Өнерлі өрен
Қасиетті Қазалы жері өнерлі балғындарға бай өлке. Бүгінде аудан балалары музыка саласына айрықша қызығушылық танытып, ұлттық аспаптарды кәсіби тұрғыда меңгеруге ден қоюда. Олардың қатары жыл сайын артпаса, кеміген емес. Сондай келешегінен мол үміт күттіретін балғынның бірі – Аяжан Тәңірбергенова мектептегі оқу бағдарламасымен қатар музыка саласынан дәріс алып жүр. Ол Қорқыт ата атындағы Қазалы аудандық балалар музыка мектебінде фортепианода ойнауды меңгеруде.
Аяжан Нұрбекқызы №249 мектеп-лицейдің үздік оқушысы. Әкесі Нұрбек фотограф, бос уақытында домбыра тартып, ән айтады. Содан да болар Аяжан бала күнінен әуез мектебіне баруға құштар болды. Ол Жәния Әубәкіровадай атақты пианист болуды армандайды. Халықаралық үлкен сахналарда өнер көрсеткісі келеді.
Өнер жолындағы ұстазы Айгүл Дәрібаева шәкіртінің өте дарынды әрі есте сақтау қабілетінің жоғары және шығарманы тез меңгеретіндігін мақтанышпен жеткізді. Оның айтуынша, кішкентай Аяжан тума талант. 1 кластан бастап, жоғары сыныптың шығармаларын үйренген. Осы күні конкурсқа дайындық үстінде. Құрылым жағынан өте күрделі колледжде өтетін шығармаларды меңгеруде. Сабаққа деген ынтасы ерекше кез келген әуенді жақсы сезінеді. Қысқа уақытта шығармаларды тез талдап, лезде көкейіне тоқып алады.
«Жалпы фортепиано көп дайындықты қажет ететін аспап. Саусақты жаттықтыру үшін ұзақ уақыт керек. Аяжан жауапкершілігі мол дарынды қыз. Келешекте үлкен сахналарды бағындырған жақсы пианисттің бірі боларына сенімдімін», – дейді Айгүл Дәрібаева.
Аяжан әуез мектебіне келгеннен музыка сабағына деген махаббаты күннен-күнге ұлғайып, түрлі жарыстарға қатысып өз бағын сынады. Атап айтқанда, 2015 жылы Семей қаласында өткен Латиф Хамиди атындағы ІІ республикалық байқауынан үшінші орынды қанжығасына байлап, «Үміт» номинациясын иемденді. 2016 жылы осы байқауда бірінші орынды жеңіп алды.
Сонымен қатар, әр жылдары балалар және жасөспірімдер арасындағы өткізілген халықаралық «Дарын – 2015», облыстық «Жас музыкант ХХХХХ» байқауларында жүлдегер атанса, республикалық Жеті өнер «Алатау шыңы» балалар мен жастар шығармашылық фестиваль-конкурсында бас жүлдеге қол жеткізді. Ал Ақтөбе қаласындағы «Весенние напевы» халықаралық конкурста «Лауреат І степени» атанды. Қазалы ауданы білім бөлімінің Құрмет грамотасы мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатымен марапатталған.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА