Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіл табысу өнерін үйреткен тұлға

Тіл табысу өнерін үйреткен тұлға

Бүгінде өзін-өзі дамыту, жеке тұлғалық өсу және табысқа жету тақырыбындағы кітаптар әлем бойынша миллиондаған данамен сатылып келеді. Алайда осы бағыттың негізін қалаған санаулы авторлардың бірі – Дейл Карнеги. Оның еңбектері жарық көргеніне тоқсан жылға жуық уақыт өтсе де, өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қайта қазіргі заманғы бизнес, менеджмент және психология салаларында кеңінен қолданылып келеді.
Карнегидің ерекшелігі – күрделі ғылыми теорияларды ұсынбады. Керісінше адамдардың күнделікті өмірде кездесетін мәселелеріне қарапайым әрі түсінікті шешімдер іздеді. Оның кітаптарын оқыған адам психология саласының маманына айналмайды. Бірақ адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасаудың қарапайым қағидаларын меңгереді.
Карнегише қарапайымдылық – табысының басты құпиясы неде деген ой әрбірімізді мазалауы мүмкін. Көптеген философтар мен психологтар адамның мінез-құлқын ғылыми тұрғыдан түсіндіруге тырысса, ол өмірдің өзінен алынған мысалдарға сүйенді. Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы көбіне қарапайым ережелерге негізделетінін айтты. Оның пікірінше, кез келген адам құрмет көргісі келеді. Бағаланғысы, маңызды екенін сезінгісі келеді және өзін түсінгенін қалайды. Бұл қажеттіліктер ұлтқа, мамандыққа немесе әлеуметтік жағдайға байланысты өзгермейді. Сондықтан Карнеги адамдармен қарым-қатынастың негізінде сыйластық пен түсіністік жатуы керек деп есептеді.
«Сын айтпаңыз, кінәламаңыз, шағымданбаңыз» Карнегидің ең танымал қағидаларының бірі осы сөздермен басталады.
Қазіргі қоғамда адамдар көбіне өзгелердің қателігін көрсетуге асығады. Әлеуметтік желілерде, жұмыста, тіпті отбасы ішінде де сын айту жиі кездеседі. Алайда Карнеги адамның табиғаты өзін ақтауға бейім екенін атап көрсеткен. Егер адамды үнемі сынай берсеңіз, ол өзгеруге емес, қорғануға тырысады. Ал оның жақсы қасиеттерін байқап, жетістіктерін бағаласаңыз, ол әлдеқайда ынталы болады. Маңызды қағида бүгінгі басқару жүйесінде де кеңінен қолданылады. Бірқатар табысты басшылар қызметкерлерді жазалаудан гөрі ынталандырудың тиімді екенін мойындайды.
Адамның есімі – оның ең жағымды сөзі деп есептеген. Карнеги адамдардың есімін есте сақтаудың маңызын ерекше атап өткен. Адамның өз есімі кез келген тілдегі ең жағымды әрі маңызды сөздердің бірі. Біреудің атын атап сөйлесу, оған деген құрметті білдіреді. Бұл қарапайым әрекет сенім қалыптастырып, қарым-қатынасты жақсартуға көмектеседі.
Бүгінде маркетинг пен клиенттермен жұмыс саласында осы тәсіл кеңінен қолданылады. Себебі адам өзін жеке тұлға ретінде сезінген кезде қарым-қатынас та жылырақ болады.
Тыңдай білу – үлкен өнер деуден жалыққан емес. Көпшілік жақсы сөйлей білуді маңызды деп санайды. Карнеги жақсы тыңдай білудің одан да маңызды екенін айтты. Адамдардың басым бөлігі өздері туралы айтқанды жақсы көреді. Сондықтан әңгімелесушіні мұқият тыңдау оған құрмет көрсетудің ең тиімді жолдарының бірі.
Карнеги: «Жақсы әңгімелесуші болғыңыз келсе, алдымен жақсы тыңдаушы болыңыз» деген.
Алтын қағида бүгінгі психологияда да өз маңызын жоғалтқан жоқ. Себебі адамдардың көпшілігі кеңестен бұрын түсіністікке мұқтаж.
Дауласу арқылы жеңіске жету мүмкін бе? Карнеги дауласудың пайдасынан зияны көп деп есептеді. Дауда жеңген күннің өзінде қарсы тараптың құрметінен айырылып қалуыңыз ғажап емес. Адамдар пікірінің дұрыс екенін дәлелдеуге тырысқанда көбіне эмоцияға беріледі. Сондықтан пікірталаста қарсы адамның ойын құрметтеуді, көзқарасын түсінуге тырысуды ұсынды. Әрине өз пікіріңнен бас тарту деген сөз емес. Бірақ мәселені агрессиясыз талқылау қарым-қатынасты сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Табыстың негізі – адамдармен тіл табысу деп түйсінген Карнеги кәсіби жетістік тек диплом мен білімге байланысты емес деп есептеді. Адамдармен қарым-қатынас жасай білу жұмысқа орналасуға, мансапта өсуге, бизнесті дамытуға және көшбасшылық қабілетті арттыруға көмектеседі.
Бүгінде жұмыс берушілер қызметкерлердің кәсіби білімімен қатар коммуникациялық дағдыларына да ерекше мән береді. Себебі кез келген ұжымның тиімділігі адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасына байланысты.
Карнегидің тағы бір маңызды тақырыбы – мазасыздық пен уайым мәселесі. Ол адамдардың көпшілігі болмаған нәрсе үшін алаңдайтынын айтқан. Оның кеңестерінің бірі – өткенге өкініп, болашақтан қорқудың орнына бүгінгі күнге назар аудару. Бұл идея қазіргі психологиядағы «осы сәтте өмір сүру» қағидасына жақын келеді.
Карнеги адамның назарын мәселенің өзіне емес, оны шешу жолына бағыттауды ұсынған. Неліктен оның кітаптары әлі күнге дейін оқылады? Әлемде мыңдаған мотивациялық кітап бар. Бірақ Карнегидің еңбектері бірнеше ұрпақ бойы оқылып келеді. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, оның кеңестері уақытқа тәуелді емес.
Екіншіден, олар қарапайым әрі түсінікті.
Үшіншіден, ұсынылған қағидаларды күнделікті өмірде қолдануға болады. Мысалы, адамдарға шынайы қызығушылық таныту, жақсы тыңдай білу, мақтауды орынды пайдалану сияқты әрекеттер бүгін де өзекті.
Карнеги идеяларының әлсіз тұстары да бар. Өйткені оның көзқарастары мінсіз емес. Кейбір психологтар оның әдістері барлық жағдайда бірдей жұмыс істемейді деп есептейді. Мәселен, күрделі психологиялық мәселелерді немесе ауыр эмоционалдық жарақаттарды тек позитивті ойлау арқылы шешілмейді.
Сонымен қатар кей жағдайда адамдармен қарым-қатынаста тек сыпайылық жеткіліксіз болады. Кейде нақты шекара қою, талап ету немесе қатаң шешім қабылдау қажет. Сондықтан Карнегидің кеңестерін өмірдің барлық мәселесінің әмбебап шешімі ретінде емес, қарым-қатынас мәдениетін жақсартуға арналған құрал ретінде қарастырған жөн.
Дейл Карнегидің басты еңбегі – адамдарға қарым-қатынастың күшін түсіндіруінде. Ол табыстың негізінде тек ақыл мен білім емес, адамдарды түсіне білу қабілеті де жатқанын көрсетті.
Бүгінгі цифрлық дәуірде технология қаншалықты дамыса да, адамдар арасындағы сыйластық, сенім және түсіністік өз құндылығын жоғалтпайды. Ал Карнегидің идеялары дәл осы қасиеттерді дамытуға бағытталған. Сондықтан да «Достарды қалай табуға және адамдарға ықпал етуге болады» және «Уайымдауды қойып, өмір сүре бастаңыз» еңбектері ондаған жыл өтсе де оқырманын жоғалтқан жоқ. Өйткені адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасау өнері ешқашан ескірмейді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
16 маусым 2026 ж. 37 0

Қауіпке қарсы қалқан

16 маусым 2026 ж. 40

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930