Қауіпке қарсы қалқан
Аймақтың аумағы кең. Ал елді мекендер мен шалғайда жатқан ауылдағы қауіпсіздік мәселесі – көптен бері халықты толғандырып келе жатқан тақырып. Өрт шықса, алыстан жететін көмек кешігіп, талай үй мен қора-қопсы отқа оранып жататыны жасырын емес. Дабылын соғып, суын арқалап келетін өрт сөндірушілерді күтемін дегенше лаулаған алау лап етіп бір сәтте бәрін көкке ұшырады.
Мемлекеттік өрт сөндіру бөлімдері үлкен қалалар мен аудан орталықтарында, бұрын аудан орталықтары болған ірі елді мекендерде орналасқан. Көптеген елді мекен қажетті техникалармен жарақтанған мемлекеттік өрт сөндіру бөлімдерінен шалғайда жатыр. Төтенше жағдай болған кезде сол жерлерге өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамдары мен техникаларының жедел жетіп, тілсіз жауды дер кезінде бұғалықтауына қиындық туғызады. Соған орай соңғы жылдары аудан орталығынан алыс орналасқан елді мекендерде мемлекеттік емес өрт сөндіру бекеттерін құру мәселесі қолға алынған еді.
Жақында аудандағы Жанқожа батыр ауылында ауылдық елді мекендерде ерікті өрт сөндіру жүйесін нығайту мақсатындағы «Ауыл құтқарушысы» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды.
Жаңа бекеттің ашылуына Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, аудан әкімі Алмасбек Есмаханов және азаматтық қорғау саласының қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Шарада ауданға арнайы жұмыс сапарымен келген Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов елде «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында салынып жатқан бекеттер жайында сөз қозғап, саланың дамуына көрсетіліп жатқан қолдауларды атап өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Бахыт Дүйсенұлы ауыл тұрғындарын жаңа бекеттің ашылуымен құттықтады. Төтенше жағдайлардың алдын алудағы, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өрт сөндіру бекеттерінің маңыздылығын жеткізді.
– Сыр өңірінде Президенттің, Үкіметтің тапсырмасымен азаматтық қорғау саласын жетілдіруге, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын күшейтуге, материалдық-техникалық базасы мен кадрлық әлеуетін арттыруға айрықша басымдық берілуде. Арал мен Қазалының Қамыстыбас, Жанқожа батыр ауылдарында өрт сөндіру пункттерін ашудамыз. Жалпы төтенше жағдайдың алдын алып, адам өмірін құтқару – жоғары әрі жауапты миссия. Елдің амандығы, қоғамның тыныштығы үшін өз өмірін қатерге тігу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Осы салада аянбай еңбек етіп жүрген қызметкерлерге барша Сыр жұртшылығының атынан зор алғысымды білдіремін! Жаңадан табыстағалы тұрған заманауи техникалар ел игілігіне қызмет ете берсін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Одан соң ауыл ақсақалы Қожас Медеубаев ауыл халқының игілігі үшін жасалған жұмыстарға алғысын айтып, ақ батасын берді. Өрт сөндіру бекетінің ашылу рәсімінде ауылдың өсіп-өркендеуі мен өрт сөндіру бекетінің ашылуына атсалысқан және салада жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар азамат ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің Грамотасы мен Алғысы және облыс әкімінің Алғыс хатымен марпатталды.
Шарада қонақтар мен ауыл тұрғындары жаңа өрт сөндіру бекетінің ішін аралап, техникалық мүмкіндіктерімен танысты. Ғимарат барлық қажетті құрал-жабдықтармен, 1 дана жаңа өрт сөндіру көлігімен, қызметкерлердің жатын және асхана бөлмесімен қамтамасыз етілген. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы негізінде Жанқожа батыр ауылындағы ашылған жаңа бекет көршілес Ақтан батыр ауылы мен бірқатар елді мекенді, жалпы 3000-нан астам тұрғындарды өрт қауіпсіздігімен қамтамасыз етпек.
Айта кететін жайт, ауданда Төтенше жағдай саласында бұған дейін де ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Былтыр желтоқсан айында «Ауыл құтқарушысы» бағдарламасы аясында Ақсуат ауылында өрт сөндіру бекеті ашылған болатын. Соңғы 2 жылда ауданға қарасты Қызылқұм, Майдакөл және Аранды ауылдық округтеріне өрт сөндіруші 3 техника табысталса, аудан орталығындағы өрт сөндіру мекемесінің 3 техникасы жаңартылған.
Бүгінде елді мекендер бойынша Қызылқұм, Аранды, Майдакөл ауылдық округтері арнайы өрт сөндіру автокөліктерімен қамтылған. Жыл басынан бері ауданда 13 өрт оқиғасы орын алып, былтырғы жылмен салыстырғанда 1 өрт оқиғасына азайған. Орын алған оқиға орындарына құтқарушылардың дер кезінде жетіп, нәтижелі жұмыс атқаруынан ешқандай қайғылы жағдайлар орын алмаған. Өрт оқиғаларынан 10 тұрғын үй мен басқа да нысандар құтқарылған. Ал «Ауыл құтақарушысы» бағдарламасы аясында ауданда ашылған өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері 1 өрт және 10 жану оқиғасына қатысқан.
Ең бастысы, енді кез келген оқыс оқиға кезінде мамандардың көмекке келу уақыты еселеп қысқарды. Бұрынғыдай аудан орталығынан көлік күтудің қажеті жоқ. Құтқарушылар енді әрбір минутты тиімді пайдаланып, жалынды бастапқы кезеңінде-ақ ауыздықтауға қауқарлы.
Айнұр ӘЛИ















