Жүректен туған жыр, ұрпаққа жеткен нұр
Қазақ поэзиясы – ұлттың жанымен тілдескен, рухымен үндескен киелі әлем. Сол әлемнің бір асылы, қаламынан мөп-мөлдір сезім де, асқақ рух та қатар өрілген, халқының қадірлі перзенті, КСРО Жазушылар Одағының мүшесі, Қазалы ауданының құрметті азаматы, ақын Әнес Нарымбайұлы Нарымбетовтың туғанына биыл 95 жыл толып отыр.Өмірінің өнегесі мен жыр жолдарындағы тұнық ойы өскелең ұрпақ үшін рухани бағдарға айналған тұлғаның шығармашылығын насихаттау мақсатында Қазалы қаласы әкімі аппаратының «Қалалық Мәдениет Үйі» МКҚК арнайы тағылымды шара ұйымдастырды.
«Адал адам» мәдени-тәрбие беру орталығы тұжырымдамасын жүзеге асыру, балаларды көркемсөз өнеріне баулу, әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыру және ақын мұрасын кеңінен таныту мақсатында «ART-уақыты» «Әлем-BOOK» жобасы аясында «Жыр жақұтын тербеткен» атты аудандық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті. Өнеге мен өрнекті өнер тоғысқан бұл сайысқа түрлі ауылдардан жиырмадан астам талапкер қатысып, поэзия падишасына айналған Әнес Нарымбетовтың жырларын жүрекпен жеткізуге мүмкіндік алды.
Іс-шараның шымылдығын Қазалы қаласы әкімі аппаратының бас маманы Олжас Алдоңғар мен Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Бекет Табынбаев ашып, қатысушыларға сәттілік тілеп, ақын рухына тағзым жасады. Ақынның ұрпақтары атынан Бағым Әнесқызы құттықтау сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, жас таланттарға жеңіс пен жігер тіледі.
Байқау екі кезең бойынша өрбіді. Алғашқы кезеңде қатысушылар Әнес Нарымбетовтың өлеңдерін оқып, көркемсөзге деген шеберліктерін паш етсе, екінші кезеңде өздері таңдаған түрлі ақындардың туындыларын ұсынды. Талапкерлердің өнерін бағалаған қазылар алқасының құрамында Бүкілодақтық байқаулардың лауреаты, актриса, Халықаралық бейбітшілік әлемі шығармашылығы орталығының «Алтын медаль» иегері, ҚР Мәдениет министрлігінің «Құрмет грамотасының» иегері Ұлжан Ахметова, ақынның ұрпағы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Еркін Орынбаев және ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығының қызметкері, үйірме жетекшісі Нұрболат Төлеш төрелік етті.
Өнер бәйгесінің қорытындысында бас жүлде Ғ.Мұратбаев ауылынан келген Сәбит Еркеназға бұйырды. Бірінші орынды Кәукей ауылынан Қаржаубай Ерасыл иемденсе, екінші орын Бекарыстан би ауылынан Әлия Серікбайқызы мен Қ.Пірімов ауылынан Нұртай Азизаға берілді. Үздік үштікті Жанқожа батыр ауылынан Әлия Ерасыл, Шәкен ауылынан Әзілхан Сандуғаш және Лахалы ауылынан Темірбек Нәзгүл толықтырды. Қалған қатысушылардың барлығы Алғыс хаттармен марапатталды.
Шара барысында ақын шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып, балаларға оның өмір жолы мен әдеби мұрасы жан-жақты таныстырылды. Ақын ұрпақтары арнайы жүлделер тағайындап, жастарға қаржылай және сый-сыяпаттар табыстады. Еркін Орынбаев байқаудың жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, ұйымдастырушыларға және қатысушы талапкерлерге жүрекжарды алғысын жеткізді.
Жыр мерекесіне айналған бұл байқау жас буынның әдебиетке деген ықыласын арттырып қана қоймай, Әнес Нарымбетовтай асыл перзенттің шығармашылығын қайта жаңғыртып, рухани құндылықтардың қадірін тереңдетті.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














