Бақытқа бастар жол – еңбек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінде: «Жауапты азамат – адал еңбек – толыққанды табыс. Бұл – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Ал мұның бәрі, ең алдымен, отбасынан басталады. Отанға деген сүйіспеншілік, жауапкершілік, еңбекқорлық пен мейірімділік қасиеттер қара шаңырақта қалыптасады», – деп атап өткен болатын.
Шын мәнінде, мемлекеттің қозғаушы күші де, берік тірегі де – берекесі мен бірлігі жарасқан, ұлттық құндылықтарды ту еткен осындай үлгілі отбасылар.
Бүгінде Қазалы ауданына қарасты Бірлік ауылында тұтас бір өңірдің еңбек шежіресін жазып, ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегіне айналған Қалиевтер отбасы тұрады.

Бұл әулеттің тарихы – адал еңбек пен төзімділіктің шынайы үлгісі. Әулеттің негізін қалаушы Қали Дүйсенбаев 1941 жылы, сұрапыл соғыс басталған тұста Арал ауданында дүниеге келген. Балалық шағы қиындық пен жоқшылыққа тап келсе де, тағдыр тауқыметіне мойымай, жастайынан еңбекке шыңдалады. 1965 жылы Бірлік ауылына қоныс аударып, өмірінің соңына дейін ауыл шаруашылығы саласында механизатор болып аянбай тер төккен.
1969 жылы өзінің өмірлік серігі, Бірлік ауылының тумасы Шакизада Тоқмырзамен шаңырақ көтереді. Азаматының орнын жоқтатпай, қасиетті қарашаңырақтың түтінінін түзу ұшырып отырған 74 жастың белесіне шыққан, алтын құрсақты, «Күміс алқа» иегері Шакизада ана – көпшілікке сыйлы жан. Он бір перзентті дүниеге әкелген Батыр ана. 2002 жылы Қали ата дүниеден өткенімен, ол салған сара жол, адалдық пен еңбекқорлық мектебі өшпеген. Шакизада ана келіндерін құтты ұясына сіңіріп, үлкен әулеттің ауызбіршілігін сақтап отырған ақ жаулықты ұйтқысы. Бүгінде немересі Бақыт пен келіні Назеркенің қолында, әулеттің берекесі болып отыр.
Шәкизада апа еңбекқор жан. Он қолынан өнер тамған шебер. Ұлттық өнімдерді ұлықтауға үлес қосып келе жатқан тұрғын. Бау-бақша егуде де өз тәжірибесімен көпке бөлісіп келеді. Өнерден де құралақан емес. Сөзі нық, ісі түзу жаннан бата алып, жақсылығын бойыға сіңіруге көпшілік ықыласты.
Қали ата мен Шакизада ананың өнегелі тәрбиесі бүгінде жиырма немере мен он бір шөберенің бойынан көрініс табуда. Әулеттің әрбір перзенті мен немересі қоғамның әр саласы – білім, құрылыс пен спортта мемлекеттің дамуына өз үлестерін қосуда.
Тұңғышы Гауһар Ақтөбе қаласында тұрады. Отбасының балалары Жақсымұрат «Нұрлы тау» команиясында, Әлімжан туған ауылдарында ағаш ұстасы болса, Болат –мектеп күзетшісі әрі аудандық волейбол жарыстарының жеңімпазы ретінде танылған. Асылхан мен Жасұлан Ақтөбе өңірінде құрылыс пен сауда саласында абыройлы еңбек етуде. Қалдымұрат, Гүлжанат, Бауыржан, Ғалымжан, Руслан қайтыс болған. Десе де олардың ұл-қыздар мен немерелері Қалиевтер отбасы көшін әрі қарай жалғап келеді.
Бүгінгі таңда немерелері де бойларындағы тәлім мен тәрбиені ел дамуына жұмылдырып келеді. Физика пәнінің мұғалімі Дәурен Қали мен жары Айғаным Қармақшы ауданында аудандық, облыстық кәсіби байқаулардың жеңімпаздары атанып, шәкірттері ғылыми жобаларда гранттар ұтып алуда. Гүлжазира биотехнология мамандығын қызыл дипломмен тәмәмдап, Омбы университетінің магистратурасын бітірген, ғылымға өз жаңалығымен қадам басқан жан-жақты маман. Бақыт – Атырау қаласындағы «Транспортник плюс» мекемесінде жұмыс істейді. Аида, Адия, Дарын, Әлішер – студент, өзгелері мектеп оқушысы, балабақша тәрбиеленушісі.
Қатарында «Алтын белгі» иегерлері де бар. Айзина Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды «Биология» мамандығы бойынша бітіріп, қазір бизнес саласында қызмет етсе, Ерасыл математикадан магистрант атанып, жары Әсеммен бірге ғылым жолында келеді. Айзина химия пәнінен республикалық олимпиаданың грант иегері. Мектеп қабырғасындағы Жансезім – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Республикалық олимпиаданың жүлдегері, екі дүркін «Жыл оқушысы» атанып, «Алтын белгіге» үміткер болып отыр.
Ауыл адамдарының барлығы үлгі алатын үлкен үйдің келіндері де үлгілі үрдісті жақсылықпен жалғастырып келеді. Бақыткүл – мемлекеттік қызметкер. Дана – шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда топ жарған ұлағатты ұстаз. Динара – «Жыл тәрбиешісі – 2024» байқауының жеңімпазы болса, Гүлнұр – Ақтөбеде «Үздік дене шынықтыру мұғалімі – 2025» және «Үздік сынып жетекшісі – 2025» төсбелгілерімен марапатталған үздік маман.
Мерейлі отбасы туралы ауылдастарының пікіріне ден қойдық. Қалиевтер әулетінің қоғамдағы, туған ауылындағы беделін олармен иық тіресе, қоян-қолтық араласып отырған көршілерінің шынайы пікірінен анық байқауға болады. Көп жылдан бері сыйластығы үзілмеген көршісі Мәншүк Саденова отбасының қоғамдағы рөлін былай деп сипаттайды: «Бұл отбасы көп жылдан бері берекелі тіршілігімен, өзара сыйластығы мен ынтымағының жарасымдылығымен елге үлгі болып келеді. Отбасы мүшелері адал еңбек етіп, қоғам өміріне белсенді араласып, жастарға өнеге көрсетуде. Отбасында ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлер дәріптеліп, жас ұрпаққа сапалы тәрбие беріліп келеді. Үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық көрсету қағидалары – отбасының басты ұстанымдары. Қалиевтер әулеті көршілері мен ауылдастары арасында өте сыйлы».
Ал Шакизада ананың ақ жаулықты асыл қасиетін, шаңырақтың берекесін ұстап отырған көрегендігін көршісі Мейрімхан Жамалова зор мақтанышпен жеткізді: «Мен Шакизада ауылымыздың аяулы да ардақты көп балалы анасы. Осы анамызға қарап көп нәрсені үйрендік. Отбасының берекелі болуы татулықта десек, бірнеше келін түсіріп, сол татулық пен бірлікті ұстап отырған ақ жаулықты ана. Ұл-қыздары тәрбиелі, ағайынға қамқоршы. Көршілермен тату, қайырымды да қарапайым жан. Сол кісідей болсақ дейміз, үлгі тұтамыз», – дейді ол.
«Жолдасым екеуміз өмірдің талай белесін бірге өткердік. Сол жылдар бізге бір ақиқатты ұқтырды: бақытқа бастар ең сенімді жол – адал еңбек. Заман өзгерер, қоғам жаңарар, бірақ еңбектің қадірі ешқашан жоғалмайды. Еңбек еткен адам берекесін де, абыройын да табады. Сондықтан кейінгі ұрпаққа айтарым, маңдай термен еңбек етуден жалықпаңдар, өйткені еңбектің наны тәтті, жемісі мол», – дейді Шәкизада ана.Расында берекелі отбасы – Мемлекеттің қозғаушы күші. Қазақстанның болашағы мен қуаты осындай қарапайым, бірақ мемлекетке берер пайдасы ұшан-теңіз еңбек династияларында. Қалиевтер әулеті әке өнегесін ардақтап, ананың ақ сүтін ақтаған, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлықтың шынайы мектебі.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА












