Мүмкіндік пе, әлде тәуелділік пе?
Қазіргі заманда интернет пен әлеуметтік желілер адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Таңертең ұйқыдан оянғаннан бастап, кешке көз ілгенге дейін қолымыздан смартфон түспейді. Facebook, Instagram, TikTok, Telegram сияқты платформалар ақпарат алмасудың, байланыс орнатудың және уақыт өткізудің тиімді құралына айналғанымен, олардың адам өміріне тигізетін кері әсері де аз емес. Әсіресе жастар арасында әлеуметтік желіге тәуелділік мәселесі қоғамды алаңдатып отыр.
Әлеуметтік желілердің пайдасы туралы айтқанда, ең алдымен ақпараттың қолжетімділігін атап өткен жөн. Бұрын белгілі бір жаңалықты білу үшін газет-журнал оқып немесе теледидар көру қажет болса, бүгінде әлемдегі оқиғалардан бірер секунд ішінде хабардар болуға болады.
Сонымен қатар әлеуметтік желілер кәсіп жүргізуге, білім алуға, шығармашылықты дамытуға және түрлі жобаларды насихаттауға мүмкіндік береді. Дегенмен әлеуметтік желінің пайдалы тұстарымен қатар зиянды әсерлері де көбейіп келеді.
Мамандардың айтуынша, адамның экран алдында ұзақ уақыт отыруы көздің көру қабілетіне, жүйке жүйесіне және психологиялық жағдайына кері әсер етеді. Әсіресе жасөспірімдер арасында әлеуметтік желіге тәуелділік қалыптасып, шынайы өмірден алшақтау жағдайлары жиілеген.
Бүгінде жастар өз уақыттарының басым бөлігін әлеуметтік желіде өткізеді. Күнделікті өмірдегі жетістіктерін, көңіл-күйін, жеке пікірлерін жариялап, өзгелердің бағасына тәуелді бола бастайды. Лайк пен пікір саны адамның өзін-өзі бағалау деңгейіне әсер ететін жағдайлар кездеседі. Кейбірі өзгелердің әдемі өмірін көріп, өзін олармен салыстырып, күйзеліске түседі. Бұл өз кезегінде психологиялық мәселелердің туындауына себеп болады.
Тағы бір алаңдатарлық мәселе – жалған ақпараттың таралуы. Әлеуметтік желілерде тексерілмеген мәліметтер жылдам таралып, қоғам арасында түсініспеушілік пен үрей тудыруы мүмкін. Сондықтан әрбір азамат ақпаратты бірнеше дереккөзден тексеріп барып қана сенуі қажет.
Әлеуметтік желінің балалар тәрбиесіне де әсері ерекше. Егер ата-аналар баласының интернетте өткізетін уақытын бақыламаса, ол түрлі зиянды контентке тап болуы ықтимал. Сондықтан отбасы мүшелері цифрлық мәдениетті қалыптастырып, интернетті тиімді пайдаланудың жолдарын үйретуі тиіс.
Мәселенің шешімі әлеуметтік желіден толықтай бас тарту емес. Керісінше, оны дұрыс пайдалану мәдениетін қалыптастыру қажет. Уақытты тиімді жоспарлау, экран алдында өткізетін уақытты шектеу, спортпен айналысу, кітап оқу және отбасымен көбірек уақыт өткізу әлеуметтік желіге тәуелділіктің алдын алуға көмектеседі.
Түйіндесек, әлеуметтік желі – заман талабы, адамға көптеген мүмкіндік береді. Алайда оны шектен тыс пайдалану денсаулыққа, психологияға және әлеуметтік қарым-қатынасқа кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан әр адам цифрлық технологиялардың игілігін көре отырып, олардың зиянды тұстарынан сақтана білуі қажет. Сонда ғана әлеуметтік желі біздің өмірімізді жеңілдететін тиімді құралға айналады.
Айнұр ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ














