Бишілер бағындырған белес
Қазақ би өнерінің жетілу жолы ұлтымыздың бай тарихымен біте қайнасып келеді. Мұнда көшпенді халықтың өзіне тән өжет мінезі, күнделікті тұрмыс-тіршілігінің қанық бояуы көрініс тапқан. Ұлттық би – дала төсіндегі дамыған елдің дүниетанымын дәл суреттейді.
Біздің ортамызда осы өнерге қызығушылығы басым, үнемі ізденіс үстінде жүретін жастар қатары аз емес. Талабы таудай жеткіншектердің басын біріктіріп, кәсіби деңгейін көтеру бағытында ауданда түрлі үйірмелер, өнер ұжымдары жұмыс істейді. Солардың бірі – «Аршат» би тобы.
2018 жылы Қорқыт ата атындағы аудандық музыка мектебінің хореграфия класы жанынан шыққан бұл бишілер аз уақыттың ішінде түрлі сында топ жарып, биік белестерді бағындыра бастады. Бүгінде олардың бағдарламасында «Әшекей», «Қарлығаш», «Текемет», «Бақыт құсы», «Туған ел» сынды ұлттық бимен қоса еркін, классикалық бағытқа бейімделген бірнеше би түрі бар.
Көптеген байқауларда бағын сынап жүрген жасөспірімдер жақында Халықаралық «Қазақстан жас таланттары» фестивалінің Қызылорда қаласындағы іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, ақтық сынға жолдама алған еді. Ізденімпаз өрендер Алматыдағы өнер додасы қорытындысында бірінші орын алып, туған жер абыройын асқақтатты.
Топ жетекшісі Рыскүл Қаппаровамен тілдескенімізде: «Бұл біздің халықаралық деңгейдегі алғашқы қадамымыз болды. Үлкен сахнада өнер көрсетіп, ішкі толқыныстан арылып, өз деңгейіміздің қандай шамада екенін байқадық. Болашақта да талабымызды ұштап, биік тұғырдан көрінуге күш сала береміз», – деген қуанышымен бөлісті.
Жасын СҮГІРӘЛІ