Қазақстанда пойыз билеттері неге қымбат? ҚТЖ өкілі түсініктеме берді

Фото: Қазақстан темір жолы
Үкіметтегі брифинг барысында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов еліміздегі пойыз билеттерінің бағасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Соңғы уақытта азаматтар теміржол билеттерінің құны кей бағыттарда ұшақ билеттерімен шамалас болып кеткенін айтып жүр.
Алайда ҚТЖ өкілі бұл пікірмен толық келіспейтінін білдіріп, теміржол билеттерінің бағасы жыл бойы тұрақты сақталатынын атап өтті.
«Пойыз билеттерінің бағасы тұрақты»
Әнуар Ахметжановтың айтуынша, Қазақстанда жолаушылар пойыздарына билет бағасы маусымға, мереке күндеріне немесе тәуліктің белгілі бір уақытына байланысты өзгермейді. Яғни жолаушы билетті қыста немесе жазда сатып алса да, тариф бірдей қағида бойынша есептеледі.
Сонымен қатар ҚТЖ жыл сайын Көлік министрлігімен келісілген тәртіп бойынша тарифтерге индексация жүргізеді.
Биыл 1 сәуірден бастап билет құны 7 пайызға өсті. Өткен жылғы инфляция деңгейі 12 пайыздан асқанын ескерсек, индексация инфляция көлемінен төмен болды, – деді Ахметжанов.
Неліктен авиабилеттермен салыстырады
ҚТЖ өкілінің сөзінше, авиация саласында динамикалық тариф жүйесі қолданылады. Бұл жүйе бойынша билет бағасы сұраныс пен ұсынысқа тікелей тәуелді.
Мысалы, мереке күндері, демалыс маусымында немесе ұшуға аз уақыт қалғанда авиабилеттердің құны 70-100 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Ал теміржол саласында мұндай күрт өзгерістер болмайды.
Көп жағдайда авиабилеттердің бағасы теміржол билеттерінен әлдеқайда жоғары болады. Мұны билет сату сервистерінен көруге болады, – деді компания өкілі.
ҚТЖ тарифтерді неге көтеруге мәжбүр?
Соңғы жылдары ұлттық тасымалдаушы тарифтердің төмен болуына байланысты шығынға ұшырап отырғанын бірнеше рет мәлімдеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша реттелетін тасымалдардан келген шығын көлемі шамамен 320 миллиард теңгені құраған. Бұл шығындар негізінен транзиттік және табысты жүк тасымалдары есебінен жабылып отыр.
ҚТЖ мәліметінше, қазіргі тарифтер ТМД елдері арасындағы ең төмен көрсеткіштердің бірі болып саналады. Компания өкілдері Қазақстандағы тарифтер Ресеймен салыстырғанда шамамен 2,5 есе, ал Өзбекстанмен салыстырғанда 4 есеге жуық төмен екенін айтқан.
Алдағы жылдары билет бағасы тағы өсуі мүмкін бе?
Айта кету керек, ҚТЖ 2026 жылы реттелетін тарифтерді кемінде 24 пайызға көтеру мәселесін уәкілетті органдардың қарауына енгізген. Компания бұл қадамды инфрақұрылымды жаңғырту, вагон паркін жаңарту және инвестициялық бағдарламаларды қаржыландыру қажеттілігімен түсіндіреді.
Сарапшылардың пікірінше, теміржол саласындағы тарифтердің болашақтағы өзгерісі инфляция деңгейіне, мемлекеттік реттеу саясатына және тасымалдаушының қаржылық жағдайына байланысты болады.
ҚТЖ деректеріне сәйкес, 2026 жылы теміржол көлігіне сұраныс жоғары деңгейде сақталуда. Маусым айында компания бес миллионыншы жолаушысын қарсы алғанын хабарлады. Бұл халық арасында теміржол көлігінің әлі де сұранысқа ие екенін көрсетеді.












