Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тері илеуді игерген

Тері илеуді игерген

Аранды ауылы Сырдария өзенінің батыс жақ жағалауында қоныс тепкен. Мұнда еңбекқор әрі қол жұмысына ебі бар жандар көптеп жолығады. Соның бірі – осы аумақтың тумасы Қажығали Сырғалиев десек артық айтқандық емес.
Бүгінде Қажекең Аранды­дағы ауылдық клуб мең­герушісі қызметін атқарады. Ол еңбек пен өнерді ерекше бағалайды. Тоғызын­шы сыныпты бітіре сала жасынан ауыл шаруашылығына араласып, күріш егумен айналысқан. Қоғамдық жұмыстағы белсенділігінің арқасын­да сол кездері комсомол ұйымының хатшысы, ауылдық совет депутаты, ком­мунистік партия мүшесі болды. Забайкальеде әскери борышын өтеген оның қазір аға лейтенант шені бар. “Жігітке жеті өнер де аз” дегендей, Қажекең музыкалық аспаптардың барлық түрінде ойнайды. Бұдан бөлек он бес жылдан аса уақыттан бері тері илеп, құлақшын тігумен айналысып, атакәсіпті жаңғыртуға атсалысып келеді.
“Бұл іске айрықша қызығушылық танытқаным соншалық, қазір сүйікті хоббиіме айналды. Тері илеуді өздігімнен ізденіп үйрендім. Алғашында икемге келмей, кейін қолым жаттыққан соң ыңғайға көніп, ойдағыдай шыға бастады. Уақыт өте құлақшын тігетін балдызымнан үлгісін көріп, иленген теріден бас киім пішуді де меңгердім. Қожабақылықтар мен көрші ауылдың тұрғындары аңшылық үстінде ұстаған дәусемен мен түлкі терісін илеп беруімді сұрайды. Кейбірі құлақшын тіккізеді. Жақында бас киімнің біреуін алыстағы Ақтауға жөнелттім”, – дейді Қажығали Жұмамұратұлы.
Оның айтуынша, әрбір терінің өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, дәусемен мен түлкінікін жарты сағатта илеуге болады. Ал түз тағысы қасқырдікі өте қалың болғандықтан оның иін келтіру үшін біршама тер төгу керек. Теріні илеп, дайындауға кемі бір аптаға жуық уақыт кетеді. Тері илеушілердің түрлі әдістері бар көрінеді. Бірі әкпен илесе, екіншісі тұзбен иін келтіреді екен. Ал арандылық Қажығали аға тері илеуге айран қолданады.
Бір қызығы тері илеу үшін алдымен «малма» деп аталатын сұйық зат даярланады. Ол үшін ұйыған айранды мата дорбаға құйып, аузын байлап, астына ыдыс қойып, іліп қояды. Сонда айран сүзіліп, сары суы ыдысқа жиналады. Алынған суға ұн, кебекті қоса араластырып, ашытады. Мұны малма дейді. Осыған теріні салып, бетін қақпақпен жауып, үстінен таспен бастырып тастайды. Сосын оны күніне үш-төрт рет аударып отырады. Жиі сапсытып отырмаса, теріге толық сіңбей, əр жері көкаязданып, қатқыл болып қалады. Ондай жағдайда үстемелеп ұн, кебек, сары су қосып, теріні тағы да біраз уақыт малмаға салады.
– Өнімді жылырақ жерге қойып, жиі-жиі аударыстырып, идің жақсы сіңуін қадағалаймын. Ол қалыңдығына қарай малмада шамамен 10-15 күндей жатады. Оның иі қанғанын білу үшін түгі жағынан ұстап, тартып көру қажет. Жақсы иі сіңген терінің түгі түбінен ағарып жарылады. Немесе теріге тебен ине шаншығанда жеңіл сұғылса, оның иі қанғаны. Бұдан соң теріні малмадан шығарып, көлденең ағашқа жайып, суын сорғыту керек. Сəл дегдіген теріні жұмыр ағашқа асып қоямын. Қырғымен қырып, жайлап иін мен түгін және шелін аламын. Иі қанып ісінген тері тазарғанымен, шикілігі білініп тұрады. Бұдан кейін міндетті түрде керіп қойып, аязға сорғызуға тура келеді. Мұны «аязға пісіру» дейді. Оншақты күн аязда тұрған тері аппақ болып ширағанда үйге кіргізіледі. Кепкеннен кейін талқыға салынады, – деп сөзін түйіндеді Қажығали.
Жалпы талқыдан шыққан теріден, үзеңгі бау, қамытқа құлақбау сынды түрлі пайдалы дүниелер жасалынған. Сондай-ақ жүген, қамшы, шылбыр, тағы басқа да тұрмысқа қажетті заттар өруге болады. Қажығали Сырғалиев қамшы өріп, үзеңгі бау жасамағанмен құлақшын тігуден бөлек үй тұрмысында киетін аяқ киім мен қолғап тігуді де шебер меңгерген.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

26 ақпан 2019 ж. 2 297 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930