Бау-бақша сыйы
Бау-бақша – береке бастауы екенін Аранды ауылының тұрғындары жақсы біледі. Осы қағиданы жылда қалт жібермейтін Қажығали Жұмамұратұлы биыл да 50 сотық жерге қауын-қарбыз екті. Шаруаның сәуір айынан бастап баптаған бақшалығы қазір өз жемісін беріп, еткен еңбегі зая кетпеді.
–Жаздай отбасыммен бірге таң атқаннан кетпен, күрегімізді арқалап бақша басына келеміз. Сондағы ойымыз арам шөптерді жұлып, өнім жақсы шығуы үшін алқапты қопсытып құнарландыру. Шүкір жаман болмадық. Төккен тер өз нәтижесін берді. Табиғи таза өнімді тұтынған жақсы ғой. Онымен қоса артылған бөлігін қажет еткендерге, сатамыз, – дейді Қажығали Серғалиев.
Оның айтуынша, бұл кәсіппен айналысқанына 36 жыл болыпты. Қазір ол қара күләбі, сарыала қауын және қарбыз егіп, отбасына қосымша қаражат тауып отыр. Бақша дақылдарын өсіруде Аранды ауылы көш бастап тұр. Өйткені арандылық бағбандардың қарбыз-қауын егіп, мол өнім алудағы еңбектері елеулі. Аталмыш ауылда өз несібелерін Жер-Анадан тапқан осындай еңбекқор шаруалар жетерлік. Бау-бақша жұмысының қыр-сырын еркін меңгерген шаруа иелері жыл сайын қажетті тыңайтқыштарын алып, қазалылықтарға дәмді өнім ұсынып келеді.
Міне, мұндай мол өнімге қол жеткізу зор мехнатты талап етеді. Соған қарамастан тынымсыз еңбектеніп, бейнеттерінің оң нәтижесін көруге ұмтылатын шаруа иелерінің қолы бір сәтке де қалт етпейді. Бау-бақша алқаптарының барлығы дерлік суармалы жерде өсіріледі.
Қасиетті қара жердің төсінен нәпақасын тауып, беймаза тірлік кешіп жатқан бақшашы биыл да ойдағыдай нәтижеге қол жеткізуде. Ерте кезден төрт түлік мал бағып, көл-көсір табысқа кенелген қандастар бүгінде бау-бақша баптап, тынымсыз кәсіппен айналысып келеді. Осындай қызу еңбек қайтарымынан көңілдері жайланған шаруалар көп ұзамай ертеңгі күннің қам-қарекетіне кіріседі. Ерінбеген жанға табыстың да толымды келетіні сөзсіз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА