«Ақжелеңнің» арулары
Би – адам баласына көтеріңкі көңіл-күй мен сұлулық, сымбаттылық, әсемдік сыйлайды, еңбектенуге баулиды. Этика мен эстетикалық тәрбиеге тұнып тұрған бұл өнерді жанына серік еткендердің қатарында қазалылық «Ақжелең» бишілер тобы да бар.
Аудандық Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығы жанынан 2007 жылы биші Айзат Сексенбаеваның жетекшілігімен құрылған бишілер тобының аты бүгінде көпшілікке жақсы таныс. Алғашқы кезден-ақ түрлі байқаулардың жеңімпазы атанып, мәдени-көпшілік шаралардың басы-қасынан табылатын ақжелеңдіктер биші Индира Рсалиева жетекшілік еткен жылдары да жүлдесіз болмады.
Қазіргі таңда би тобын жас өнерпаз, биші Айдана Тыныбай баулумен айналысады. Ол мектеп қабырғасында жүріп, аудандық оқушылар үйінің жанынан құрылған «Қыз Жібек» би үйірмесінің құрамында, облыстық «Ақкөгершін», республикалық «Ғұмырдария» би байқаулары мен Алматы қаласында өткен «Жұлдызды сәт» телебайқауында өнер көрсеткен. Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде «Би өнері» бөлімінде оқыған биші қыз оқу орнындағы «Сыр сұлуы» би ансамблінің мүшесі болды.
Өткен жылы аудан бойынша «Ең үздік жас өнерпаз» атанған Айдана Еділқызы еңбекқорлығымен ерекше танылған. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Үйірме жұмысын ыждаһаттылықпен атқарады. Оның би өнеріне баулығын бүлдіршіндері мен бойжеткендерінің жетістігіне қарап, жұмысына деген жауапкершілігін аңғарасыз.
– Біздің репертуарымызда қазақ күйлеріне қойылған бірнеше тақырыптық және өзбек, тәжік, орыс, тағы басқа ұлттармен қоса заманауи билер де бар. Үйірмеде кіші және үлкен топ жаттығады. Қатысушыларды 6 жастан бастап қабылдаймыз. Би өнеріне қызығушылығы жоғары қыз балалар өте көп, – дейді Айдана.
«Ақжелең» би тобы 2017 жылы Байқоңыр қаласында өткен «Все краски танца» байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Жұптық биде Айжан Қамбар мен Мереке Марат үшінші орын иеленді. 2018 жылы XX облыстық «Бозторғай» конкурсында екінші орынға қол жеткізді. «Айгөлек» балалар шығармашылығы байқауында ерекше орындаушылық шеберлігі үшін дипломмен марапатталды. Бұдан бөлек бірнеше байқауға қатысып, топжарған бишілер бағындырар белесіміз әлі көп дейді.
Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ