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Мектебіміздің мақтаныштарының бірі. Оның алғырлығы мен білімге деген құштарлығы ерекше. Ұстаз шәкірттің екінші анасындай. Олар әр байқауға қатысқан сайын шәкіртіммен бірге қобалжып, бірге қуанамын», – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әлия Абдулла.
Республикалық пәндік олимпиададан жүлделі оралуды мақсат еткен қос шәкірттің болашағынан ұстаздары да үлкен үміт күтеді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА