Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауладағы көлікке тыйым: тәртіп әлде халыққа қосымша салық па?

Ауладағы көлікке тыйым: тәртіп әлде халыққа қосымша салық па?

Қазақстанда 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін жаңа талаптар қоғамды алаңдатып отыр. Себеп не? Салдар қандай? Сараптадық...
ЖЕР АСТЫНАН ЖІК ШЫҚТЫ...
Жақында «kyzyllordalyk» аккаунтымен таныс Ерсұлтан Байжанов есімді блогер аталмыш жаңалықты жариялап, жұртшылық түрлі реакциясын білдірді. Бұдан бөлек әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «1 шілдеден бастап Қазақстанда аулаға көлік қойғандарға айыппұл салынады» деген сарындағы ақпарат қызу талқылануда. Әсіресе жеке тұрғын үй иелері мен көлік жүргізушілері арасында алаңдаушылық басым. Бірі мұны елді мекендерді тәртіпке келтіруге бағытталған қадам деп бағаласа, енді бірі халықтың тұрмысын қиындататын кезекті шектеу ретінде қабылдауда.
Мәселе қаншалықты рас? Қабылданған қарар ма? Әлде талқылануға жіберілген жоба ма? Сауалды мамандарға қойдық.
«Оныңыз рас. Шын мәнінде, мәселе тек көлікке қатысты емес. Әңгіме Қазақстанда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін елді мекендерді абаттандырудың жаңа типтік қағидалары туралы болып отыр», – деп әңгімесін бастады Нұртай Құралұлы.
Жаңа талаптардың мәні туралы автожол және коммуникация саласының ардагері былай деп жауап берді.
«Қазақстан Республикасы Индустрия және құрылыс министрінің 2026 жылғы 3 маусымдағы №282 бұйрығымен бекітілген Типтік абаттандыру қағидаларына сәйкес, жеке тұрғын үй иелері өз қоршауының сыртындағы іргелес аумақтың тазалығына жауапты болады».
Айтуынша, қағидаларда іргелес аумақ деп үйдің немесе қоршаудың периметрінен шамамен бес метр радиустағы қоғамдық кеңістік түсіндіріледі. Бұл жерде құрылыс материалдарын, отын, көмір, тыңайтқыштар, көң-қоқыс және басқа да заттарды ұзақ уақыт сақтауға тыйым салынады.
Қоғамдық резонанс туғызған мәселенің бірі – көліктерге қатысты норма. Жаңа қағидаларда қоғамдық аумақта автомобильдерді, тіркемелерді және басқа да техниканы ұзақ уақыт сақтауға жол берілмейтіні көрсетілген. Дәл осы тұс әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп, тұрғындардың алаңдаушылығын күшейтті. Өйткені көпшілік бұл талапты «үйдің алдына көлік қоюға толық тыйым салынады» деп қабылдаған.
ҚАУІПСІЗДІККЕ БАҒЫТТАЛҒАН ҚАДАМ
«Шын мәнінде, құжат мәтінінде көлікті уақытша қою мен қоғамдық кеңістікті ұзақ мерзімді сақтау алаңы ретінде пайдаланудың ара-жігі нақты ажыратылмаған. Соның салдарынан тұрғындар арасында «Қонақ келген жағдайда көлікті қайда қоямыз?», «Жеке үйдің алдында тұрған көлік енді заң бұзушылық болып есептеле ме?», «Түнгі уақытта көлікті көшеге қалдыруға бола ма?» деген сұрақтар көбейді», – дейді заңгер Ғабит Қорғасбаев.
Әсіресе бұл мәселе жеке сектор тұрғындарын алаңдатып отыр. Өйткені көптеген елді мекендерде жеке үйлердің ауласына бірнеше көлікті сыйғызу мүмкін емес. Оның үстіне ауылдық жерлерде немесе ескі тұрғын аудандарда арнайы тұрақ алаңдары қарастырылмаған. Мұндай жағдайда көлік иелері басым бөлігі көліктерін қоршау маңына немесе көше бойына қоюға мәжбүр.
Заң ғылымдарының кандидаты Туғанбай Сарбаланың пікірінше, құжаттың мақсаты – көлік жүргізушілерін жазалау емес, қоғамдық кеңістікті ретсіз пайдаланудың алдын алу.
«Соңғы жылдары көптеген өңірде көшелер мен жаяу жүргінші жолдарына, балалар алаңдары мен жасыл аймақтарға көлік қою жиілеп кеткен. Кей жағдайда ескі, техникалық жарамсыз немесе ұзақ уақыт пайдаланылмайтын көліктер бірнеше ай бойы қоғамдық аумақты иемденіп тұрады. Бұл тұрғындардың жүріп-тұруына қолайсыздық туғызып қана қоймай, санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына да қайшы келеді», – дейді ол.
Мемлекеттік органдардың түсіндіруінше, енгізіліп отырған өзгерістердің басты мақсаты – аулалардағы бейберекет тұрақты азайту, жедел жәрдем, өрт сөндіру және коммуналдық қызметтердің қозғалысына кедергі келтіретін жағдайларды болдырмау.
Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі мен  әкімдіктер статистикасына зер салсақ, көліктердің арнаулы орынға қойылмауы себебінен нақты оқиғалар бойынша бірнеше рет дабыл қаққанын аңғарамыз.
Шығыс Қазақстан облысында подъезд алдына қойылған көліктер өрт сөндірушілерге кедергі келтірген.
2026 жылы Өскеменде өткен профилактикалық рейд кезінде Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті өкілдері тұрғын үйлердің кіреберісіне ретсіз қойылған көліктердің салдарынан өрт сөндіру автоцистернасын орналастырудың өзі қиындық тудыратынын мәлімдеді.
«Тұрғын үйлердің подъезд алдына қойылған автокөліктердің кесірінен автоцистернаны орнатудың өзі жеке мәселе» деп атап өткен сала қызметкерлері.
Бұл дерек мәселенің жекелеген жағдай емес, төтенше жағдайлар министрлігінің жүйесінің ресми түрде көтеріп жүрген проблемасы екенін көрсетеді.
Жыл басында Ақтауда көпқабатты үйлерге арнайы техниканың кіре алмауы көптің ойынан әлі кеткен жоқ.
2026 жылғы ақпанда Ақтау қаласында өткен төтенше жағдайлар комиссиясының отырысында Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар депатаменті өкілдері көпқабатты тұрғын үйлердің аумағына өрт сөндіру техникасының кіре алмау мәселесін ресми түрде көтерді.
Олардың мәліметінше, төтенше жағдай кезінде арнайы техниканың қозғалысына шлагбаумдар, қоршаулар мен басқа да кедергілер тосқауыл болады. Осыған байланысты қала әкімі тұрғын үй аумақтарына өрт сөндіру көліктерінің кедергісіз өтуін қамтамасыз ету мәселесін арнайы қараған.
Павлодар облысында салалық басқарма арнайы «Қауіпсіз аула» акциясын ұйымдастыруына құтқару қызметтері көпқабатты үйлердің ауласына кіре алмайтын жағдайлар жиілегені себеп болған.
Ақпаратта тұрғындардың өз бетінше қойған шлагбаумдары мен бетон блоктары жедел әрекет ету қызметтерінің жұмысына кедергі келтіретіні айтылған.
Петропавлда өткен өрт-тактикалық оқу-жаттығу кезінде өрт сөндіру бөлімінің басшылығы тұрғындардың көліктерді ретсіз қоюы техника қозғалысына айтарлықтай кедергі келтіретінін мәлімдеген.
Астанадағы қайғылы өрт мәселені жедел көтеруге себепкер болған.
2026 жылы бас қаладағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған өрттен кейін арнайы техниканың көпқабатты үйлерге өту мәселесі қайтадан қоғамдық талқыға түсті. Сарапшылар мен төтенше жағдайлар қызметкерлері ретсіз қойылған көліктер құтқару жұмыстарына кедергі келтіруі мүмкін екенін айтты.
Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесі бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары тұрғын үйлердің кіреберісіне қойылған көліктердің салдарынан өрт сөндіру автоцистернасын орналастыру қиынға соғатынын мәлімдеген. Ал Ақтауда өткен төтенше жағдайлар комиссиясының отырысында Маңғыстау облыстық ТЖД көпқабатты тұрғын үйлер аумағына арнайы техниканың кіре алмау мәселесін ресми түрде көтерді. Павлодар мен Петропавлда өткізілген профилактикалық іс-шаралар мен оқу-жаттығулар барысында да құтқарушылар ретсіз тұрақталған көліктер өрт сөндіру техникасының қозғалысын тежейтінін бірнеше рет ескерткен.
МӘСЕЛЕ НЕГЕ КҮРДЕЛЕНЕ ТҮСТІ?
Мемлекеттің ұстанымы ұғынықты. Қоғамдық кеңістік тұрғындардың қауіпсіздігі үшін бос болуы керек. Ал қарапайым халық дайын ба? Мәселенің күрделі тұсы да осында.
Қауіпсіздік пен тәртіп қажет екеніне тұрғындардың басым бөлігі қарсы емес. Алайда көпшілік «алдымен жағдай жасалуы керек» деген пікірде.
«Көптеген тұрғын аудандарда заңды автотұрақтар жеткіліксіз. Кейбір көшелерде жүздеген көлікке бірнешелеген орын ғана қарастырылған», – десе Жанел Әмірханова есімді жазылушы, Нұрлыбек Тұрар: «Өз аулам – өзімдікі. Менің жеке меншігіме мемлекеттің бас сұғуы – Конституцияға қарсылық. Аулама не қоямын, өзім білемін. Қаласам, көршілер көлігін қоюға да рұқсат беремін», – дейді ашына.
«Мұндай жағдайда тұрғындарда таңдау аз. Не көлікті аулаға қояды. Немесе бірнеше квартал жердегі бос орын іздейді. Меніңше, ондай мүмкіндік баршада бола бермейді. Оның үсіне автотұрақсыз нысандар мен үйлер мәселесін шешпей, мұндай қадамға бару дұрыс емес», – дейді Аружан Айғали.
«Есіктің алдына қоймай, көлікті қайда қоямыз?» – десе Зарина Иса, Нұрғали Пірниязов: «Тұрақ жоқ жерде халық не істеуі керек?», – дегенді айтады.
Қатарында қолдаушылар да аз емес.
«Мәселенің мәні көлікте емес, қоқыс пен құрылыс материалдарын ретсіз үйіп қоюда. Үйімізге жағын тұратын көлік жөндейтін азамат бар. Ешкімнің кәсібі, нәсібіне қарсылығымыз жоқ. Сол маманның қызметіне жүгінушілер көшені, автокөлік жолын, жаяу жүргіншілер жолын да үнемі бөгеп тұрады», – дейді Айнагүл Уаева.
Ал көлікке қатысты талаптардың нақты тұжырымдалмағанына назар аударушылар да бар. Расымен де, құқықтық тұрғыдан ең даулы мәселе – көлікті уақытша қою мен қоғамдық кеңістікте ұзақ уақыт сақтаудың ара-жігі нақты ажыратылмағаны.
Егер азамат көлігін үйінің алдына бірнеше сағатқа қойса, бұл ереже бұзу болып есептеле ме? Әлде талап тек иесіз қалған немесе ұзақ уақыт қозғалмай тұрған көліктерге қатысты ма? Қоғамды алаңдатып отырған сұрақтың бірі осы.
Бұл орайда жаңа талаптардың қоғамдық қолдау табуы көбіне жергілікті әкімдіктердің тұрақ инфрақұрылымын дамытуына байланысты болатыны анық.
Аңғарғанымыз, қоғамдағы басты сұрақ – өзгеріс енгізудің өзінде емес, оны жүзеге асыру тетігінде болып отыр. Егер жаңа талаптар қатаң бақылаумен қатар жеткілікті тұрақ инфрақұрылымын қалыптастырумен ұштаспаса, тұрғындардың наразылығы күшеюі мүмкін. Сондықтан көптеген сарапшы алдымен көлік қою мәселесінің балама шешімдерін қарастырып, содан кейін ғана әкімшілік жауапкершілікті күшейту қажет деген пікір білдіруде.
ӨЗГЕРГЕНДІ КӨЗ КӨРДІ
«Әділет» құқықтық ақпараттық жүйесі қоғамдық резонанс туғызған мәселенің бірі – құжатта қоғамдық аумақта автомобильдерді, тіркемелерді және басқа да техниканы сақтауға жол берілмейтіні көрсетілген. Сонымен қатар көліктерді тротуарларға, балалар ойын алаңдарына, жасыл желектер орналасқан аумақтарға, қоқыс контейнерлері тұрған алаңдарға, автотұрақ ретінде белгіленбеген жерлерге қоюға болмайтынын көрсеткен.
Бұған қоса, ұзақ уақыт пайдаланылмайтын немесе бөлшектелген көліктерді аулада қалдыруға шектеу қойылады.
Ғабит Қорғасбаев қолданыстағы заңнамада мұндай шектеулердің басым бөлігі бұрыннан барын жеткізді.
«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 597-бабына сәйкес тоқтау және тұрақ ережелерін бұзғандарға жауапкершілік қарастырылған.
2026 жылғы мөлшер бойынша тоқтау немесе тұрақ ережесін бұзу – 5 айлық есептік көрсеткіш яғни 21 625 теңге, тротуарға, газонға немесе балалар алаңына көлік қою – 10 айлық есептік көрсеткіш – 43 250 теңге, мүгедектерге арналған орынға заңсыз тұрақтау – 43 250 теңге яки 10 айлық есептік көрсеткішті құрап отыр».
Елді мекендерді абаттандыру талаптарын бұзу Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 505-бабы бойынша қаралған. Бұл жағдайда жеке тұлғаларға ескерту жасалуы немесе 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері артады.
Полиция қызметкері Сәуле Бишекова қоғамда айтылып жүргендей «аулаға көлік қойғандардың бәріне жаңа айыппұл енгізілді» деген түсінік толықтай дұрыс еместігімен бөлісті.
«Қазіргі таңда көбірек сөз болып отырғаны – бұрыннан бар нормалардың нақтылауы мен олардың орындалуын күшейту.
Мемлекет неге мұндай қадамға барып отыр? Мәселенің түп-төркіні – қалалардағы көлік санының күрт өсуімен байланысты өрбуде.
Соңғы онжылдықта Қазақстанның ірі қалаларында көлік саны бірнеше есе артты. Алайда көптеген ықшамаудандар кеңестік кезеңде салынғандықтан, олардың инфрақұрылымы қазіргі автомобильдер санына есептелмеген. Салдарынан өрт сөндіру көліктері аулаға кіре алмайды, жедел жәрдем қызметінің қозғалысына кедергі жасалады, балалар алаңдары мен тротуарлар тұрақ орнына айналады, тұрғындар арасында жанжал көбейеді», – дейді ол.
ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ НЕ ДЕЙДІ?
Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары көрсеткендей, Қазақстан бұл мәселеде жалғыз емес.
Алдымен алпауыт Елдері тәртіптеріне үңілдік.
Германияда өрт сөндіру жолдарын жауып қойған көліктер бірден эвакуациялануы мүмкін.
Францияда тұрғын үйлердің кіреберісін немесе авариялық шығу жолдарын бөгеген жүргізушілерге қомақты айыппұл салынады.
Ұлыбританияның көптеген өңірлерінде тротуарға көлік қоюға қатаң шектеулер бар.
Жапонияда кейбір қалаларда көлік сатып алу үшін азамат тұрақ орнының бар екенін дәлелдеуі қажет.
Көлік пен тұрақ мәселесін әлемдегі ең қатаң жүйелердің бірі арқылы реттейтін ел – Сингапур. Мұнда қоғамдық кеңістікті көліктерден қорғау – халықаралық тәжірибеде қалыпты құбылыс.
Алайда дамыған елдердің тәжірибесінде бір ерекшелік бар. Ол қатаң бақылаумен қатар балама тұрақ инфрақұрылымы да қатар дамытылады.
1 шілдеден бастап күшіне енетін талаптарды «аулаға көлік қойғандардың бәріне айыппұл салынады» деп түсіну дұрыс емес. Негізгі мақсат – қоғамдық кеңістікті реттеу, жасыл желектерді қорғау және арнайы қызметтердің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету.
АЛАҢ ДА, АЛАҢ, АЛАҢ ЖҰРТ...
Дегенмен қоғамның алаңдаушылығы да негізсіз емес. Егер жаңа талаптар тұрғындарға балама ұсынбай, тек жазалау құралына айналса, оның әлеуметтік наразылық туғызуы мүмкін.
Сондықтан бұл мәселенің түйіні айыппұлда емес. Түйін – тәртіп пен тұрғындардың күнделікті қажеттілігінің арасындағы тепе-теңдікті сақтай білуде.
Мәлім болғаны, жаңа талаптардың төңірегінде қоғамда «тағы бір айыппұл ойлап тапты» деген пікір жиі айтылады. Алайда мәселенің құқықтық тарихына үңілсек, өзгерістер белгілі бір депутаттың немесе депутаттық топтың бастамасынан туған жоқ. Нормалар ҚР Индустрия және құрылыс министрлігі әзірлеген Типтік абаттандыру қағидалары арқылы енгізіліп отыр.
Құжаттың негізі 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Құрылыс кодексінен бастау алады. Кодекс министрлікке елді мекендерді абаттандырудың бірыңғай стандарттарын бекіту құзыретін берген. Осы өкілеттік аясында министрліктің №282 бұйрығы қабылданып, ел аумағында ортақ талаптар белгіленді.
Ресми түсіндірулерде бұл өзгерістердің басты мақсаты – елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіру және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру екені айтылған.
Ортақпікірлерге қарағанда, тұрғындардың басым бөлігі жаңа талаптардың мазмұнын олар күшіне енерден санаулы апта бұрын ғана білген.
Заңгерлердің пікірінше, кез келген жаңа норма қоғамға түсінікті болуы үшін оның мәтіні ғана емес, оны қолдану тетігі де нақты көрсетілуі қажет. Мысалы, қазіргі талқылауда ең көп сұрақ туғызған мәселе – көлікті уақытша қою мен қоғамдық аумақта ұзақ мерзімге сақтаудың айырмашылығы.
Егер бұл ұғымдар құқық қолдану тәжірибесінде нақты ажыратылмаса, түрлі өңірде ережені әртүрлі түсіндіру қаупі пайда болады. Ал бұл өз кезегінде азаматтар мен бақылаушы органдар арасында дау туғызуы мүмкін.
Қалалық орта мәселесін зерттейтін мамандардың бір бөлігі жаңа талаптардың қажеттілігін қолдайды. Олардың пікірінше, соңғы жылдары тұрғын үйлердің маңындағы қоғамдық кеңістік біртіндеп жеке қоймаға айналып барады. Кейбір жерлерде құрылыс материалдары, көмір, ескі техникалар мен пайдаланылмайтын көліктер көшенің едәуір бөлігін алып жатады.
Алайда сарапшылардың тағы бір бөлігі мәселені тек тыйым мен айыппұл арқылы шешу жеткіліксіз екенін айтады. Өйткені көптеген қалалар мен ауылдарда тұрақ орындары, арнайы сақтау алаңдары және коммуналдық инфрақұрылым жеткілікті деңгейде дамымаған.
Сондықтан тиімді шешім бақылауды күшейтумен қатар, тұрғындарға балама мүмкіндік ұсынғанда ғана жүзеге асады. Әйтпесе қоғам жаңа талаптарды тәртіп орнату емес, кезекті әкімшілік қысым ретінде қабылдауы ықтимал.
Бұл өзгерістердің артында депутаттық бастама емес, Үкіметтің «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен құрылыс және абаттандыру саласын жүйелеуге бағытталған мемлекеттік саясат тұр. Сондықтан бүгінгі талқылаудың басты сұрағы «айыппұл керек пе, жоқ па?» дегеннен гөрі, «мемлекет тәртіп талап етер алдында қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етті ме?» деген мәселеге келіп тіреледі.
Дәл осы сұрақ жаңа ережелердің қоғам тарапынан қабылдану деңгейін анықтайтын басты өлшем болмақ.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
16 маусым 2026 ж. 104 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930