Тұмау титықтатпасын десеңіз...
Күн райы жиі құбылып тұратын күз айларында тұмау дерті де жиілей түсетіні белгілі. Сондықтан мамандар бұл маусымды адам денсаулығына ерекше көңіл бөлетін кезең деп санайды. Себебі күзде ағзаның қорғаныс қабілеті әлсіреп, түрлі ауруға бейімділік артады. Әсіресе осы мезгілде суық тиюден туындайтын вирустық инфекциялар жиі кездеседі.
Тұмау – жас пен жынысқа қарамайтын, кез келген адамға жұғуы мүмкін вирустық ауру. Оның басты ерекшелігі – вирустың өзгергіштігі. Дәрігерлердің айтуынша, тұмау вирусы уақыт өте келе қасиетін өзгертіп, бірнеше жыл сайын жаңа штамдары пайда болады. Сондықтан бұл ауруға бейжай қарауға болмайды.
Тұмау науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлегенде ауаға тарайтын ұсақ тамшылар арқылы жұғады. Вирус жұққаннан кейін бір-екі күн ішінде дене қызуы көтеріліп, әлсіздік пайда болады. Сонымен қатар бас ауырып, бұлшықеттер сырқырап, адамның жалпы жағдайы нашарлайды.
Тұмаудың қауіпті тұсы – ағзадағы созылмалы ауруларды асқындырып, денсаулыққа елеулі зиян келтіруі. Әсіресе жүрек-қантамыр, өкпе және жүйке жүйесінде кінәраты бар адамдар үшін инфекцияның салдары ауыр болуы мүмкін. Осыған байланысты мамандар аурудың алғашқы белгілері байқалған сәттен бастап дәрігерге қаралып, емді өз бетінше жүргізбеуге кеңес береді.
Қазалы көпбейінді орталық ауруханасы емхана бөлімінің дәрігер-эпидемиологы Көркем Пахаутдин де тұмауды жеңіл-желпі қабылдауға болмайтынын ескертеді.
– Кейде тұрғындар тұмауды қарапайым суық тиюмен шатастырып, өз бетінше емделуге тырысады. Алайда бұл дұрыс емес. Тұмау – тез таралатын әрі асқыну қаупі жоғары вирустық инфекция. Сондықтан ауру белгілері байқалса, бірден дәрігерге қаралып, оның нұсқаулығына сәйкес ем қабылдау қажет. Үй жағдайында емделгеннің өзінде маманның кеңесінсіз дәрі-дәрмек қолдануға болмайды. Сонымен қатар ауру кезінде адам көп шоғырланған орындарға баруды шектеп, айналадағы адамдардың денсаулығына да жауапкершілікпен қараған жөн, – дейді дәрігер-эпидемиолог.
Тұмау мен оның асқынуларына қарсы санитариялық-профилактикалық шаралар біздің ауданда да жүйелі түрде жүргізілуде. Аудандық көпбейінді орталық аурухананың мәліметінше, бүгінгі таңда аудан аумағында тұмау және жіті респираторлық вирустық инфекциялармен ауырған науқастар тіркелмеген. Қазіргі эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
Дәрігерлер тұмау мен ЖРВИ белгілерін ажырата білудің де маңызы зор екенін айтады. ЖРВИ көбіне тамақтың жыбырлауы, мұрынның бітелуі сияқты белгілермен біртіндеп басталады. Ал тұмау аяқ астынан өршіп, адамның хал-жағдайы аз уақыт ішінде күрт нашарлайды. ЖРВИ кезінде дене қызуы көбіне 37,5-38 градус шамасында болса, тұмау кезінде 39-40 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. ЖРВИ әдетте 5-7 күн ішінде басылғанымен, тұмау асқынған жағдайда өкпе қабынуы, бронхит және жүрек-қантамыр жүйесіне қатысты сырқаттарға ұласуы ықтимал.
Аурудың алдын алуда күнделікті сақтық шараларының да орны бөлек. Дұрыс тамақтану, дене белсенділігін сақтау, жеткілікті тынығу, қол тазалығын қадағалау және бөлмені жиі желдету – денсаулықты күтудің қарапайым жолдары. Сондай-ақ адам көп жиналатын орындарда сақтық танытып, сырқат белгілері байқалған жағдайда көпшілік ортаға бармаған жөн.
– Тұмаудан сақтану үшін дәруменге бай тағамдарды тұтыну, ағзаны күтіп, иммунитетті нығайту маңызды. Аурудың алғашқы белгілері байқалса, үйде тынығып, дәрігер кеңесіне жүгінген дұрыс. Сондай-ақ антибиотиктердің вирустарға әсер етпейтінін естен шығармаған жөн, – дейді аудандық емхананың эпидемиологы Көркем Талғатбекқызы.
«Сақтансаң, сау боларсың» демекші, денсаулыққа келгенде сақтықтың артықтығы жоқ. Тұмау титықтатпасын десеңіз, қарапайым қағидаларды күнделікті әдетке айналдырып, аурудың алдын алған абзал.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ













