Өрелі өзгерістерге бетбұрыс
Кез келген елді танытатын өнері мен мәдениеті. Дана халық «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер айтпаса керек. Елдіктің басты нышаны – ұлттық мәдениет пен өрісті өнер. Ол – ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған асыл қазына. Оны өскелең ұрпаққа жеткізу жолында мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің қосар үлесі зор. Қойнауына құтпен қатар өнер қонған қасиетті мекеннің бірі – Қазалы ауданы.
Талантты өнерпаздардың қара шаңырағына айналған Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығы халыққа эстетикалық тәрбие беріп, тыңдарманның жан дүниесін рухани байытуда аянбай еңбек етуде. Бұл өнер ордасынан республикаға есімі танылған көптеген өнер саңлақтары түлеп ұшты.
21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай аудандық мәдениет орталығында болып, өнер ұжымының жұмыс барысымен таныстық. Үнемі мерекелік кештерге, мәдени-танымдық іс-шараларға дайындық үстінде жүретін мәдениет саласының мамандары бұл жолы да қызу жұмыс үстінде екен. Бірі ән салып, енді бірі би үйірмесінің жұмысын жандандыруда. Жұмыс кабинетінде отырған қызметкерлердің де сценарий дайындау, іс-шаралар жоспарын құру, тағы басқа ұйымдастырушылық істерден қолы қалт етер емес. Бізбен емен-жарқын амандасқан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаевпен ұжым туралы әңгіме өрбіттік. Оның айтуынша, бүгінгі таңда ауданда мәдениет орталығы, Әйтеке би кенттік клубы мен 16 ауылдық клуб, бір қалалық және бес ауылдық мәдениет үйі бар. Оларда 8 халықтық ұжым, 7 терме, 22 би, 24 ән, 12 домбыра, 21 драма, 4 ақындар, 2 қобыз үйірмесі жұмыс істейді. Сонымен қатар екі әжелер ансамблі, вокалдық аспаптар ансамблі, «Қазалы қалжыңы» ойын-сауық отауы, №1 және №2 жылжымалы мәдени-демалыс кешені, «Қазалым – наз әнім» үгіт керуені, қуыршақ балалар театры, «Ақжелең» бишілер тобы, «Этно рок» ансамблі өнер көрсетеді.
Мәдениет орталығы жанындағы Ж.Тұрсынов атындағы халық театры, «Қорқыт сазы» фольклорлық ансамблі, «Мырза» атындағы халық оркестрі, «Әуезовтер отбасы», «Мелодия» орыс ұлттық аспаптар ансамблі, Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйі жанындағы халық театры, Әйтеке би кенттік клубы жанындағы «Атамұра» ардагерлер халықтық ансамблі және Қазалы қалалық мәдениет үйіндегі Халық театры көпшілікке мәдени-рухани демалыс сыйлайды.
– Тұрғындардың бос уақытын тиімді пайдалану, жас таланттарды тауып, көпшілікке таныстыру, өнерін насихаттауда және жастар мен жасөспірімдерді отансүйгіштікке баулуда үздіксіз жұмыстар атқарып келеміз. «Мәдени мұра» бағдарламасын басшылыққа ала отырып бекітілген жоспарға сәйкес мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырамыз. Барлық іске жұдырықтай жұмыла кірісетін ұжым аудан көлемінде атқарылатын мәдени шаралардың қай-қайсысының да басы-қасынан табылады, – деген бөлім басшысы өнер иелеріне шығармашылық табыс тіледі.
Әңгіме ауанынан ұққанымыз, аудандағы дарынды жастар мен бүлдіршіндер мәдениет бөлімінің үнемі назарында. Түрлі байқаулар ұйымдастырып, талантты жастарды жинақтауда да жүйелі жұмыстар жолға қойылған. Ұлттық өнердің қанат жайып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына белсенді атсалысып жүрген мәдениет майталмандары биылғы мерекені де зор жетістіктермен қарсы алғалы отыр.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА