Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ән әлемінде Әбуовтер

Ән әлемінде Әбуовтер

Қиындығы мен қызығы мол өнер жолын жанына серік еткен жандардың қатарында Ақтан батыр ауылындағы Әбуовтер отбасы да бар. Отағасы Жұбаназар Әбуов аудан жұртшылығына аты таныс термеші, әрі күй мен жырдың да шебер орындаушысы. Ал, отанасы Ұлмекен Сансызбай ұзақ жылдар бойы мәдениет саласында еңбек етіп келе жатыр.

Жуырда Ақтан батыр ауылында болып, Ұлмекен Қожаққызы басқаратын ауылдық клуб жұмысын көріп, өнерлі отбасының тыныс-тіршілігімен таныстық. Алдымен клуб үйі бөлмелерін кабинеттерін аралап, қабырғадағы ілулі тұрған өнерпаздардың жеткен жетістіктеріне көз жүгірттік. Мекеме меңгерушісі арнайы жинақталған фотоальбомдар арқылы клубтың құрылғаннан бергі тарихымен таныстырды.
Әңгімеміз одан әрі өнерлі отбасы мүшелеріне қарай ойысты. Жастайынан өнерге құмартып өскен Жұбаназар Әбуұлы домбыра аспабын еркін меңгерген. Құлақ құрышын қандырып күй тартып, төгілтіп терме орындайтын өнерлі азамат түрлі ансамльдердің құрамында өнер көрсеткен. Ол бірнеше сахналық қойылымда да рөлдерді сомдап, актерлік қырынан да танылған. Бүгінде Қазалы қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында мәдени ұйымдастырушы болып істейді.


Ал, жұбайы Ұлмекен Қожаққызы Жетісай қаласындағы мәдени-ағарту техикумын «Халық аспаптары оркестрінің жетекшісі және клуб қызметкері» кваливикациясын алып шыққан. Ол да домбырада еркін ойнайды. Ансамбльдер құрамында шіберлігін шыңдап, сахналық қойылымдардың бел ортасында жүрді. Жолдасы Жұбаназармен дуэт орындап, халық қошеметіне бөленді. 1986 жылы XXII партсеъезд атындағы совхозда жаңадан ашылған клуб үйіне отбасымен жұмысқа шақырылып, сол өнер ордасындағы үйірменің жетекшісі болды. Бұдан соң Ақтан батыр ауылындағы ән-әуез мектебінде домбыра аспабының мұғалімі, бір жылдан кейін аталған мектептің директорлығына тағайындалды. Бұл мектеп жабылуына байланысты Қожабақы ауылындағы мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып қызметін жалғастырды. Одан кейінгі еңбек жолы Майдакөл ауылдық клуб меңгерушісі болып жалғасқан Ұлмекен 2014 жылдан бері Ақтан батыр ауылдық клубының меңгерушісі. Аудандық әжелер ансамблі құрамында өнер көрсетеді.


Өнер жолы табыстырған Жұбаназар мен Ұлмекеннің ынтымағы жарасқан отбасында төрт ұл дүниеге келді. Олардың үлкені Елеу заңгерлік мамандықты таңдаса, Ақниет, Айниет есімді егіздер мен шаңырақтың кенжесі Жалғас ата-ана жолын жалғастыруда. Ақниет пен Жалғас облыс көлеміне танымал «Жанкент» квартетінің белді мүшесі. Бұл отбасы түрлі деңгейдегі отбасылық байқауларда топ жарып, бірнеше жүлдені қанжығалады. Жекелген марапаттары өз алдына. 2008 жылы аудандық «Өнегелі отбасы – ұрпақ қазынасы» атты сайыста «Өнерлі отбасы» номинациясын алды. Облыстық «Отбасы – алтын діңгек» және «Мерейлі отбасы» байқауларында екінші орынды иеленген.
Ұлмекен Қожаққызы бізбен әңгіме барысында: «Өнер жолы оңай емес. Ол төзімділікті талап етеді. Отбасы тірлігімен қатар өнерді де өрге сүйрей білдік деп ойлаймын. Балаларымыздың талабы мен ынтасы зор. Қазір немерем Бекзат та ән айтып жүр.

Халық іздеп, өнерімізді бағалап жатады. Біреуге керек болу – үлкен бақыт. Жуырда Әбуовтер отбасының есепті концертін берсек деген ниетіміз бар», – деп жоспарымен бөлісті.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
talapbaeva_u@mail.ru
11 желтоқсан 2018 ж. 1 201 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031