Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық құндылықты ұлықтаған

Ұлттық құндылықты ұлықтаған

Қазақ жігітке «Жеті қырлы, бір сырлы» деген теңеуді бекер айтпаса керек. Бір бойына өнер мен білімді, шеберлік пен ісмерлікті, талант пен талапшылдықты жинаған жандар біздің жанымызда да жүр. Бүгінгі мақаламызға арқау болатын да жоғарыда сипаттағанымыздай жан-жақты азамат. Ол – байырғы ата дәстүрді дәріптеп, бүгінгі күні ел арасында «шебер Қажығали» атанған арандылық Қажығали Сырғалиев.

Қажығали Жұмамұратұлы Аранды­дағы ауылдық клуб меңерушісі қызметін атқарады. Музыкалық аспаптардың бірнешеуінде еркін ойнайтын өнерлі жанның ара-тұра өлең шығарып тұратыны да бар. Сөзге де, іске де шебер азаматпен алғашқы сәттен-ақ тіл табыса кеттік. Бар болмысы аңқылдап, ақтарыла сөйлегенінен-ақ аңғарылды. «Қызым» деп әңгімесін бастаған ағаның әр сөзінен еңбек пен өнерді ерекше бағалайтындығы байқалып тұрды. Айтуынша, тоғызыншы сыныпты бітіре сала жасынан ауыл шаруашылығына араласып, күріш егумен айналысыпты. Қоғамдық жұмыстағы белсенділігінің арқасында сол кездері комсомол ұйымының хатшысы, ауылдық совет депутаты, коммунистік партия мүшесі болған. Забайкальеде әскери борышын өтеген оның қазір аға лейтенант шені бар.
– Ата-анам үлкен кісілер еді. Өнерге жақын не, жақын емес болғандықтарын білмеймін. Себебі ерте қалдым. Көп іздендім, еңбектендім. Соның нәтижесі шығар барлық аспапта дерлік ойнаймын. Өзімді ақынмын демеймін, бірақ өлең шығаратыным бар. Уақытында келіннің бетін ашып, ауыл-аймаққа таныс болдым, – дейді Қажығали Сырғалиев.
Кейіпкеріміздің жеті қырының бірі десек болар, ол он бес жылдан аса уақыттан бері тері илеп, құлақшын тігумен айналысып, атакәсіпті жаңғыртуға атсалысып келеді.
– Бұл іске айрықша қызығушылық таныттым. Сүйікті хоббиіме айналды. Тері илеуді өздігімнен ізденіп, үйрендім. Алғашында икемге келмей, кейін қолым жаттыққан соң ыңғайға көніп, ойдағыдай шыға бастады. Уақыт өте құлақшын тігетін балдызымнан үлгісін көріп, иленген теріден бас киім пішуді де меңгердім. Қожабақылықтар мен көрші ауылдың тұрғындары аңшылық үстінде ұстаған дәусемен мен түлкі терісін илеп беруімді сұрайды. Кейбірі құлақшын тіккізеді. Қолымнан шыққан бас киімнің бірін алыстағы Ақтауға да жөнелттім, – дейді Қажығали Жұмамұратұлы.
Қолөнер шеберінің айтуынша, әрбір терінің өзіндік ерекшелігі бар. Дәусемен мен түлкіні жарты сағатта илеуге болса, түз тағысы қасқырдікі өте қалың болғандықтан иін келтіру үшін біршама тер төгуге тура келеді. Теріні илеп, дайындауға аз дегенде аптаға жуық уақыт кетеді. Әр тері илеуші түрлі әдісті қолданатын көрінеді. Бірі әкпен илесе, екіншісі тұзбен иін келтіреді. Ал арандылық Қажығали аға тері илеуге айран қолданады. Тері илеу үшін алдымен «малма» деп аталатын сұйық зат даярланады. Ол үшін ұйыған айранды мата дорбаға құйып, аузын байлап, астына ыдыс қойып, іліп қояды. Сонда айран сүзіліп, сары суы ыдысқа жиналады. Алынған суға ұн, кебекті қоса араластырып, ашытады. Мұны малма дейді. Осыған теріні салып, бетін қақпақпен жауып, үстінен таспен бастырып тастайды. Сосын оны күніне үш-төрт рет аударып отырады. Жиі сапсытып отырмаса, теріге толық сіңбей, əр жері көкаязданып, қатқыл болып қалады. Ондай жағдайда үстемелеп ұн, кебек, сары су қосып, теріні тағы да біраз уақыт малмаға салады.
– Өнімді жылырақ жерге қойып, жиі-жиі аударыстырып, идің жақсы сіңуін қадағалаймын. Ол қалыңдығына қарай малмада шамамен 10-15 күндей жатады. Оның иі қанғанын білу үшін түгі жағынан ұстап, тартып көру қажет. Жақсы иі сіңген терінің түгі түбінен ағарып жарылады. Немесе теріге тебен ине шаншығанда жеңіл сұғылса, оның иі қанғаны. Бұдан соң теріні малмадан шығарып, көлденең ағашқа жайып, суын сорғыту керек. Сəл дегдіген теріні жұмыр ағашқа асып қоямын. Қырғымен қырып, жайлап иін мен түгін және шелін аламын. Иі қанып ісінген тері тазарғанымен, шикілігі білініп тұрады. Бұдан кейін міндетті түрде керіп қойып, аязға сорғызуға тура келеді. Мұны «аязға пісіру» дейді. Оншақты күн аязда тұрған тері аппақ болып ширағанда үйге кіргізіледі. Кепкеннен кейін талқыға салынады, – деп білгенімен бөлісті Қажығали Жұмамұратұлы.
Қажығали Сырғалиев талқыдан шыққан теріден құлақшынмен қоса, үй тұрмысына киетін аяқ киім мен қолғап тігуді шебер меңгерген.
– Тері – таптырмас шикізат әрі табыс көзі. Одан тігілген киімнің қалыңдығы мен беріктігі айтпаса да белгілі. Бұдан бөлек ата-баба дәстүрін жаңғыртып, ішік, тымақ киіп жүрсе, қандай жарасымды әрі жылы болар еді. Бұны мен хобби ретінде санаймын. Ал кәсіпке айналдырамын десеңіз, еңбекке сай жемісін де көресіз. Үйренем деуші жастар болса, білгеніммен бөлісуге әзірмін, – дейді Қажығали Сырғалиев.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
05 қараша 2024 ж. 83 0

ЕGov-та жаңа қызмет пайда болды

26 желтоқсан 2024 ж. 64

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031