Цифрлық дәуірдегі рухани қажеттілік
«Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген нақыл ұлттың рухани өмірінде кітаптың орны ерекше екенін айқын көрсетеді. Адамзат өркениетінің даму тарихына көз жүгіртсек, барлық ұлы жаңалықтар мен ғылыми жетістіктердің негізінде білім мен ізденіс жатқанын көреміз. Ал білімге апарар ең сенімді жолдың бірі – кітап оқу. Дегенмен бүгінгі цифрлық технологиялар қарқынды дамыған кезеңде жастардың кітапқа деген қызығушылығы қандай деңгейде? Бұл сұрақ қоғамды толғандыратын маңызды мәселелердің біріне айналып отыр.
Бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған ақпараттық кеңістікке енді. Интернет, әлеуметтік желілер, түрлі мобильді қосымшалар адамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Қалаған ақпаратты бірнеше секунд ішінде тауып алуға болады. Мұндай мүмкіндіктер білім алуға жол ашқанымен, жастардың кітап оқуға бөлетін уақытын азайтып отырғаны да шындық.
Осы күні жастар бос уақытын әлеуметтік желіде өткізуге бейім. Қысқа бейнероликтер көру, жаңалықтар таспасын шолу немесе ойын ойнау кітап оқудан жеңіл әрі қызықты болып көрінеді. Соның салдарынан ұзақ мәтін оқуға деген төзімділік төмендеп, терең ойлау қабілетіне әсер ететін жағдайлар байқалады.
Алайда кітаптың орнын ешбір технология толық алмастыра алмайды. Себебі кітап тек ақпарат беріп қана қоймайды. Ол адамның ойлау қабілетін дамытады, сөздік қорын байытады, дүниетанымын кеңейтеді және рухани тұрғыдан жетілдіреді. Кітап оқитын адам оқиғаларды саралауға, талдауға және дұрыс шешім қабылдауға бейім болады.
Қазіргі уақытта жастар арасында кітап оқымайды деген пікір жиі айтылады. Бірақ айтылған тұжырымды толықтай дұрыс деуге болмайды. Соңғы жылдары кітап оқуға қызығушылық танытып жүрген жастардың саны артып келеді. Әсіресе әлеуметтік желілерде кітап талқылайтын клубтар, әдеби қауымдастықтар мен оқырман топтары көбейіп келеді. Бұл жастардың кітаптан толықтай қол үзбегенін көрсетеді.
Жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруда отбасының рөлі ерекше. Бала кітапқа деген сүйіспеншілікті ең алдымен отбасында қалыптастырады. Егер ата-анасы кітап оқитын болса, бала да сол әдетті бойына сіңіреді. Егерде үйде кітап мәдениеті қалыптаспаған жағдайда баланың кітапқа қызығушылығы төмен болуы мүмкін.
Педагогтардың айтуынша, кітапқа деген қызығушылық бала кезден қалыптасады. Сондықтан мектеп жасына дейінгі кезеңнен бастап балаларға ертегі оқып беру, бірге кітап қарау және кітапханаға апару маңызды. Осы әдеттер баланың қиялын дамытып қана қоймай, кітаппен дос болуына ықпал етеді.
Мектептің де атқаратын қызметі зор. Білім беру ұйымдары оқушылардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру үшін түрлі әдеби кеш пен кітап көрмелерін және оқырмандар конференциясы мен шығармашылық байқаулар ұйымдастырады. Мұндай шаралар жастардың әдебиетке қызығушылығын оятуға көмектеседі. Кітап оқу адамның сөйлеу мәдениетіне де үлкен әсер етеді.
Қазіргі кезде жастар арасында сөздік қордың жұтаңдануы, ойын нақты жеткізе алмау мәселесі жиі байқалады. Оның бір себебі – көркем әдебиетті аз оқу. Кітап арқылы адам жаңа сөздер үйреніп, сөйлем құрау қабілетін жетілдіреді. Нәтижесінде ойын анық әрі сауатты жеткізе алады.
Кітаптың тағы бір ерекшелігі – адамның қиялын дамытуында. Кино немесе бейнеролик дайын бейнені көрсетеді. Ал кітап оқыған кезде кейіпкерлердің бейнесін, оқиға орнын, табиғатты және басқа да көріністерді оқырман өз қиялында елестетеді. Өз кезегінде ол шығармашылық ойлаудың дамуына ықпал етеді.
Психологтар кітап оқудың адамның эмоционалдық жағдайына оң әсер ететінін айтады. Кітап оқу күйзелісті азайтып, зейінді шоғырландыруға көмектеседі. Сонымен қатар көркем шығармалар адамның жан дүниесін байытып, өзгелердің сезімін түсіну қабілетін арттырады.
Қазақ халқы ежелден сөз өнерін ерекше бағалаған. Жыраулар поэзиясы, шешендік сөздер, батырлар жыры мен халық ауыз әдебиеті ұрпақ тәрбиесінің маңызды құралы болған. Кейін қазақ әдебиетінің классиктері ұлттық сананы қалыптастыруға зор үлес қосты. Сондықтан кітап оқу тек білім алу ғана емес, ұлттық құндылықтарды сақтау жолы да болып табылады.
Жастар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты төмендететін факторлардың бірі – уақыт тапшылығы. Оқу, жұмыс, әлеуметтік желі және басқа да күнделікті міндеттер арасында кітапқа уақыт табу қиынға соғады. Десек те мәселе уақыттың аздығында емес, оны тиімді пайдалануда жатыр. Күніне небәрі жиырма-отыз минут кітап оқудың өзі үлкен нәтиже береді.
Бүгінде электронды кітаптардың таралуы кітап оқуға жаңа мүмкіндік ашты. Смартфон немесе планшет арқылы кез келген уақытта кітап оқуға болады. Әсіресе жастар үшін ыңғайлы. Сондықтан цифрлық технологияны кітаптың қарсыласы емес, көмекшісі ретінде қарастыруға болады.
Әлемнің дамыған елдерінде кітап оқу мәдениетіне ерекше көңіл бөлінеді. Көптеген мемлекетте кітапханалар жастардың бос уақытын тиімді өткізу орталығына айналған. Онда тек кітап оқып қана қоймай, пікірталастарға қатысып, шығармашылық жобалармен айналысуға мүмкіндік бар.
Қазақстанда да кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған жұмыстар атқарылуда. Кітап фестивальдері, әдеби форумдар, ақын-жазушылармен кездесулер және түрлі республикалық байқау ұйымдастырылып келеді. Мұндай шаралар жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Кітап оқу адамның кәсіби дамуына да әсер етеді. Қазіргі еңбек нарығында білімді, ізденімпаз және сыни ойлай алатын мамандар жоғары бағаланады. Мұндай қасиеттердің қалыптасуына кітаптың ықпалы зор. Кітап оқитын адам жаңа ақпаратты тез меңгеріп, өз білімін үнемі жетілдіріп отырады.
Белгілі тұлғалардың өміріне назар аударсақ, олардың көпшілігі кітап оқуды табыстың негізгі құралы ретінде қарастырған. Ғалымдар, жазушылар, кәсіпкерлер мен мемлекет қайраткерлерінің өмірбаянында кітаптың орны ерекше. Сол себепті де кітаптың адамның жеке дамуына әсерін дәлелдейді.
Заманауи жастардың алдында үлкен мүмкіндік тұр. Бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда кітапқа қолжетімділік әлдеқайда жоғары. Қағаз кітаптармен қатар электронды және аудиокітаптар бар. Сондықтан кітап оқуға мүмкіндік жоқ деген сылтау өзектілігін жоғалтып келеді. Олардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру үшін кітапты міндет ретінде емес, рухани қажеттілік ретінде қабылдау маңызды. Әр адам өз қызығушылығына сай кітап таңдауы керек. Біреу тарихи шығармаларды ұнатса, енді бірі психология немесе ғылыми-көпшілік әдебиеттерді оқуға қызығуы мүмкін. Ең бастысы, тұрақты оқу әдетін қалыптастыру.
Кітап оқу мәдениеті қалыптасқан қоғамның интеллектуалдық әлеуеті де жоғары болады. Себебі кітап оқитын азаматтар терең ойлайды, жаңашылдыққа ұмтылады және қоғамдық мәселелерге бейжай қарамайды. Мұндай қоғамда білім мен мәдениетке деген құрмет артады.
Бүгінгі таңда жастарды кітап оқуға шақыру кітапханашылардың немесе мұғалімдердің міндеті емес. Ол отбасының, білім беру мекемелерінің, мәдениет саласының және тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі. Өйткені кітап оқитын ұрпақ елдің ертеңгі интеллектуалдық капиталы.
Қысқасы, цифрлық дәуір кітаптың маңызын төмендеткен жоқ. Қайта оның құндылығын бұрынғыдан да арттырды. Ақпарат көп заманда шынайы білім мен терең ойдың бағасы жоғары. Сол білім мен ойдың бастауы – кітап. Сондықтан жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру және рухани құндылықтарды дәріптеу бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі болып қала береді. Кітаппен дос болған ұрпақ қана білімді, бәсекеге қабілетті және рухани бай қоғам құра алады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА














